Ақтөбе облысында халықаралық «World Clean Up Day» экологиялық акциясы өтті. «Таза Қазақстан» ұранымен өткен шараға экобелсенділер, қоғамдық ұйымдар мен аймақтың ірі өндірістік кәсіпорындары қатысты.
Бұл халықаралық бастама жыл сайын әлем бойынша миллиондаған адамды қоршаған ортаны қорғау үшін біріктіреді. Ақтөбеде аталған акцияға мыңға жуық ерікті қатысып, қалдықтарды жинап, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосты.
Акцияға облыстың ірі кәсіпорындары — «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС, «Қазхром» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Урихтау Оперейтинг» ЖШС, «Каспий мұнай ТМЕ» ЖШС, «Стройдеталь» ЖШС, «Алтиес Петролеум» ЖШС, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС және басқалар белсенді қатысты. Әсіресе, «Жасыл ел» жастар қозғалысының белсенділері үлкен қолдау көрсетті.
Қатысушылар қаланың саябақ аймақтары мен көшелерін тазалады.
«Біз айналамыздың тазалығы ең алдымен өзімізге байланысты екенін түсінеміз. Бүгінгі акция – тек қоқыс жинау емес, сонымен қатар өскелең ұрпаққа табиғатты аялаудың үлгісін көрсету мүмкіндігі», — деді акцияға қатысушы, студент және «Жасыл ел» жастар қозғалысының волонтері.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында жиналған қалдықтардың көлеміне және акцияның кең ауқымдылығына ерекше мән берілген. Жалпы 400 тоннадан астам қоқыс жиналды. Мұндай бастамалар халықтың экологиялық мәдениетін арттырып қана қоймай, табиғатқа деген жауапты көзқарастың маңыздылығын еске салады.