«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Құдайберген Жұбанов ХАКІМ АБАЙ ЖАЙЫНДА

БИЫЛ АДАМЗАТТЫҚ АҚЫЛ-ОЙДЫҢ БИІГІ МЕН ХАКІМДІК ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛГЕН ОЙШЫЛ, ГУМАНИСТ АҚЫН, КОМПОЗИТОР, ФИЛОСОФ, САЯСАТКЕР, ЖАЗБА ӘДЕБИЕТІ МЕН ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ, АҒАРТУШЫ АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА — 180 ЖЫЛ. АБАЙДАЙ ДАРА ТҰЛҒА ТУРАЛЫ ЖЕРЛЕСІМІЗ, ҒАЛЫМ ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ҚАЛАМ ТЕРБЕП, ҮЛКЕН ЕҢБЕК ЖАЗЫП, «АБАЙДЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ НАҒЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ ӨЛЕҢІ, ҚАЗАҚ ӨМІРІНІҢ НАҒЫЗ СУРЕТІ, ЕРТЕ ХАЛЫҚПЕН ЖАСАСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ӨНЕР», — ЖОҒАРЫ БАҒА БЕРГЕН.

Құдайберген Жұбанов 1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына арналған мерекеде «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты төрт бөлімнен және 25 беттен тұратын еңбек жазады. Бұл сол замандағы саяси жағдайда үлкен батылдық болатын әрі қазақ әдебиетіндегі абайтанудың бастауы ретінде мойындалады. Кезіндегі «Әдебиет майданы» журналының соңғы санына жарияланған мақала толық аяқталмаған. Негізінен аяғы бар деп белгі қойылғандығына қарағанда Қ.Жұбановтың Абай туралы тұтас зерттеу, кітап жазуға қамданғаны байқалады. Әттең, мұратына жете алмады. Ғалымның еңбегі Абай жайындағы бұрынғы-соңғы пайымдауларды түбегейлі қорыта келіп, оның қоғамдағы орны мен әдеби тілімізді жасаудағы атқарған рөлін дәл көрсетіп бергендігімен, тақырыбы етіп ұсынған «Абай-классик» деген тезисін жан-жақты дәлелдегенімен құнды еді.

Аталмыш еңбегін Құдайберген Қуанұлы: «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай,табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр; ол өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерденде Абайдың әдебиеттегі үздіктігі», — деп бастайды. Бұл баға «Абайды кім, Абай шығармашылығын қалай деп тану үшін» қазақ қоғамында, үлкен толқу туған кезде, жаңа қоғам өз байлықтарын қалай бағалаудың әлі белгілі бір жүйесін қалыптастыра қоймаған, сол үшін пікір күресі жүріп жатқан кезде жазылған.

Құдайберген Жұбанов: «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласы мен ұлы ақынның поэзиялық мұрасы, ондағы көркемдік ізденістер, жаңашылдық сипат, ұлттық мұраттар, заман алға тартқан толғақты мәселелердің түйінін тарқату, тағы да басқа әдебиет қазынасына қосылмақ олжаларды теріп-теріп көрсетіп, «Біріншіден, Абай — ойшыл ақын. Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі – ойшыл сезім. Оның ойы да сезімшіл ой. Сондықтан Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын ашып тұрады. Екіншіден, Абай тілінің сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеу, ырғағы, ұйқасы, Абай суретінің бейнесі — бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып, поэтикасы өлең қалыбына сыярлық қана болып қоймай, бірі олай, бірі бұлай да кетпейді, солардың әрқайсысы үлкен симфония оркестріндегі жеке музыка аспаптары сияқты өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып негізгі күйді шығарады, тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады. Үшіншіден, Абай – шығыс үлгісін көрмей, білмей, аман кеткен ақын емес, белшесінен кешіп барып, одан шығып, тастап кеткен ақын», — деп ақын шығармашылығын жоғары бағалаған. Ғалым ақын Абайды ескі мәдениет мұрасын дұрыс пайдалана білген ақын ретінде көрсете отырып, оның тындырған нақты істерін былайша санамалап көрсетеді. «Абай Шағатай әдебиетінің үлгісімен өлең жазып та көрген, бірақ ішінде қалмай, сыртына шығып, сол жолды іздеген. Абай қазақтың халық әдебиетінің айдын жолымен жүріп кетуге шамасы келе тұра, оны өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке шыққан. Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон, Шиллер, Гете, Лермонтов, Толстой ізімен батысқа жетелеген», — дейді ол.

Әдебиет арнасын басқа жаққа бұрумен байланысты өлеңнің мазмұндылығын, көркемдігі, бояуы өзгеру керек деп табады: а) өлеңдегі «басы артық» сөздерді шығарып, өлең сөзінің мәнділігін арттырады; б) көлденең суреттерді шағындап, қиындап, олардан жаңа бейне құрастырады, бұрынғы мақалмәтел, халық сенімі секілділердің қатып, құрысып қалған суреттерін қанды жүрдек кейіпке айналдырады; в) қазақ өлеңін түр жағынан байытып, жаңа өлшеулер, жаңа ұйқасымдар, жаңа ритмдер туғызады. г) әдебиет тіліндегі шығыс үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін де қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдебиет тіліміздің іргесін қалайды; д) көркем шығармаларды өзі де шығарып, ірі ақындардан аударып, әдеби аударманың, жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың үлгісін іспен береді; ж) мақалдардың жарамсызы көп екенін ашып көрсетіп, өзі де бірнеше мақал шығарады; з) қазақ музыкасына да жаңалық өндірудің талабын істейді.

Қ.Жұбанов ақынның шығармашылығын мұқият зерделей келе, ХІХ ғасырдың аяғынан бастап қазақ әдебиетінің көші «Абайдың арқасында Еуропаның классикалық әдебиетінің қалыбына түседі» деген танымға негізделген ой қорытындысына келеді. Ғалым М.Мырзахметов ғалымның аталмыш мақаласын зерттей отырып: «Қ.Жұбановтың ұлы ақын мұрасын терең сезініп, танудан туған кейбір ой тұжырымдары дәл бүгінге дейін айтарлықтай ғылымдық мәнге ие, тіпті абайтану саласындағы болашақта жүргізіле берер, іздену жұмыстарына бағыт-бағдар берер, зерттеу нысаны ретінде ұстанар өзекті ойларға да ұласады», — деген пікір келтіреді.

Сонымен қатар «Абай  жолы» — романымен әлемге танылған Мұхтар Әуезовтің өзі: «Құдайберген стилі жатық, тілі орамды, мейлінше шебер жазатын  адам, бұл еңбегі қазақ филологиясының, әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосылатын бағалы еңбегі еді. Абайдың өлең құрылысындағы ерекшіліктерді автордың новаторлығын және халық тілінің пайдаланудағы шеберлігін алғаш көрсетушілердің басында осы Құдайберген болды», — деп баға береді.

Анархан ЖӘНІБЕКОВА, Ағайынды Жұбановтар мемроиалдық музейінің қор сақтаушысы

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

ҚОҚЫС ҮЙІНДІЛЕРІН ТАЗАРТПАҒАН ӘКІМДЕР ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

Бүгіннен бастап банкроттыққа өтінім қабылдау басталады

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР КЕРЕМЕТТЕРІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.