Жалақысын жоқтап жүрмесе, жұмысшы қайырлы. Қажет болса, тау-тасыңды көтеріп береді. Ал тапқанын ит жеп, арқасын бит жеп жүрген жұмысшы елдің дамуына қандай үлес қоспақ?! 2025 жыл — «Жұмысшы мамандықтары жылы». Дәл осылай Мемлекет басшысы жариялады. Өйткені, қара жұмыстың ортасында бірге қайнап, елдің экономикасының дамуына үлес қосып жүрген жұмысшылардың еңбегі ерен. Әсіресе, құрылыс, өндіріс, ауылшаруашылығы тағы да басқа салаларында еңбек ететін қарапайым жұмысшылар елдің дамуының негізгі күші болып табылады. Экономиканың тұрақтылығы мен халықтың әлауқаты да еңбек адамдарымен тығыз байланысты.
Жариялануы өте орынды. Құптарлық. Тек жылтыраған ісшаралармен, жер-жерге үгіт-насихат материалдарын ілумен, әлеуметтік желілерде олардың еңбектерін үлгі қылу секілді жеңіл форматта өтіп кетпесе болғаны. Оған жұмысшылар мұқтаж емес.
Сірә, «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды ма?! Демек, олардың әлеуметтік статусын көтеру керек. Жасыратыны жоқ, батпандап бейнет кешіп, айлығын шайлығына жеткізе алмай, әлеуметтік жағдайы әл үстінде жүрген жұмысшылар көп. Бірақ амал қанша, «қос қолымды қусырып қалармын» деп еңбек етіп, тапқанын талғажау қылып жүр. Сөйтіп отырып жастарымыз қара жұмыстан ат-тонын ала қашады деп жазғырамыз…
Қара жұмысшы болуды ар санап, балаларының бірден бастық болып кетуін армандайтын ата-аналардың стереотипін бұза алмай отырғандығымыз да содан. Демек, жұмысшы мамандықтар Қазақстанда ең беделді болуы тиіс. Ал ол үшін олардың әлеуметтік жағдайы түзелу керек. Сонда ғана біз Мемлекет басшысының бұл бағыттағы саясатының нәтижесін халыққа көрсете аламыз. «Жұмысшы мамандықтары жылының» игілігін жұмысшылар сол кезде ғана сезінеді. Жалақысын жоқтап жүрмесе, жұмысшы қайырлы. Қажет болса, тау-тасыңды көтеріп береді. Ал тапқанын ит жеп, арқасын бит жеп жүрген жұмысшы елдің дамуына қандай үлес қоспақ?!
Әнуар ЕСҚАРА