«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАНДЫАҒАШ: АЛТЫ АЙДА ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛДЫ?

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚАЗБЕК АҚҚАЙЫР ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАР АЛДЫНДА АЛТЫ АЙДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП БЕРІП, АЛДАҒЫ УАҚЫТҚА ҚҰРЫЛҒАН ЖОСПАРЛАРМЕН БӨЛІСТІ. ҚАЛА БОЙЫНША ТӨРТ ЖЕРДЕ ӨТКІЗІЛГЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУЛЕРГЕ АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ ҚАТЫСЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ ЖАУАП БЕРДІ. ТОЛЫҒЫРАҚ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…

«САМАЛ» МӨЛТЕК АУДАНЫНАН СУАҒАР САЛЫНДЫ

Қала әкімінің есебінде Қандыағаш қаласы «Самал» шағын ауданы 6-7 кварталдарынан суағар құрылысы жүргізіліп, бүгінде салынып біткені белгілі болды. Ұзындығы 253 метрді құрайтын суағардың құрылысына бюджеттен 66 млн 124 мың теңге бөлінген. Ал құрылыс жұмыстарын «АСУ-К» ЖШС-і жүргізген.

-«Финский» мөлтек ауданынан осы жылы салынған бес көшенің бойынан суағарлар салынды. Құрылыс жұмыстарын «Гарант Строй Астана» ЖШС-і жүргізді. Сонымен бірге Ж.Жабаев және Н.Қаржаубаев көшесіндегі автомобиль жолының бойында жаңбыр мен еріген суды бұру үшін нөсер кәрізін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қала аумағындағы «Жаңақоныс» шағын ауданында және Н.Байғанин, С.Сейфуллин, Ж.Жабаев, С.Шынтасов көшелерінде суағар құбырлары жаңартылды, — деді қала әкімі Қазбек Аққайыр.

ТОҒЫЗ ҮЙДІҢ АУЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛДЫ

Жиын барысында қала әкімі Қазбек Аққайыр жаз айларында қала бойынша жалпы саны тоғыз үйдің ауласы абаттандырылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бүгінгі таңда Қандыағаш қаласында жалпы саны 120 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 30 пайызы ғана абаттандырылған. Атап айтатын болсақ, соңғы бесжылдықта «Финляндия» мөлтек ауданы Байкунов көшесіндегі №69, 70, 71, Шынтасов көшесіндегі №3, Жамбыл көшесіндегі№74, 75, «Достық» мөлтек ауданындағы №14, 23, 24, 25, «Жастық» мөлтек ауданы №37а, 37б, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 44, 45, 46, 80, 81, 78, 6, 7, 3, 10, «Самал» мөлтек ауданындағы №49 және жаңадан салынған 3 қабатты тұрғын үйлерінің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңы жасалған. Ал осы жыл «Достық» мөлтек ауданы №20, 21 тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға 67 млн 923 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын жүргізу жауапкершілігін «Регион-Сервис-Актобе» ЖШС-і алып, бүгінде жұмыстарын толық аяқтаған. Ал «Жастық» мөлтек ауданындағы №11 көпқабатты тұрғын үйге 52 млн 228 мың теңге бөлінген. Абаттандыру жұмыстарын «Қалау+» ЖШС-і атқарды. «Жастық» м/а №5, 9 көпқабатты тұрғын үйлердің де аулаларын абаттандыру жұмыстарын «Регион-Сервис Актобе» ЖШС-і 57 млн 432 мың теңгеге жүргізген.

Бүгінде абаттандырылып жатқан үйлердің қатарын «Жастық» мөлтек ауданы№16, 17, 18, 19 көпқабатты тұрғын үйлері толтырады. Құрылыс жұмыстарын «KDC CONTRUCTION» ЖШС-іжүргізуде. Құрылыс жұмыстары толық аяқталмады. Ал алдағы уақытта Ж.Жабаев көшесіндегі №68, 69, 70, 71 үйлерге апаратын жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұл жоба үшін бюджеттен бөлінген қаржының көлемі — 199 млн 417 мың теңге. Абаттандыру жұмыстарын «Стройсервисплюс» ЖШС-і атқарады, — деді ол.

Қала әкімі 2025 жылы «Жастық» мөлтек ауданы№40, 41және «Достық» мөлтек ауданы №13 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Аталған үйлердің аулаларын жөндеу үшін мердігер мекемелер анықталған. «Жастық» мөлтек ауданы №40, 41 көпқабатты үйлердің ауласын жөндеу жұмыстарын «ЕРКЕНиК» ЖШС-і жүргізсе, №13 көпқабатты тұрғынге «Техно.С» ЖШС-і жүргізеді.

2000 МЕТРГЕ ЖУЫҚ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ ЖОЛЫ САЛЫНДЫ

Алты айда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндаған қала әкімі аудан орталығы Қандыағаш қаласында 1942 метр жерге жаяу жүргіншілер жолының салынғанын жеткізді. Оның сөзінше, қала бойынша төрт жерде жаяу жүргіншілер жолы салынды. Олар — «Спартак» дүкенінен «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасына дейінгі аралық, «Достық» мөлтек ауданы №14 үйден «Ақтөбе-Атырау» тас жолына дейінгі аумақ, Н.Қаржаубаев көшесі және А.Жұмағалиев көшесінен «Горгаз» аялдамасы, яғни «Тәуелсіздік» даңғылына дейінгі жер.

-«Спартак» дүкенінен бастап, «Қарлығаш» бөбекжай бақшасына дейінгі аралыққа және Н.Қаржаубаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары толығымен аяқталды . Аталған жұмыстарды «KDC Construction» ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 44 млн 421 мың теңге бөлінді. Сонымен бірге «Достық» мөлтек ауданы №14 үйден бастап, «Ақтөбе -Атырау» тас жолына дейінгі жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды. Құрылыс жұмыстарына 5 млн 63 мың теңге бөлінді. Ал жүргіншілер жолын салуды «N Строй Сервис» ЖШС-і жүргізді. А.Жұмағалиев көшесінен «Горгаз» аялдамасына дейінгі аралыққа тротуар салуға бюджеттен 22 млн 702 мың теңге бөлініп, жол салу жұмыстарын «ALI Group ST» ЖШС-і толық аяқтады. Сонымен бірге «Жастық» мөлтек ауданы №6, 7, 10 үйлердің кіреберісіне де жүргіншілерге арналған арнайы тас жол төселді, — деді қала әкімі.

Ол алдағы уақытта жаяу жүргіншілер жолы салынатын қала аумағындағы бірқатар аймақтарды атап өтті. Атап айтатын болсақ, Е.Баймұхамбетов көшесінен «Астана» скверіне дейін, №5 мектепаумағынанА.Қалиевкөшесіне дейін және С.Сейфуллин көшесінен «Ақтөбе-Қандыағаш» тас жолына дейін, «Тәуелсіздік» даңғылынан Ақтөбе-Астрахань тас жолына және Н.Орынбасаров көшесіне дейінгі жерлер. 2025 жылы ауласы абаттандыралатын нысанның бірі – аудандық аурухана ауласы. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталған. Абаттандыру жұмыстарын «ЕРКЕН и К» ЖШС-і жүргізеді.

ЖАРЫҚ ҚАЛА – ҚАУІПСІЗ ҚАЛА

Жиында қала әкімі 40 мыңға жуық тұрғыны бар Қандыағаш қаласының көшелерін жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл мәселе қандыағаштықтардың да тарапынан жиі көтеріледі екен. Ол Финляндия мөлтек ауданы Ю.Гагарин көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің маңына демеушілікпен жарықшамдар орнатылғанын, сонымен бірге Степная көшесіне 16 бағана қойылып, 20-дан астам жарықшам орнатылғанын айтты.

Қала көшелерінде жарықшамдардың көп болуы – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сол себепті қаланы толығымен жарықтандыруды қолға алып жатырмыз. Атап айтатын болсам, Алтынды, С.Торайғыров, А.Иманов, Жаңаталап, Желтоқсан, Жасұлан көшелері және “Жастық” мөлтек ауданы №21, 29 30, 31, 44, 45, 80, 81, “Достық” мөлтек ауданы №24, Т.Байкунов көшесі №69, 70, 71, Ж.Жабаев көшесі №10 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары заманауи жарықшамдармен жарықтандырылды. Сондай-ақ «Болашақ» шағын ауданына қосымша трансформатор орнатылды. 2024 жылдың соңына дейін қосымша «Жастық» м/ а №1, 4, 5, 9, 20, “Достық” м/а №20, 21 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары және Ж.Жабаев, А.Байтұрсынов көшелеріне жарықшамдар орнатылады, — деді ол.

Сондай-ақ ол бүгінде «АқтөбеҚандыағаш» тас жолы бойында орналасқан Н.Орынбасаров, Бейбітшілік, Бұлақты көшелерінің электр жүйесін ауыстыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл жұмыстарды «Нәби Альянс ЛТД» және “Интер Электро Комплект” ЖШСтері жүргізуде.

ТЕРМОЖАҢҒЫРТУ – ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Терможаңғырту» бағдарламасы келер жылы да жалғасын табады. Есептік кездесу барысында аталған бағдарлама бойынша қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеуден өтетіні белгілі болды.

2025 жылы терможаңғырту бағдарламасымен жөнделетін үйлердің қатарын дағы «Достық» мөлтек ауданы №13, 20 және «Самал» мөлтек ауданы №49 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары жөнделеді. Бүгінде жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер анықталды және қажетті қаржы да бөлінді. Бірақ тұрғындармен ақылдаса келе жаз мезгілінде жасағанды жөн деп шештік. «Достық» мөлтек ауданы №13 үйді жаңғырту жұмыстарын «Байлық-проект» ЖШС-і жүргізеді. Бұл үйге бөлініп тұрған қаржының көлемі — 53 млн 226 мың теңге. Ал «Достық» мөлтек ауданындағы 300-ге жуық тұрғыны бар №20 көпқабатты тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстарын «Сабырлы» және «Топ Проект» ЖШС-і өз жауапкершіліктеріне алды. Құрылыс жұмыстарына 174 млн 501 мың теңге бөлінді. «Самал» мөлтек ауданы №49 көпқабатты тұрғын үйді терможаңғыртудан өткізу үшін 63 млн 604 мың теңге қарастырылып отыр. Бұл үйлердің шатырлары, подъездерінің қалқалары, қабырға сылақтары және электр желісі қалқандары жаңартылатын болады, — деді ол.

Сондай-ақ ол терможаңғырту жұмыстары алдағы уақытта жалғасатынын айтты. Айталық, бүгінде «Жастық» мөлтек ауданы№48, 49А, 39А, 40, 49Б көпқабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрғанын, ал «Жастық» мөлтек ауданы №14 және Ж.Жабаев көшесі №70 көпқабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқанын жеткізді.

«ФИНСКИЙ» МӨЛТЕК АУДАНЫНДА БЕС КӨШЕ САЛЫНДЫ

Қандыағашта 5 шағын аудан мен 64 көше бар. Қала әкімі қалаішілік жолдардың жалпы ұзындығы 101,4 шақырымды құрайтынын, бірақ олардың көпшілігінің сапасының сын көтермейтінін тілге тиік етті. Осындай олқылықтарды жою үшін соңғы уақытта жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.

Осы жылы «Финский» мөлтек ауданында жалпы саны бес көшеге асфальт төселді. Олар — Б.Майлина, О.Өмірбаев, І.Жансүгіров, К.Ахметова және Теректі көшелері. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Гарант Строй Астана» ЖШС-і жүргізді, — деді Қазбек Аққайыр.

Оның сөзінше 2025 жылы Е.Баймұхамбетов, Есет Көтібарұлы, Алтынды көшелерімен Ж.Жабаев көшесіндегі №68, 69, 70, 71 үйлерге апаратын жолдың көшелері және «Жеңіс» даңғылы бойындағы жолды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен бірге аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесе отырып, «Самал» мөлтек ауданы №7,8 кварталда, «Болашақ», «Жаңақоныс» мөлтек аудандарында, «Достық» мөлтек ауданында, Б.Момышұлы, Астана, Алматы, М.Анешов, Жем, Жаңаталап, Н.Орынбасаров, Бейбітшілік, Көктөбе, Еңбекту көшелерінде және «Елек» тұйығына автомобиль жолдарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Ал Н.Байғанин, Есет-Батыр, А.Қалиев, Ж.Жабаев көшелерін орташа жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде.

ЖАЙЛЫ МЕКТЕП КЕЛЕР ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Кездесуде қала әкімі қала аумағында салынып жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарына тоқталды. «Финский» мөлтек ауданында бой көтеріп жатқан жайлы мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі. 600 орындық нысанның құрылыс жұмыстарына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқаты қоры 862 млн 49 мың теңге қаржы бөлген. Құрылыс жұмыстарын «ANTARIUM GROUP» ЖШС-і жүргізуде.

Мектептің құрылыс жұмыстары – қарқынды. Бүгінде ғимараттың 3-ші қабаты көтеріліп, өзге де жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге мектеп жанынан Алтынды, С.Сейфуллин, Р.Қошқарбаев көшелерін қамтитын үш бағыттағы айналма жолдың құрылысы үшін топырақтар төселіп, нығыздау жұмыстары жүргізілді. Ал «Самал» мөлтек ауданында салынып жатқан мектептің құрылысына жауапты мердігер мекеме жауапсыз деп танылып, ісі сотқа жіберілді, — деді қала әкімі.

Сонымен бірге осы жылы қала аумағындағы «Күншуақ» және «Самал» бөбекжай-бақшалары күрделі жөндеуден өткен. «Күншуақ» бөбекжай-бақшасын күрделі жөндеуге бюджеттен 308 млн теңге, ал «Самал» бөбекжай-бақшасын күрделі жөндеуден өткізуге 250 млн теңге бөлінген.

ҚАЛА АУМАҒЫНА 2000 ТҮП ТАЛ ЕГІЛДІ

Қала әкімі қала аумағында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жұмыстардың жүйелі атқарылып жатқанын мәлімдеді. Апта сайын мемлекеттік қызметшілер мен қала тұрғындарының қатысуымен сенбілік жұмыстар жүргізіліп, суағарлар тазартылып, жиналған күл-қоқыстар арнайы полигонға шығарылған.

Қала тазалығы – басты назарда. Көпқабатты үйлердің жанына қойылған қоқыс контейнерлері жаңартылып, қаттытұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 15 орын қоршалды. Қала аумағындағы жүйесіз өскен 100 түп тал кесілді. Қала тұрғындарын туған қаламызды таза ұстауға шақырамын. Тазалық өзімізден басталатынын айтқым келеді, — деді ол.

Сондай-ақ ол қала аумағын абаттандыру бойынша жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айталық, «Тәуелсіздік» даңғылы бойына және «Батырлар» саябағына ұзындығы 1000 метр болатын жасыл желек және «Самал», «Болашақ» мөлтек аудандарына, С.Сейфуллин көшесіндегі саябаққа жалпы саны 2000 түп тал отырғызылған. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Тәуелсіздік» даңғылына, А.Жұбанов, Б.Майлин, Н.Байғанин, Теміржолшылар, С.Сейфуллин көшелеріне және “Самал” м/а 6 кварталға жасанды жол кедергісі орнатылған.

Тұрғындарды не толғандырады?

Жамбыл көшесі, №70 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары:

Біз тұратын көпқабатты тұрғын үйдің жағдайы сын көтермейді. Жаңбыр жауса, төбемізден су кетеді. Осы мәселені көп уақыттан бері көтеріп келеміз. Бүгінгі дейін шешімі әлі табылмады. Үй төбесінде тал өсіп, кірпіштері шытынап тұр. Бір күні құлап, біреудің басына түспеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз.

Дархан ЕРМАҒАНБЕТОВ, аудан әкімі: —

-Сіздер тұратын үйдің жағдайынан хабардармын. Мәселені шешуге тырысып жатырмыз. Тұрғын үйлерді жаңғыртуға байланысты бірнеше мәрте Астанаға барып, келіссөздер жүргіздік. Осы көктемде орын алған төтенше жағдайға байланысты қаржы бөлуді тоқтатып тастаған еді. Соған қарамастан №70 көпқабатты тұрғын үйді «Термо жаңғырту» бағдарламасы арқылы жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөліп, жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз, ол бүгінде сараптамадан өтуде. Қаржы бөлінуін қадағалап, мәселені шешуге мұрындық боламын.

Гүлбаршын ЫСҚАҚОВА, «Азат» меншік иелері бірлестігінің иесі:

— Соңғы жылдары көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып жатқанын көріп жүрміз. Дегенмен «Жастық» мөлтек ауданы №29 көпқабатты тұрғын үйдің ауласының жағдайы сын көтермейді. Аулаға адамның да, көліктің де кіріп-шығуы мүмкін емес.

Қазбек АҚҚАЙЫР, Қандыағаш қаласының әкімі:

— Тұрғын үйлерді жаңғырту, аулаларды абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Сіз айтып отырған №27 көпқабатты тұрғын үйдің де ауласы алдағы уақытта абаттандырылатын болады.

Жастық мөлтек ауданы №18 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғыны:

Біз тұратын тұрғын үйдің ауласында басталған абаттандыру жұмыстары осы уақытқа дейін бітпеді. Тұрғындардың кіріп-шығуына кедергі келтіруде. Бұл қай уақытқа дейін жалғасады. Сондай-ақ ауламызға төселіп жатқан асфальттың сапасы сын көтермейді. Жаңбыр жауған күні көтеріліп, үгіліп жатыр. Жасалып жатқан жүмысқа көңіліміз толмайды. Бұны қадағалайтындар бар ма?

Қазбек АҚҚАЙЫР, қала әкімі:

— Иә, айтып отырғаныңыз дұрыс, мердігер мекеме жұмыстар осы жылдың аяғында аяқталады деп жоспарлауда. Біздің де тап осы аулаға жауапты мердігер компанияның жұмысына көңіліміз толмайды. Бұл мекеме өздері салған аулаға бір жылға кепілдік береді. Егер сапасы нашар болып, осы қыста бүлінетін болса, өздері дұрыстап жасап беретін болады. Бұл мәселе — біздің назарымызда.

Т.Айбергенов көшесінің тұрғындары:

— Біз «Самал» мөлтек ауданы Т.Айбергенов көшесінде тұрамыз. Біздің көшеде жол жоқ. Жаңбыр жауған уақытта көшеміз ми-батпаққа айналып, үйімізге кіріп-шығуымыз үлкен мұң болады. Одан қалды, басымыз ауырып, балтырымыз сыздайтын болса, жедел-жәрдем көлігі үйімізге келе алмайды. Бұл мәселені айтып келе жатқанымызға да бірнеше жыл болды. Бірақ шешімін әлі таппады.

Дархан ЕРМАҒАНБЕТОВ, аудан әкімі:

— Бұл көшеге бүгін-ертең асфальт жол салып береміз деп уәде бере алмаймыз. Келер жылы жолға қиыршық тас төсеп беруді жоспарлап отырмыз. Биыл қала бойынша бірнеше көшеге асфальт төселді. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Біз шамамыз келгенше, халыққа жайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз және жасайтын да боламыз.

«Жастық» мөлтек ауданы, №17 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғыны:

— Біз тұратын аулада бірнеше көпқабатты тұрғын үй бар. Соған сай тұрғындардың да саны көп. Айтайын дегенім, сол жердегі бірнеше үй үшін бір жерге ғана қоқыс жәшіктері қойылған. Сол себепті қоқыс жәшіктері тез толып кетеді және жан-жағы шашылып қалады. Осы мәселені қолға алсаңыздар.

Қазбек АҚҚАЙЫР, қала әкімі:

— Иә, бұл мәселеден хабардармын. Алдағы уақытта аталған үйлерге жеке-жеке қоқыс жәшіктері қойылады. Сол уақытта мәселе өз шешімін табатын болады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ТӨРТ ТҮЛІККЕ ЕКПЕ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

МҰНАЙШЫЛАР БОЛАШАҚҚА ТАҢДАУ ЖАСАДЫ

admin_mugalzhar

ЖАСТАР ЖЕҢІЛ КЕЛЕТІН ДҮНИЕГЕ ӘУЕС БОЛМАУЫ КЕРЕК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.