Әне-міне дегенше, қылышын сүйретіп қыс келеді. Қыстан қысылмай шығудың қамын жасап, алдындағы төрт түлігіне қыстық азық дайындайтын шаруалар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны басталды.
Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбетовтың айтуынша, осы жылы төрт-түлікті қыстан аман алып шығу үшін аудан бойынша 213 700 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Бүгінде оның 84 100 тоннасы шабылып, 61 800 тоннасы тасылған.
— Бүгінгі аудан бойынша 3500-ге жуық адам аулада мал ұстайды. Бүгінде шабылған шөптің 31 100 тоннасы қыстаққа, 30 700 тоннасы жұртшылыққа тасылды. Шөп шабу жұмыстарына 106 бригада, 329 арнайы техника жұмылдырылуда. Қысқа дайындық жұмыстары әлі де жалғасуда. Шөп тұрғындар үшін тиімді бағамен сатылуда, — деді ол.
Оның сөзінше, қазіргі таңда аудан аумағында сатылып жатқан шөптің бір тюгінің бағасы орташа есеппен 500-600 теңгеден, оралған бір буманың бағасы 5000-6000 теңгеден сатылуда.
Н.ТІЛЕП