«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АБАЙЛАҢЫЗ, ҚАРАҚҰРТ! Ауданда алты адамды қарақұрт шақты

СОҢҒЫ КҮНДЕРІ АУДАНДА ҚАРАҚҰРТ ШАҒЫП, АУРУХАНАҒА ТҮСКЕН ЖАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙГЕН. АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ МАМАНДАРЫНЫҢ АЙТУЫНША, ЖАЗ БАСТАЛҒАЛЫ АУДАН БОЙЫНША АЛТЫ АДАМ УЛЫ ЖӘНДІКТЕН ЗАРДАП ШЕККЕН. БҮГІНДЕ ОЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ? ҚАРАҚҰРТ ШАҚҚАН ЖАҒДАЙДА НЕ ІСТЕЙМІЗ? ОНЫ ҚАЛАЙ ТАНИМЫЗ? ҚАРАҚҰРТҚА ҚАРСЫ ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛЕДІ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ 3-ШІ БЕТТЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

ҚАРАҚҰРТ – ӨТЕ УЛЫ ЖӘНДІК
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары қарақұрттар жаз айларында тым белсенді болатынын, бірақ олар өз-дігінен адамға шабуыл жасамайтынын айтты. Дегенмен далалық жерге шыққанда абай болу керектігін ескертті.
Қарақұрт – өте улы, далалық және шөл-шөлейтті жерлерде мекендейді. Қарақұрттың уы жылан уынан 15 есе күшті. Денесі шағын, түсі қара, құрсағында қызыл дақтары бар. Бірнеше көзі барына қарамастан олардың көру қабілеті нашар. Тек заттың түсі мен қозғалысын ғана ажырата алады. Әсіресе, ұрғашы қара-құрт улы болып келеді. Оның уы түйе мен жылқыны да өлтіріп жібереді. Сол себепті тұрғындар табиғат аясына демалуға барғанда өрмекші торы, қандай да бір жәндіктердің іні жоқ жерлерді қарап, сақтық шараларын сақтаулары керек. Сонымен бірге киген киімдеріне де мән берген дұрыс. Жеңі ұзын киім кию қажет. Аяқ киімнің де жабық болғаны дұрыс, — деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.
Оның сөзінше, қарақұрт шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады. Аяқтарының жаны кетіп, құрысып қалады. Басы айналып, құсқысы келуі мүмкін, терісінде қызыл дақтар пайда болады. Дер кезінде жедел жәрдем көрсетілмесе, қарақұрт шаққан ересекадам 7 күннен кейін, ал балалар 5 күнде өліп кетуі мүмкін.
Ауданда өткен жылы қарақұрт шаққан 1 жағдай тіркелді. Ал биыл улы өрмекшіден 6 адам зардап шегіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 есеге көбейіп отыр. Зардап шеккендердің біреуі Қандыағаш қаласының, біреуі Жұрын ауылының, екеуіТалдысай ауылының, біреуі Ақкемер ауылының, біреуі Басшилі ауылының тұрғындары. Зардап шеккендердің бесеуі ересек тұлға болса, біреуі жасөспірім. Оның ішінде 1 жүкті әйел де бар. Жүкті әйелге қарақұрт уына қарсы сарысу енгізер алдын да жасалған сынама оң мәнді болғандықтан, сарысу енгізілген жоқ, науқас Ақтөбе қаласына ауыстырылды. Ал қалғандарына қарақұрт уына қарсы сарысу енгізілді. Бүгінгі күнге зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық, амбулаторлық ем қабылдауда. Соңғы қарақұрт шаққан жағдай 14 шілдеде орын алды, — деді ауданның бас санитариялық дәрігері Ерлан Бүркітұлы.
Ол бүгінде тұрғындар арасында санитарлық-ағарту жұмыстарының жүйелі жүргізілетінін жеткізді.
Біздің мамандар балабақшалар мен мекеме орындарына барып, улы жәндіктерден келетін қауіпті айтып, одан қорғану жолдарын тыңғылықты түсіндіреді. Сонымен бірге аудандық ауруханалардың дәрігерлері де өз тараптарынан осындайжұмыстарды атқарады. Бізде адамдардың қауіпсіздігі – маңызды. Ал улы жәндіктер көбейіп кеткен кезде залалсыздандыру жұмыстарын жергілікті әкімшілік артқаруы тиіс, — деді басқарма басшысы.

УДЫҢ ЕМІ — УҒА ҚАРСЫ САРЫСУ ЕГУ
Қарақұрт шағып алған адамды дереу ауруханаға жеткізу қажет-тігін және оның бірден бір емі қарақұрттың уына қарсы сарысу енгізу керектігін айтқан Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Берік Ибрагимов улы өрмекші соңғы бес жылда аудан бойынша10 адамды шағып алғанын жеткізді. Оның сөзінше, биыл ауданда тұрғындарды қарақұрт шағу дерегі көбейіп отыр. Оның көбісі ауылдық жерлерде орын алған. Айталық, улы өрмекшіден 2021 жылы бір адам, 2023 жылы екі адам, 2024 жылы 1 адам, 2025 жылы 6 адам зардап шегіп, ауруханаға түскен. Ал 2022 жылы қарақұрт шағу дерегі тіркелмеген.
Қарақұрт шағып ауруханаға түскен тұрғындардың барлығының алғашқыда жағдайы ауыр болды. Медициналық ем-домның нәтижесінде жағдайлары қалыпқа келді. Қарақұрттың шабуылы жылда маусым мен шілде айларында тіркеледі. Ал тамыз айында уының қуаты артып, тіпті қауіпті бола түседі. Зардап шеккен науқастардың барлығына қарақұрт уына қарсы сарысу дәрі салынды. Бұл дәрігерлік препарат аудандық аурухана қорында жеткілікті. Улы жәндік шаққан жағдайда бірден жедел-жәрдем шақыру керек немесе жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізу қажет. Дұрыс және уақытында емдеу удың қаупін төмендетеді. Егер медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, адам ажал құшуы мүмкін. Сондықтан абай болған жөн, — деді Берік Ерденұлы.
Ол қарақұрт шаққан орынды күйдіруге, байлауға, кесуге немесе уды сорып шығаруға болмайтынын баса айтып, өзін-өзі емдеуге тырыспауды қатаң түрде ескертті. Қауіпті жағдайларға ұрынбас үшін далалы жерлерге барғанда сақтық шараларын барынша жасап жүру қажеттігін жеткізді.

АУДАНДА ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТЫ
Қауіпті зиянкеспен күрес қашанда күн тәртібінде тұруы тиіс. Осы орайда біз аудан әкімдігіне хабарласып, қарақұртқа байланысты жағдайды сұрадық. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов ауданда құрақұрттың таралау жағдайы қалыпты екенін мәлімдеп, егер адам мен малға аса қауіп төндіретіндей белгі байқалса, жергілікті әкімдіктер тарапынан қарақұртқа қарсы іс шаралардың жүргізілетінін жеткізді.
Бүгінде медицина мекемелері жергілікті тұрғындарға сақтық шарасын алу туралы ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Біз де тұрғындарға өздерінің қауіпсіздігі үшін сақтық шараларын ұстану қажеттігін ескертеміз. Барлық округ әкімдері мен сала мамандары бұл жағдайды назарда ұстап отыр. Фитосанитарлық мамандар қарақұрттың өңделетін зиянкес жәндіктердің тізбесіне енбейтінін айтып отыр. Сол себепті қарақұрттан аса бір қауіп төнбесе, улау жұмыстары жүргізілмейді және қаржы бөлінбейді. Ал тұрғындардың жеке секторында қарақұрттың көбеюі анықталса, жекеменшік дизенсекциялық мекемелерді шақырып, ақылы түрде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізулеріне мүмкіндік бар, — деді аудан әкімінің орынбасары Талған Өтемұратов.

ҚАРАҚҰРТ… ҚОЙДАН ҚОРҚА МА?
Бұрында ата-бабаларымыз жайлауға шыққанда үй тігетін жеріне қой жайып алады екен. Себебі қарақұрт қойдың иісі шыққан жерге жоламайды. Сондай-ақ үйді қойдың жүнінен жасалған арқанмен қоршап қоятын болған. Себебі қой малы қарақұртты көрсе, қуалап жүріп, таласып жеп қояды. Қарақұртты жеген қойдың сілекейі көкпеңбек боп көпіршіп, сабынша бұрқыраған кезде соның аққан-тамғанын жалаған қойлар тез қоңданып, ал жеген қой бір ай шамасында семіздіктен құйрығын көтере алмай қалады екен. Қой малының қарақұртқа әуестігінен бір отардың өрісі болған жайылыс бірнеше жылға дейін қарақұрттан тазарады. Осы тәсілді табиғат аясына демалысқа шыққандар мен жаңа учаскелерге үй салып жатқандар қолдануына болады.

ҚАЛАЙ ТАНУҒА БОЛАДЫ?
Бұл жәндіктердің денесі қара, еркек пен әйелдің құрсағында қызыл дақтар болады, кейде әр дақтың айналасында ақ жиектер болады. Толық жыныстық жетілгендері көбінесе қара түске ие болады, дақтары жоқ, тән жылтырлығы бар. Ғалымдардың айтуынша, қарақұрттар дала жерлерін жақсы көреді, сонымен қатар шөлейт жерлерде, жартастардың беткейлерінде, арықтарда, қирандыларда, тұзды батпақтарда, жануарлардың шұңқырларында, жердің жарықтарында орналасады. Қалың шөптер мен бұталарды қарақұртты ұнатпайды және тым ылғалды жерде де өмір сүрмейді.

ҚАЛАЙ ШАБУЫЛ ЖАСАЙДЫ?
Қарақұрттардың өзі адамға шабуыл жасамайды, тістеу өрмекшіге кездейсоқ тиюден туындауы мүмкін. Сондай-ақ, адам түсінде кездейсоқ төсекке енген өрмекшіні басып кетуі мүмкін, қарақұрт бір рет тістеп алады немесе бірнеше рет шағып алады. Бұл улану қаупін және өлім қаупін бірнеше есе арттырады.

УЫМЕН УЛАНУДЫҢ БЕЛГІСІ?
Қарақұрт уының әсері біртіндеп артып, белгілері жалпы улану сипатына ие. 5-20 минуттан кейін тістеу аймағында өткір ауырсыну пайда болады, ол бүкіл денеге таралады, кейде бұл бастапқы белгілер болмайды. Аяқ-қолдарда құрысулар, безгек пен терлеудің жоғарылауы, қатты бас ауруы, іштің өткір ауруы, панкреатиттің немесе жараның өршуіне ұқсас белгілер байқалады. Тыныс алудың үзілуі, импульстің жоғарылауы, жүрек жеткіліксіздігіне әкелетін аритмия болады.

ШАҒУЫ ҚАЛАЙ КӨРІНЕДІ?
Тістеу орны әдетте диаметрі 1,5-3 мм шамалы қызарып, бір-бірінен 0,5-0,7 мм қашықтықта орналасқан хелицердің улы тырнақтарымен теріні тесудің екі айқын іздері болады.

ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
Табиғатта демалу кезінде қарақұрт қоныстанған шөпті және кеміргіштердің шұңқырлары мен ойықтары бар алаңдарды таңдамау қажет. Сонымен бірге түнде табиғатта демалып, нұсқауларға сәйкес арнайы шатырларды қолдану маңызды. Шөптерді жинау кезінде қолына қолғап киіп, шалбардың балағын аяқ киімге салу керек. Тұрғын аймаққа келгеннен кейін үйге әкелінген киімдерді, аяқ киімдерді, заттарды қағып, оларда өрмекшілердің жоғына көз жеткізу қажет. Шөпті жалаң аяқ баспау да — өте маңызды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АУДАН ӘКІМІ ЕМБІ МЕН ЖЕМ ҚАЛАЛАРЫНДА БОЛДЫ

admin_mugalzhar

В РАЙОНЕ ОТМЕЧАЕТСЯ РОСТ COVID-19

admin_mugalzhar

Елде ұялы байланыс қызметі күрт қымбаттады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.