ШІЛДЕНІҢ ШІЛІҢГІР ЫСТЫҒЫ БАСТАЛҒАЛЫ ЕЛІМІЗДІҢ КӨП БӨЛІГІНДЕ КҮННІҢ ҚЫЗУЫ 45 ГРАДУСҚА ДЕЙІН КӨТЕРІЛУДЕ. БҰЛ АПТАП ЫСТЫҚ СОҢҒЫ УАҚЫТТА БІЗДІҢ АУДАНДА ДА БАЙҚАЛАДЫ. БҰНДАЙ ЖОҒАРЫ ТЕМПЕРАТУРА ӘСІРЕСЕ БАЛАЛАР, ҚАРТТАР МЕН ЖҮРЕК-ТАМЫР АУРУЛАРЫ БАР АДАМДАР ҮШІН ҚАУІПТІ ЕКЕНІ РАС. ЕНДЕШЕ, АПТАП ЫСТЫҚТАН ҚОРҒАНУ ЖОЛДАРЫН ТӨМЕННЕН ОҚЫҢЫЗДАР.
КҮН СӘУЛЕСІ: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ
Күн – жер бетіндегі тіршіліктің бастауы. Оның сәулесі біздің ағзамызда D дәруменінің түзілуіне ықпал етеді. Бұл дәрумен сүйек тіндерінің қалыптасуы, тістердің беріктігі, иммунитеттің нығаюы үшін ауадай қажет. Сонымен қатар күн көзінің жарығы көңіл-күйді жақсартып, сергектік сыйлайды. Сондықтан да көптеген елдерде күнге қыздырыну денсаулыққа пайдалы процедура ретінде қабылданады. Алайда бәрі мөлшерінде жақсы. Күн сәулесінің шамадан тыс әсері теріге, көзге, жүрекқан тамырлар жүйесіне және жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Дәрігерлердің мәліметінше, күн сәулесіне ұзақ уақыт тікелей ұшырау салдарынан күн өту, күнге күю, терінің ерте қартаюы, тіпті қатерлі ісік (меланома) сияқты аурулар туындауы мүмкін.
ҚАЛАЙ ҚОРҒАНАМЫЗ?
Жаздың аптабында ағзаны қорғаудың түрлі жолдары бар. Ең алдымен, киім кию мәдениетіне мән берген жөн. Мүмкіндігінше ашық түсті, кең, табиғи матадан тігілген (мақта, зығыр) киімдер киіңіз, синтетикалық маталардан аулақ болыңыз – олар теріні “тұншықтырады” және қызып кетуге себеп болады. Міндетті түрде бас киім киіңіз – панама, кең жиекті шляпа, жеңіл орамал күн өтуден қорғайды және көзге арналған ультракүлгін сәуледен қорғайтын сапалы көзілдірік кию де өте маңызды. Бұдан бөлек, тері күтімін де ұмытпау керек. Күннің тікелей әсерінен қорғайтын SPF 30 немесе одан жоғары қорғаныс деңгейі бар кремдерді қолданыңыз. Тіпті ауа бұлтты болса да, ультракүлгін сәулелер әсер етуін тоқтатпайды. Ал суға түскен соң кремді қайта жағуды ұмытпаңыз – көпшілік кремдер суға төзімді болғанымен, тиімділігі шектеулі.
СУ ІШУ – САУ АҒЗАНЫҢ НЕГІЗІ
Жаз мезгілінде ағза көп мөлшерде сұйықтық жоғалтады. Терлеу арқылы су мен электролиттердің жоғалуы ағзаның әлсіреуіне, қан қысымының төмендеуіне, бас айналуына, тіпті естен тануға алып келуі мүмкін. Сондықтан күні бойы жеткілікті мөлшерде су ішіңіз – күніне кемі 2-2,5 литр. Газдалған, тәтті сусындар мен энергетиктерден аулақ болыңыз. Олар ағзаға еш пайда әкелмейді, керісінше, бүйрекке салмақ түсіруі мүмкін. Оның орнына қарапайым таза су, үйде дайындалған морс пен компот, көк шай, лимон қосылған салқын су секілді пайдалы сусындарды таңдаған дұрыс. Сондай-ақ бетке арналған ылғалдандырғыш спрейлер мен денені салқындататын сулы майлықтарды қолдануға болады.
КҮН СӘУЛЕСІ КӨЗГЕ ЗИЯН
Күнге тік қарау — көзге қайтымсыз зиян келтіруі мүмкін. Дәрігердің айтуынша, күн сәулесі көзді толығымен соқыр ете алмаса да, көру қабілетін едәуір нашарлатуы мүмкін. Күннің күшті жарығы көздің тор қабығындағы фоторецепторлар мен пигментті эпителийді зақымдайды, бұл кей жағдайда қайтымсыз өзгерістерге алып келеді. «Күнге тік қарау, әсіресе көзілдіріксіз — көру жүйесіне қауіпті. Тор қабық зақымдануы — көрудің нашарлауына себеп болады», дейді дәрігерлер. Күн сәулесінің құрамындағы ультракүлгін сәулелер (УК) – көзге көрінбейтін, бірақ өте қауіпті электромагниттік сәулелер. Олар 100- 400 нм диапазонында үш түрге бөлінеді: С-толқынды сәулелер – озон қабаты арқылы өтпейтіндіктен, адамға қауіпсіз; В-толқынды сәулелер – тор қабық пен көздің шырышты қабығына күйік түсіруі мүмкін, птеригиум (конъюнктиваның өсуі) және кератоконус (қасаң қабықтың деформациясы) ауруларын туғызады; А-толқынды сәулелер – хрусталик пен тор қабыққа әсер етіп, катаракта мен макулодистрофия сияқты ауыр көз ауруларына себеп болады.
ҚАУІПТІ УАҚЫТ – САҒАТ 11:00 МЕН 17:00 АРАЛЫҒЫ
Дәл осы уақыт аралығы – күннің ең белсенді, ең қауіпті шағы. Мүмкіндігінше бұл кезде ашық далада жүрмеген жөн. Үйде, көлеңкелі жерде немесе желдетілетін жабық кеңістікте болған тиімді. Балалар мен қарт адамдарға мұндай ыстық аса қауіпті екенін ұмытпаңыз. Дәрігерлер мұндай ауа-райында таңертең жұмысқа шығар алдында душ қабылдау керек екенін айтады. Ал серуендеу үшін таңертеңгі 10-ға дейінгі және күндізгі 17:00-ден кейінгі қауіпсіз уақытты таңдаған дұрыс.
ЕГЕР КҮН ӨТІП КЕТСЕ…
Адамның жағдайы күрт нашарлап, басы айналып, жүрегі айнып, денесі қалтырап, терісі қызарып немесе бозарып кетсе – бұл күн өткенінің белгісі. Мұндайда дереу көлеңкеге апарып, шалқасынан жатқызып, басын сәл көтеріп қою қажет. Салқын су ішкізіп, маңдайына және денесіне суық суға малынған мата басқан жөн. Қажет болса, жедел жәрдем шақырудан тартынбаңыз. Күн – өмірдің, жарық пен жылудың көзі. Алайда ол шектен тыс болғанда қауіпке айналады. Әрбір адам қарапайым сақтық шараларын ұстану арқылы өз денсаулығын сақтай алады. Жазғы күндер жадырап, қуаныш пен демалысқа толы болсын десеңіз, күнмен “дос болудың” жолын біліңіз!
Дайындаған Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ