МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ДИҚАНДАР ЕГІН ЕГУДІ ЕРТЕ БАСТАП КЕТТІ. БҮГІНДЕ ЕГІС
ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 75 ПАЙЫЗҒА ЖУЫҒЫ ЖАСАЛҒАН. БИЫЛ АУДАНДА ЖАЛПЫ КӨЛЕМІ 34 632 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІСТІК ЕГУ ЖОСПАРЛАНҒАН.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбетов көктемгі далалық жұмыстарының егіс құрылымына сәйкес аудан бойынша 4 200 га дәнді дақылдар, 6000 гектар жерге мал азығы дақылдарының егілгенін хабарлады.
— Көктем шыққалы аудан шаруалары өздеріне тиісілі егістік алқаптарын жыртып, өңдеп, тұқым себу жұмыстарын жүргізуде. Аудан бойынша 500 гектар жерге күзгі дақылдар, 1690 гектар жерге бидай, 1710 гектар жерге арпа, 300 гектар жерге құмай, мал азығы дақылдары бойынша 4000 гектар жерге біржылдық шөп, 2000 гектар жерге көпжылдық шөп егілді. Сонымен бірге 23 120 гектар жерде өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер бүршік жаруда. Ал майлы дақылдар бойынша 700 гектар жерге мақсары, 302 гектар жерге картоп, 265 гектар жерге көкөніс, 45 гектар жерге бақша дақылдары себіледі, — деді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбетов.
Бөлім басшысы ауданда жалпы егін жұмыстарын аудан бойынша 4 ЖШС, 25 ШҚ және 6 ЖК жүргізіп жатқанын, ол үшін 49 арнайы техника жұмылдырылғанын айтты. Оның 30-ы — трактор, 10-ы — тұқым сепкіш, 13-і — жер өңдеу техникалары.
Н.ТІЛЕП