Әдетте тазалықшының жұмысы тасада қалып қояды. Кез келген ғимаратқа кіргенде сол жердің тап-таза болып тұруы – заңдылықтай қабылданатыны бар. Ал оның артында үлкен еңбек жатқанын ойлай да бермейміз. Ащысайлық Гүлима ЖӘНІБЕКОВА да сондай жұмысы қиын, еңбегі адал, марапаты аз мамандық иесі.
— Еңбек жолымды 1986 жылы комсомол бригадасынан бастадым. 1988 жылы Ақтөбеде ол кезде СПТУ деп аталатын училищеде тігінші курсын аяқтадым. Содан тұрмыс құрып, жұмыстан қол үздім. 2003 жылы ғана ақылы қоғамдық жұмыс арқылы жұмысқа қайтадан орналасып, 2007 жылы осы ауыл әкімдігінде кіші қызметкерлікке келдім. Қай істің де қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Кез келген істің өз талабы болады. Бастысы сол талаптың үдесінен шығып, жұмысыңды жантәніңмен жасасаң, бәрі жақсы болады, — дейді Гүлима Жәнібекова.
Сұхбаттасып отырып, Гүлима апайдың мекеме басшылығына, ұжымға деген ерекше ықыласын байқадық.
—Күнделікті өмірде «тазалықшылар» деп бізді ешкім бөліпжармайды, барлық әріптестермен тең көреді. Еңбегіміз еленіп, барлығы сыйластықта болады. Бірлігі жарасқан осындай ортада жұмыс жасағаныма мақтанамын. Қарапайымдылығы мен парасаттылығы басым әріптестеріме өз атымнан алғысымды білдіргім келеді. Өз жұмысымды сүйіп жасаймын, — дейді ол.
Осы Ащысай ауылында дүниеге келіп, тұрмысқа шыққан кейіпкеріміз бүгінде көпбалалы ана ғана емес, әже де атанып үлгерген. Жиырма жылға жуық уақыт тазалықшы болғандағы түйгені — тазалық бар жерде іс те жүреді, тиянақтылық та болады. Қоқыстың қиқымын да қалдырмай жинап, жуып, сүртіп, барынша өзіне бекітілген ғимараттың тазалығын сақтап келеді.
— «Еңбектің наны тәтті» демекші, еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Қай жұмыс та маңызды. Біздің жұмыс көзге көріне бермейді, бірақ тазалықшы болмаған жерді шаң-тозаң басады. Ал шаң басса, өзгелердің жұмыс жасауына қолайсыздық туады. Сол себепті бұл жұмыс та маңызды. Біз тек ғимарат тазалығын сақтап қана отырмаймыз. Жазда қоқыс жинап, тал әктейміз, қыста қар тазартамыз, от жағамыз. Қай жасқа келсем де, еңбектен қашпай, үлкен жауапкершілікпен атқарғанды жөн санаймын. Осылайша өмір бойы үй мен түздің тірлігінен қол үзбей келе жатырмын, — дейді еңбек адамы Гүлима Қамалқызы.
Төрт баланың анасы Гүлима апай отбасы мен жұмысты қатар алып жүрудің, бәріне үлгерудің жолын жақсы білетін жан. Бүгінде үлкен баласы Жаңажол өрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп жүрсе, екінші ұлы Ащысай ауылында өрт сөндіруші қызметінде. Ал кенже ұлы Ұлттық Ұлан №6655 әскери бөлімінде бөлімше командирі, жалғыз қызы тұрмыста. Бүгінде 4 немере мен 2 жиеннің әжесі.
Өзім жақсы білім алып, жақсы қызметте жұмыс жасамасам да, осы балаларымды оқытсам, елге пайдасы тиер азамат болып өсірсем деген үлкен арманым болды. Бүгінде әрқайсысы өз орындарын тауып, бір-бір маман иесі атанды, — дейді кейіпкеріміз.
Адал еңбегімен ауылдастарының құрметіне бөленіп жүрген кейіпкеріміз өткеніне өкінбейді.
Әке-шешем қара жұмысшы болып жасады. Отбасында 7 бала едік. Әкем жүк машинасын айдады, ал анам мектепте еден жуды. Қиындықтарды бастан кешкендіктен болар, көп сынаққа төзе білдім. Өмір үйретті десем де болады, — деп сөзін аяқтады ол.
Ауылдастарының айтуынша, ол жаратылысынан жайдары, жұмсақ, адам баласына қатты сөз айтып, көңілін қалдырмайтын мінезге бай, үнемі қолұшын беруге асығатын, пейілі кең екенін де жеткізді.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ