«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАНДЫҚ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЛАЙ?

ГАЗЕТІМІЗДІҢ ТҰРАҚТЫ АЙДАРЫ — «БІЗДІҢ СҰХБАТТЫҢ» КЕЗЕКТІ ҚОНАҒЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ БАХРАМАН АМАНЖОЛ. АЛ ӘҢГІМЕМІЗДІҢ АРҚАУЫ – АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ БОЛДЫ.

— Бахраман Қуанышұлы, әне-міне дегенше жаңа оқу жылы басталады. Сұхбатымызды аудан мектептерінің жалпы оқу жылына дайындығы туралы бастасақ. Білім ошақтарына жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы айтып берсеңіз.

Бүгінде аудан мектептерінде оқу жылына дайындық қызу жүргізілуде. Барлық білім беру ұйымдарында ағымдағы жеңіл жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Мектеп ғимараттары 2025–2026 жаңа оқу жылын бастауға толық дайын. Өткен жылы аудан бойынша бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өткен еді. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табуда. Айталық, №4 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 324 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

Аталған мектепте оқитын 345 оқушы жаңа оқу жылында уақытша бірнеше ғимаратқа бөлініп оқитын болады. Айталық, 1-4 сынып оқушылары Ембі қалалық шығармашылық орталықта, 5-7 сынып оқушылары Ембі қызмет көрсету саласы колледжінде, ал 8-11 сынып оқушылары Ембі қалалық мектептен тыс №2 аула клубында оқиды. Қазіргі уақытта оқу процесіне бейімдеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал бала бақшаларға келетін болсақ, өткен жылы Бірлік ауылындағы №5 «Айгөлек» балабақшасына 51 млн 927 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда балабақша толықтай жөндеуден өткен жаңа ғимаратқа көшірілді. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Каспий Құрылыс ЛТД2017» ЖШС-і атқарды. Ал Егіндібұлақ ауылындағы «Арай» бөбекжай бақшасы икемделген ғимаратта орналасқан. Қазіргі уақытта Бұлақты негізгі орта мектебінің жанындағы қосымша ғимаратқа 121 млн 236 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын жүргізуші — «РегионСервисАктобе» ЖШС-і. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң «Арай» бөбекжайбақшасы жаңа ғимаратқа көшіріледі. Жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекте аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар бөбекжай-бақша оңтайландырып мектепке қосылып, мектеп-балабақшаға айналады. Осы жылы Қандыағаш қаласындағы «Жансая» бөбекжай-балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты балабақшадағы балалар аудан орталығындағы басқа балабақшаларға уақытша орналастырылды. Жөндеу жұмыстарын «АқСтройПроект» компаниясыжүргізеді. Аталған мердігер мекемеге тиісті қаржы көлемі бөлініп, жөндеу жұмыстары жақын арада басталады.

-Енді мектеп оқушыларына ойыссақ. Жалпы жаңа оқу жылында қанша оқушы партаға отырады? Оның ішінде бірінші сыныпқа қабылданатын бала саны қанша?

Қазіргі уақытта ауданда жалпы саны 37 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 2 бастауыш мектепте 22 оқушы, 11 негізгі мектепте 483 оқушы, 24 орта мектепте 12 236 оқушы білім алады. Жалпы оқушы саны – 12 986. Олардың ішінде 11 186 оқушы қазақ тілінде, 1800 оқушы орыс тілінде білім алмақ. Сыныптар бойынша бөлетін болсақ, 1– 4 сыныптарда 5194 оқушы, 5–9 сыныптарда 6272 оқушы, 10–11 сыныптарда 1520 оқушы оқиды. 2025–2026 оқу жылына 1-сыныпқа оқушыларды қабылдау еaktobe.kz электронды платформасы арқылы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 1239 бала тіркеліп, мектепке қабылданды. Оның ішінде 1128 бала қазақ сыныбына, 111 бала орыс сыныбына қабылданып отыр.

-Сондай-ақ осы оқушыларды білім нәрімен сусындататын мұғалімдердің біліктілік санаттары қандай?

Барлық білім беру ұйымдары жаңа оқужылын сапалы бастау мақсатында тиісті дайындық жұмыстарын жалғастыруда. Мұғалжар ауданының білім беру жүйесінде қазіргі таңдабарлығы 2154 педагог қызмет атқарады. Оның ішінде 370 педагог мектепке дейінгі ұйымдарда, 72 педагог қосымша білім беру ұйымдарында және 1712 педагог жалпы орта білім беру ұйымдарында жұмыс істейді. Бұл аудан көлеміндегі білім саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуде маңызды көрсеткіш болып табылады. Жалпы білім беретін мектептерде жұмысі стейтін педагогтердің 84,2 пайызы жоғары білімді мамандар санатына жатады. Бұл – білім сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар жоғары санатты педагогтердің үлесі 73,9 пайыздықұрап отыр, бұл педагогтердің кәсіби деңгейінің жоғары екенін және үздіксіз дамуға ұмтылатынын көрсетеді. Аудандағы педагогтердің кәсіби біліктілік деңгейі де жоғары. Атап айтқанда, педагог-модератор санатындағы мамандар саны – 619, педагог-сарапшы – 430, педагог-зерттеуші – 408, педагог-мастер санатындағы жоғары деңгейлі бірмаман жұмысістейді. Бұл мәліметтер аудан көлемінде педагог кадрлардың кәсіби дамуы мен біліктілік санаттарының артып келе жатқанын және білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесін айғақтайды.

— Педагогтердің біліктілігін арттырумен қатар білім сапасының да жоғарылайтынын тілге тиек еттіңіз. Осы орайда аудан мұғалімдері білімдерін қандай орталықтарда жетілдіреді? Осы туралы айтып беріңізші.

Мұғалжар ауданы бойынша педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде жүйелі ұйымдастырылып келеді. Бұл бағыттағы іс-шаралар білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, сондай-ақ жаңа білім беру мазмұнына сәйкес жұмыс жүргізу мақсатында қолға алынған. 2024–2025 жылдар аралығында аудан мектептері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қызмет ететін 991 педагог түрлі пәндер бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтті. Бұл курстар «Педагогикалық шеберлік орталығы» және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы ұйымдастырылды. Аталған орталықтарда өткізілетін курстарзаманауи білім беру талаптарына сәйкес құрылып, мұғалімдердің әдістемелік, психологиялық және пәндік құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған. 2025 жылдың соңына дейін қосымша 561 педагогті онлайн және оффлайн форматта курстарға қатыстыру жоспарланып отыр. Бұл курстарда педагогтер жаңартылған білім беру мазмұны, критериалды бағалау жүйесі, цифрлық технологияларды тиімді қолдану, инклюзивті білім беру сияқты өзекті бағыттар бойынша білімін жетілдіретін болады. Жалпы, аудан бойынша жүргізіліп отырған бұл шаралар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруменқатар, білімберу ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің сапасын көтеруге де зор үлес қосады. Сондай-ақ мұғалімдердің жаңа педагогикалық тәсілдерді меңгеруіне, оқушылардың білім деңгейін жақсартуға және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.

-Ал осы оқу жылында жұмысқа қабылданатын жас мамандар туралы айтыпөтсеңіз. Жалпы ауданның білім саласында кадр тапшылығы барма?

— Иә, ауданның кейбір мектептерінде кадр жетіспеушілігі бар. Әсіресе, ауылдық жерлердегі білім ошақтарына мамандар қажет. Қазіргі уақытта 25 маманның орыны бос тұр. Олар — физика, математика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, биология, музыка, психолог, алғашқы әскери дайындық, информатика, еңбек пәндерінің мамандары мен тәрбиеші, кітапханашылар. 2025 жылы Мұғалжар ауданына жоғары және арнаулы орта оқу орындарын тәмамдаған 62 жас маман педагог ретінде келіп отыр. Бұл көрсеткіш аудан мектептеріндегі кадр тапшылығын толық өтеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аудан бойынша 6 жалпы білім беру мекемесінің директорлық лауазымы бос тұр. Атап айтқанда, Алтынды ЖББОМ, Ақсу НОМ, Елек НОМ, Талдысай ЖББОМ білім беру ұйымдарының үміткерлерінен 4 мектеп директорының лауазымына құжат тапсырған кандидаттар Ұлттық тестілеу орталығының тестілеу кезеңінен өтіп, әңгімелесу кезеңін күтіп отыр. Қалған Бұлақты ауылындағы Бұлақты НОМ, Жаңатұрмыс ауылындағы Жаңатұрмыс НОМ үміткерлері белгіленген тәртіп бойынша тестілеуге алдағы уақытта қатысады. Сонымен қатар 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларының» 7-тармағына сәйкес, комиссия шешімімен Қандыағаш қалалық №1 ЖББОМ және Қандыағаш қалалық №2 ЖББОМ директорларын ротациялау туралы шешім қабылданды. Осыған орай, 2025 жылғы 28 тамыздан бастап Мұғалжар аудандық білім бөлімінің ішкі бұйрығына сәйкес, №1 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебіне Ж.Әбденова, ал №2 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебіне Б.Өтешова басшы ретінде тағайындалатын болады.

— Оқушылардыңойөрісін дамыту мен мұғалімдердің біліктілігін арттырудан бөлек мектептердің материалдық-техникалық базасы мықты болғаны абзал. Аудан аумағындағы білім ошақтарының материалдық базасын жаңғырту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

— 2025–2026 оқу жылына дайындық аясында білімберу ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтатын болсам, аудан мектептеріндегі пәндік кабинеттерді жаңғырту бағытында жалпы көлемі 33 295,4 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, тиісті құрал жабдықтар сатып алынды. Сонымен бірге мектеп жиһаздарын жаңартуға 80 670 мың теңге, кітапхана жиһаздарын сатып алуға 12 036,2 мың теңге, мектеп асханаларын қажетті құралдарменжабдықтауға 6 116 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар білім беру мекемелеріндегі оқыту процесінің сапасын арттыруға, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге аудан мектептерінің спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі кезең-кезеңімен жаңартылып, толықтырылып отырады. 2024 жылы білім беру ұйымдарын спорттық инвентарьмен жасақтау бағытында нақты жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Ащысай негізгі мектебімен Темір №59 бастауыш мектебіне жалпы құны 2 млн 896 мың теңге болатын спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жабдықтаушы мекеме – «МОХАММАД ИСАК» ЖК-і. Бұл жұмыстар оқушылардың салауатты өмір салтынұстануына, дене тәрбиесі сабақтарының тиімді өтуіне және мектепішілік спорттық шараларды сапалы ұйымдастыруға оң ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта да аудан мектептерін спорттық құралдармен кезең-кезеңімен жасақтау жұмыстары жалғасын табатын болады.

-Мектеп оқушыларының мектеп оқулықтарымен қамтамасыз етілуі – сапалы білім берудегі басты құрал екені рас. Оқушылардың қажетті оқулықтармен толық қамтамасыз етілуі бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? Осы жұмыстарға жеткілікті қаржы бөлінді ме?

2025–2026 оқу жылына Мұғалжар ауданы бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге қосымша қажеттілік туындауына байланысты жалпы саны 36 110 дана оқулыққа тапсырыс берілді. Аталған оқулықтар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес пәндер мен сыныптар бойынша жүйеленіп, білімберу ұйымдарының сұранысы негізінде жоспарланған. Бұл мақсатқа 123 128,6 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлініп, отандық ірі баспалармен келісімшарттар жасалды. Оқулықтарды жеткізуді 10 баспа қамтамасыз етеді. Олар «Атамұра», «Алматы кітап баспасы», «Мектеп», «Көкжиек-Горизонт», «Центр САТР», «EDU Stream», «InterPress Distribution», «Mega Education», «Study INN» ЖШС-тері мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы. Барлықоқулықтар 2025 жылғы 20 тамызға дейін толық тасымалданады депжоспарлануда. Қазіргі таңда жеткізу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында аудан мектептеріндегі барлық оқушы 100% оқулықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалы білім беруді қамтамасыз етудің маңызды кезеңдерінің бірі және оқу процесінің үздіксіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде маңызды екенін айтқым келеді.

-Таяу күндері әлеуметтік желіде міндетті мектеп формасын жою туралы қоғамдық бастама күш алып, қызу талқыға түсті. Сіз осы мәселе туралы не айтасыз? Биылғы мектеп формасында өзгерістер бола ма?

— Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістер негізінде мектеп формасы мәселелерін талқылауға балалардың ата-аналары мен басқа да заңдыөкілдері, мектептің өзін-өзібасқару мүшелері, қамқоршылық кеңесіжәне ата-аналар комитеті қатысып, өз ұсыныстарын енгізуі көзделеді. Менің ойымша, мектептерде барлық оқушылардың мектеп формасы бірдей болғаны абзал. 2025- 2026 оқужылында білім алушыларға ұсынылатын мектеп формасында өзгеріс жоқ. Білім алушылардың бірыңғай сыртқы келбетін қалыптастыру және сыртқы келбет мәдениетін тәрбиелеу мақсатында жаңа оқужылынан бастап классикалық мектеп формасын кию міндетті. Ұлдар үшін қою көк түсті жилет, ақ көйлек, классикалық үлгідегі қою көк шалбар, галстук, қаратуфли. Шалбар тобықтан түсіп тұруы қажет. Ал қыздарға қою көк түсті жилет, ақкофта, тізеден 10 см төмен ұзындықтағы қою көк белдемше, қара туфли, ақ бантик. Салқын мезгілде жилеттің орнына мектеп стилі мен түс гаммасын сақтай отырып, пиджак киюге рұқсат етіледі.

— Соңғы жылдары аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құрал үшін біржолғы жәрдемақы берілуде. Осы жеңілдікті ауданда қанша отбасы ала алады?

-Мұғалжар ауданы бойынша жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы және арнайы санатқа жататын оқушыларға бір реттік қаржылай көмек көрсету мақсатында құжат қабылдау жұмыстары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аудан мектептерінен барлығы 647 оқушының құжаттары жинақталып, тиісті бөлімге жолданды. Солардың ішінде 300 балаға жалпы көлемі 13 868,4 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қаражат ата-аналардың немесе қамқоршы тұлғалардың есепшоттарына аударылып, оқушылардың мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын алуға бағытталды. Қалған оқушыларға арналған қаражаттың аударылуы — 2025 жылдың 20 қыркүйегіне дейін толықтай аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта ауданда осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл қолдау – балалардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау және әлеуметтік теңсіздікті төмендету мақсатында атқарылып жатқан нақты іс-шаралардың бірі.

Биылғы оқу жылында әлеуметтік аз қамтылған 5 санатқа кіретін отбасылардың балаларыныстық тамақпен қамту қалай жүргізіледі. Қанша бала ыстық тамақпен қамтылады?

Бес әлеуметтік санатқа жататын оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 115 000,0 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бөлінген қаражат аясында жаңа оқу жылында 376 оқушыны тегін ыстық тамақпен қамту көзделіп отыр. Бес санат бойынша тегін тамақтанатындардың қатарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысыеңтөменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілер жатады. Ал ыстық тамақпен қамтылатын бастауыш сынып оқушыларына келетін болсақ, осы жылы аудан бойынша 5074 бала тегін ыстық тамақпен қамтылады. Биылғы оқу жылында бір оқушыға күнделікті ыстық тамақтың құны – 646 теңге мөлшерінде белгіленді. Бұл қаражатқа балалардың жас ерекшеліктеріне сай құнарлы және теңгерімді тамақ ұйымдастырылады.

Көп ұзамай қылышын сүйретіп қыс келеді. Қала мектептерінің орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылатынын білеміз. Ал көгілдір отын тартылмаған ауылдардағы білім ошақтарының қысқы маусымға дайындығы қандай? Қатты отынмен жылытылатын мектептерге отын түсірілді ме?

2025–2026 оқу жылына дайындық жұмыстары аясында ауданымыздағы білім беру ұйымдарын қысқы жылу маусымына дайындау мақсатында қажетті қатты отынмен қамту толық көлемде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептерге – 1645,4 тонна, ал мектепке дейінгі ұйымдарға – 171 тонна қатты отын жеткізіліп, толық тасымалданды. Қазіргі таңда барлық білім беру мекемелерінде қатты отын тиісті орындарға қойылып, сақтауға арналған қоймалар талапқа сай жабдықталған. Аудан бойынша қысқы маусымға дайындық деңгейі өте жақсы деп бағаланып отыр. Бұл – жаңа оқу жылының қалыпты жағдайда басталуына және оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылыту жүйелерінің техникалық жағдайы тексеріліп, жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталды.

-Енді аудан мектептеріндегі балалардың қауіпсіздігі жолында жасалып жатқан жұмыстарға, оның ішінде бейне бақылау жүйесіне тоқталсаңыз.

Аудандағы барлық мектепте бейнебақылау камералары бар. Қазіргі таңда аудан мектептерінде жалпы саны 700-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Құрылғылар мектептердің сыртын, дәліздерін, актзалдарын, спорт залдарын, асханаларды бақылап тұр. Сонымен бірге оқу кластарына да қойылды. Бірқатар мектептерге дабыл түймелері, турникеттер орналастырылды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы Мұғалжар ауданының 11 жалпы білім беретін мектебіне бейнебақылау жүйесін орнату жоспарланып, әр мектепке 4 875,73 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бүгінде Ембі қаласындағы №7 мектеп жанындағы интернат, Қайыңды, Мұғалжар, Ақкемер, Сағашилі, Құмсай, Құмжарған, Жаңажол, Қ.Жұбанов атындағы, Ы.Мұхамеджанов атындағы, Саға жалпы білім беретін орта мектептерге жалпы құны 53 млн 633 мың теңгені құрайтын бейнебақылау жүйелері орнатылды.

— Әңгімеңізге рақмет

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНА ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ ТАРТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда республикалық маңызы бар 4,7 мың шақырым жол салынады

admin_mugalzhar

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.