«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСЕДІ

АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК А ЖӘНЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МАМАНДАРЫ ОСЫ ЖЫЛЫ АУДАН БОЙЫНША 34 632 ГЕКТАР ЕГІСТІК АЛҚАБЫНА ТҰҚЫМ СЕБІЛГЕНІН АЙТТЫ. ОНЫҢ 4 200 ГЕКТАРЫ ДӘНДІ ДАҚЫЛДАР БОЛСА, 6 000 ГЕКТАРЫ МАЛ АЗЫҒЫ ДАҚЫЛДАРЫ. АЛ 996 ГЕКТАР ЖЕРГЕ МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАР ЕГІЛГЕН. БҮГІНДЕ ЕҢБЕК ПЕН МАҢДАЙ ТЕРДІҢ ҚАЙТАРЫМЫ САНАЛАТЫН ОРАҚ НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ — ҚАРҚЫНДЫ. МАЛ АЗЫҒЫ-СУДАН ШӨБІН ЕККЕН ШАРУАЛАР ЕГІСТІГІНЕ ОРАҚ САЛЫП, ШЫҚҚАН ӨНІМДІ ШАУЫП ЖАТСА, ДӘНДІ ДАҚЫЛДАР СЕПКЕН ДИҚАНДАР ЕГІСТІК АЛҚАБЫН ШАУЫП, ЖИНАУ ЖҰМЫСТАРЫН ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ БАСЫНДА БАСТАУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР.
34 632 ГЕКТАР ЖЕРГЕ ЕГІН ЕГІЛДІ
Ауданда егін егу жұмыстары мамыр айының басында басталған-ды. Енді шаруалар тастаған тұқымының бітік шығуын күтіп отыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбет биыл ауданда егілген егін алқабының жалпы көлемі 34 632 гектарды құрайтынын айтты. Оның сө-зінше, аудан бойынша осы жылы егін егу жұмыстарын 4 ЖШС-і, 21 шаруа қожалығы және 6 жеке кәсіпкерлік қолға алған. Көктем айында басталған егістік жұмыстарына жалпы саны 49 бірлік техника жұмылдырылған. Оның 30-ы трактор, 10-ы тұқым сепкіш, 13-і жер өңдеу техникалары.
Көктемгі далалық жұмыстарының егіс құрылымына сәйкес аудан бойынша 4 200 гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Оның 500 гектарына күзгі дақыл егілсе, 1 690 гектарына бидай, 1710 гектарына арпа, 300 гектарына құмай себілді. Ал мал азығы дақылдары бойынша 6 000 гектар жерге біржылдық және көп жылдық шөптер егілді. Атап айтатын болсам, оның 4000 гектары біржылдық, 2000 гектары көпжылдық шөптер. Сонымен бірге өткен жылдарда егілген көпжылдық шөптер көлемі — 23 120 гектар. Майлы дақылдарға келетін болсақ, ауданда 700 гектар жерге мақсары тұқымы, 302 гектар жерге картоп, 265 гектар жерге көкөніс, 45 гектар бақша өнімдері егіліп, өсіп жатыр, — деді ол.
Ауыл шаруашылығы мамандары өткен жылы егін өнімінің мол болғанын айтады. Тәуекелге бел буып, қара жерге тұқым тастағандарға табиғат та жылы қабақ танытып, жаз жаңбырлы, жайлы болған. Мамандар биыл да егін бітік шығып, шаруалардың еңбегі ақталады деп болжауда.
Өткен жылы аудан диқандары егіннен өнімді жақсы алды. Аудан бойынша 3040 тонна дәнді дақыл, 350 тонна майлы дақыл жиналды. Осы жылы қыс мезгіліндегі қардың түсімі жақсы болды. Көктем жаңбыры да жақсы жауды. Әзірге жоспарымыз бойынша биылғы егіннің өнімділігі жақсы болатын секілді. Дегенмен егіннің бітік шығуына жауын-шашынның мол болуы – маңызды. Биылғы жаз да шаруаларға қарасып тұр. Жаңбыр да жауып, күн де өз деңгейінде қызуын егін алқабына беріп тұр, — деді Бауыржан Кенжебайұлы.
ЖЕРДІ ӨҢДЕУ – МОЛ ӨНІМ АЛУҒА МҮМКІНДІК
Егін егіп, мол өнім алу үшін тұқым себілген жердің құнарлы болуы – маңызды. Осы орайда аудан агрономдары дәнді-дақыл себілетін жерді жоспарлы түрде өңдеп тұрудың маңыздылығына тоқталып, жерді өңдеудің егінге пайдасы — топырақтың құнарлылығын арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және тұрақты өнімдерін алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану қағидаларына сәйкес, барлық шаруашылық құрылымдар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану тәртібін сақтай отырып, топырақ құнарлылығын төмендетуге жол берілмеу тиіс. Жердің құнарлылығын сақтап, арттыруға, топырақтың құнарлылығы мен мелиоративтік жағдайын сақтауға және жақсарту үшін әр шаруашылық егіс алаңына нормаға сәйкес минералды тыңайтқыштарды қолдануы қажет. Жерді өңдеуге арналған тыңайтқыштар үшін арнайы сертификаттың қажеті жоқ. Біз шаруаларға белгілі бір фирманың тыңайтқышын аласың деп талап қоя алмаймыз. Бірақ тыңайтқыш алғандары туралы жеке кәсіпкерлікпен немесе ЖШС-пен жасалған келісім шарттарының болуын назарға аламыз. Сонымен бірге жерді аздырмай, уақытылы тыңайту жұмыстарын жүргізуін қадағалаймыз. Тыңайған жердің мол өнім беретіні диқаншыларға да аян. Сол себепті өздері де бұл жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарайды, — деді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің маманы Гүлжан Абилтаева.
АРЗАНДАТЫЛҒАН ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙ БЕРІЛЕДІ
Қазіргі уақытта диқаншыларға тұқым алу үшін субсидия берілмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы өткен жылдың күзінде Астанада өткен ауылшаруашылығы қызметкерлерінің форумында айтты. Енді оның орнына жеңілдетілген бес пайыздық несие берілетін болды. Мемлекет басшысының айтуынша, агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Біздің мұғалжарлық диқаншыларға тұқым үшін субсидия беру осыдан бірнеше жыл бұрын тоқтатылған. Себебі Мұғалжар ауданының жері егін егуге қолайсыз, өнімсіз деп танылған.
Бұрын себілген жоғары сұрыпты, элиталық тұқымдар үшін субсидия берілген болатын. Ал бүгінде субсидия берілмейді. Диқандар өздерінің қаржысына сатып алады, не болмаса өзі еккен егіннен тұқым алып қалады. Дегенмен тұқымның репродукциясы қатаң қадағаланады. Өз егістіктерінен алынған тұқымны сапасы жылдар өте төмендеп, егуге жарамай қалады. Диқандар кез келген тұқымды жайма базардан сатып алып еге алмайды. «ҚазАгрЭкс» АҚ арқылы тексерістен өткен жоғары сұрыпты, репродукциясы тексерілген тұқымдарды ғана егеді. Арнайы зертханада тұқымның өнімділігі, ылғалдылығы, тығызтығы, зиянкестердің бар-жоғы анықталады. Сонымен бірге тұқым стандартқа сай сертификатталған болуы шарт. Себебі жерге себілген тұқым ауру болып, шықпай қалуы мүмкін. Бұл дегеніміз – еңбектің далаға кеткені, — деді аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің агрономы Гүлжан Жағыпарқызы.
Оның сөзінше, шаруалар субсидия арқылы тұқым ала алмаса да, көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге, мал азығына шөп дайындауға, егін жинауға арзандатылған дизель отынын жеңілдетілген бағамен ала алады.
Мемлекет тарапынан егін егетін шаруаларға Ақтөбе қаласындағы «Батыс-Жер» мен «АЗС Лидер» ЖШС-тері арқылы қажетті арзандатылған дизель отыны бөлінуде. Айталық, жанар-жағармайдың нарықтағы бағасы 300 теңге болса, gosagro.kz мемлекеттік порталы арқылы өтінім беріп, дизель отынын 235-255 теңгеден ала алады, — деді ол.
«КЕҢ ДАЛА-2» БАҒДАРЛАМАСЫ – ШАРУАНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРАДЫ
Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сондай маңызды жобалардың бірі — «Кең Дала 2» бағдарламасы. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығын қолдау мен дамытуға бағытталған. Аталған бағдарлама арқылы диқандар көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген несие ала алады. Ол үшін ЖШС-і, жеке кәсіпкерлігі және шаруа қожалығы болуы шарт.
«Кең дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 5% жеңілдікпен берілетін несиелер бөлініп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдары, несие серіктестіктері және екінші деңгейлі банктер арқылы іске асырылады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Несие мерзімі – 12 айға дейін. Біріншіден, фермерлер 5 пайыздан аспайтын жеңілдік мөлшерлемесі бойынша несие алады, бұл пайыздық мөлшерлемені субсидиялау қаражаттың болуына байланысты емес. Екіншіден, несиелер бойынша кепілді қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін несие шарты сомасының 85% мөлшерінде кепілдік тетігі қарастырылған, — деді агроном Гүлжан Абилтаева.
Тағы бір айта кететін жайт, қарыз алушы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дан кепілдік алуға, ал қарыздың қалған сомасына және сыйақыға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның кепілдік саясатының талаптарына сәйкес қамтамасыз етуді ұсынуға құқылы. Мамандар аудан диқандарына барынша осы бағдарламаның тиімділігін айтып, түсіндіружұмыстарынжүргізетінін жеткізді. Бірақ ниет білдіретіндердің қатары аз екен.
ЕГІН ЕККЕН ДИҚАНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Мұғалжарлық диқандар аудан халқын толықтай астық өнімдерімен қамтамыз ете алмайды. Себебі ауданда тұқым тастап, ырыздығын жерден күтетін диқандар қауымы аз. Сөз басында аудан бойынша жалпы саны 30-ақ шаруаның егіншілікті кәсіп ететінін айтқан едік. Шындығында егін егу үлкен тәуекелділікті талап етеді. Жерге тұқым тастап, егіннің бітік шығуын тілеп отырған диқандарды сөзге тартып, шаруасының жайын білдік. Жұрын ауылдық округінің аумағында егіншілікпен айналысатын «Бірлік-Д» шаруа қожалығының басшысы Бекболат Исенов жер жырту жұмыстарын сәуір айының аяғында бастағанын жеткізді.
Мен бүгінде 450 гектар жерге арпа, 200 гектар жерге судан шөбін ектім. Бүгінде судан сөбін шауып жатырмыз. Өнім жаман емес. Биылғы жаз бізге барынша көмектесіп тұр. Егістік алқабымнан 600-700 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отырмын. Өзімнің шаруа қожалығым болғаннан кейін алған өнімім қожалықтағы төрт-түліктен ауыспайды. Осылай алдымдағы малымның қыстық азығын жинап аламын. Егін егу оңай емес. Күз мезгілінде жерді жыртып, көктемге есіктікке дайындаймыз. Тұқым сепкеннен кейін оның бітік шығуы үшін жаңбырдың мол жауып, күннің қызғанын күтеміз. Соңғы жылдары өз ойлағанымыздай өнім алып жүрміз. Өткен жылы да егінім бітік шықты. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмаймын. Барлығын өзімнің күшіммен жасап жатырмын, — деді Бекболат Исенов.
Ал Ащысай ауылдық округі аумағында егін егетін «Айсұлтан» шаруа қожалығының иесі Нұрғали Елубаев егістік алқабына тамыз айының басында комбайн салуды жоспарлап отыр. Ол жалпы көлемі 400 гектардан астам егістік алқабына бидай мен арпа еккен. Ал егін алқабындағы өсіп тұрған өнімнің көлемі шабылғаннан кейін белгілі болатынын айтты.
Өткен жылы алған өніміміз көңілімізден шығып, 100 гектар жерден 200 тонна астық алдым. Орылған бидай өнімдерін Ақтөбе қаласындағы «Навалжан» элеваторына тапсырдық. Биылғы егіннің шығуы жаман емес секілді. Бірақ егістікке жылқы малы тыным бермей тұр. Егістік алқабы оталып қалмас үшін түнімін кезекшілік қоямыз. Бүгінде егіс алқабына келіп жұмыс жасайтындардың қатары аз. Трактор техникасын да жүргізетін жастар жоқ. Көктемгі жұмыстарды ағайын туысқандарымыздың көмегімен жүргіздік. Енді орақ кезінде де осы жандардан көмек күтеміз. Мемлекет тарапынан берілетін көмек – арзандатылған жанар-жағармай. Оны 255 теңгеден алып отырмыз. Ал тұқымдарға субсидия төленбейді. Себебі сіздің аудан егін егіп, мол өнім алатын аудан болып саналмайды, — деді Нұрғали Елубаев.
Егін шаруашылығымен айналысып жүргеніне 20 жылға жуықтаған Нұрғали Айсұлтанұлы егін егіп, жақсы өнім алу үшін аянбай еңбек ету керектігін айтады.
Егін егу оңай шаруа емес. Оған қаражат пен шыдам, еңбекқорлық қажет. Сонымен бірге үлкен тәжірибең де болуы шарт. Құр жерге егін егіп, өнім күту — бос әурешілік. Мол астық жинау үшін жердің құнарын кетірмей, қысты күні қар тоқтату жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. Қар тоқтату жұмыстары жүргізілуі егістік алқабының қурап кетуіне жол бермейді. Дегенмен жаздың жаңбырлы болып, күннің қызғаны да маңызды. Сонымен бірге күз мезгілінде егін жинау кезінде де шашау шығармай орып алып, қоймаға салу үлкен жұмысты талап етеді, — деді ол.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

БАСТЫ МІНДЕТ — ҚЫЗМЕТКЕ ЖАУАПТЫ ҚАРАУ

admin_mugalzhar

«SHYN PREMIUM»: БЕЛСЕНДІЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында халықаралық блогерлер

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.