АУДАН ОРТАЛЫҒЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА ЕКІ АЙЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ ШАРАЛАРЫ ЖӘНЕ ҚАЛА АУМАҒЫНДА СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ.
Өткен аптада орталық саябақта сенбілік жұмыстарының басталуына орай өткен іс-шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, қала тұрғындарын экологиялық жағдайды жақсарту үшін сенбілік жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.
— «Тазалық – табалдырықтан басталады», – дейді халық даналығы. Осы бір жақсы сөзді жанымызға серік етіп, өзіміз тұрып жатқан аумақты таза ұстауға барымызша атсалысайық. Міне, аудан көлемінде санитарлық-тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізуге арналған екі айлық басталды. Жалпы аудандық сенбіліктің мақсаты — аудан көшелеріндегі тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аударту. Ауданның әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың аудан тазалығына қосқан үлесі, — деді аудан әкімі.
Сенбілікке мекеме және кәсіпорын қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде сенбілік жұмыстарын жүргізуде. Өткізілген сенбілік жұмыстарында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күлқоқыстарды, арық-атыздарды тазалау, шөптерді ору жұмыстары жасалды Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, өткен аптада жүргізілген сенбілікке аудан бойынша 28 мекеме және кәсіпорын ұжымынан жалпы саны 850 адам атсалысқан.
Жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды тазартуға 48 арнайы көлік тартылып, қоқыс алаңдарына 52 тонна қоқыс шығарылған. Жиналған аулалар саны – 74. Аудан бойынша жалпы саны 4 саябақ пен алаң, 15 әлеуметтік нысан және 20 жеке тұрғын үй секторы жиналған.
Н.ТІЛЕП