«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА – БАСТЫ НАЗАРДА

Бүгін ауданға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е.Тауманов және облыстық еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ә.Жалмырзаұлы келді.


Жұмыс сапары барысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық мансап орталығына барып, мамандарымен кездесіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Жұмыс тобы алдымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бас сұқты. Бөлім басшысы Камшат Құрманалина бөлімде атқарылатын еңбек және әлеуметтік бағдарламалар мен мемлекеттік саясатты іске асыру, жұмыспен қамту, аудандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, әлеуметтік әлсіз, аз қамтылған және мүгедектігі бар жандарды қолдау бойынша жасалып жатқан жұмыстар легін баяндады.


-Бүгінде аудан бойынша атқарылуға тиісті жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда. Бөлім жанынан құрылған бөлімшелер де өз деңгейінде жұмыстарын жасауда. Мүгедектігі бар жандар үшін ауданымызда арнайы 3 инватакси қарастырылған. Оның екеуі қандыағаштықтарға, біреуі ембіліктерге қызмет көрсетеді. Қандыағаш қаласындағы инватаксидің бірі мүгедектігі бар ересектерді, екіншісі балаларды межелі орнына жеткізеді. Мүгедектігі бар жандар біздің бөлімнен алатын қызмет түрі мен арнайы құрал-жабдықтарын тұрақты түрде алып отырады. Сондай-ақ науқастарды сауықтыру және қалпына келтіру бойынша жеке даму жоспарына сәйкес санаторийлерге жолдама беріледі, — деді Камшат Бақытжанқызы.
Жұмыс барысымен танысқан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е.Тауманов Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» талабының аудан аумағында орындалуының төмен екендігін айтып, мәселенің мән-жайын сұрады. Бұл сұраққа бөлім мамандары соңғы жылдары аудан аумағында жұмыс орындарының ашылмауы және берілген жоспардың шамадан тыс көптігі себеп екенін тілге тиек етті.
Одан кейін аудандық мансап орталығына ат басын бұрған Е.Тауманов орталық мамандарымен жеке-жеке сөйлесіп, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының орындалу барысын сұрады. Орталық мамандары мемлекеттік «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас», «Бастау-бизнес» бағдарламалары және ақылы қоғамдық жұмыс орны, әлеуметтік жұмыс орны, пробация, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, қайтарымсыз грант беру бойынша жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты.
Орталық маманы Жайнагүл Аманбаева сотты болып, пробация есебінде жүргендерді қоғамға қосып, жұмыспен қамту бойынша жұмыстың ақсап тұрғанын жасырмады. -Пробация есебінде тұрғандарды жұмыспен қамту үшін квота бөлінеді. Дегенмен оның орындалуы қиындық туғызады. Себебі бекітілген өндіріс орындары көп жағдайда сотты болған жандарды жұмысқа қабылдаудан бас тартады. Біз барынша мекеме башылығымен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Сіздердің тараптарыңыздан да осы мәселені шешуге атсалыссаңыздар, — деген сұрауын да жеткізді маман.
Ал мансап орталығы директорының міндетін атқарушы Ақмарал Төлешова орталықта бос жұмыс орындары үшін жәрмеңкенің жиі өткізіліп тұратынын, жәрмеңке кезінде жұмыстан бас тартатын азаматтардың қарасы көп екенін баяндады.
Одан кейін жұмыс тобының сапары Жұрын ауылында жалғасын тауып, облыс орталығынан келген өкілдер ақылы қоғамдық жұмыста еңбек етіп жатқан жандармен кездесіп, хал-жағдайларын біліп, мәселелерін сұрады.

Ұқсас ақпараттар

БАСШИЛІ АУЫЛЫНА ОРТАЛЫҚТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЗ СУ КЕЛЕДІ

admin_mugalzhar

Всех казахстанцев обязали отработать 3 года после вуза, если учились по гранту

admin_mugalzhar

Қазақстандық шорт-трекші Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.