«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БЕРЕКЕЛІ ӘУЛЕТТІҢ ТӘЛІМІ

ОТАУ ҚҰРҒАНДАРЫНА 45 ЖЫЛДАН АСҚАН ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР МАҚАШ ҚОЖИН МЕН АҚМАРАЛ АЛДИЯРОВА САҒАШИЛІ АУЫЛЫНДА ТҰРАДЫ. ГАЗЕТІМІЗДІҢ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІНДЕ ӨМІРЛЕРІН ЕҢБЕККЕ АРНАП, ҰРПАҒЫН ІЗГІЛІККЕ БАУЛЫП, ЕЛГЕ ҮЛГІ БОЛЫП, ӘДЕМІ ҚАРТТЫҚТЫҚ ҚЫРҚАСЫНДА ШЫҚҚАН ОСЫ ҚАРИЯЛАР ЖӨНІНДЕ ЖАЗҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК.

Мақаш Қожин тағдырдың қиындығын ерте татқан жан. Сегіз жасында ата-анасынан айырылып, интернатта тәрбиеленді. Тұл жетім болса да қиындыққа мойымай, мектепті тәмамдап, Темір индустриалды техникумына мал дәрігерлік оқуына түседі. Оқуын аяқтаған соң қазіргі Сағашилі, бұрынғы Победа совхозында еңбекке араласып, ауыл шаруашылық саласында мал дәрігері болып, елеулі еңбек етеді. 1971 жылдан бастап, зейнеткерлік жасқа жеткенше осы салада үздіксіз жұмыс жасап, көп жылғы тәжірибесімен аудандық ветеринариялық инспектор қызметін де абыроймен атқарды.

Ал Ақмарал апай он жылдық мектепті аяқтағаннан кейін балалар бақшасында тәрбиешілік қызметінде болды. Уақыт өте ветеринариялық дәріханада, автобус кассирлігінде еңбек етті. Еліміз тәуелсіздігін алып, совхоз тараған тұста бес баламен зейнеткерлікке ерте шықты. Екі тағдыр 1979 жылы тоғысып, шаңырақ көтеріп, 3 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білім алып, бүгінде түрлі салада қызмет атқаруда.

Ұрпақ тәрбиесі — ең үлкен жауапкершілік. Біз үшін басты міндет балаларымыздың жақсы азамат болып қалыптасуы еді. Олар адал еңбек етсе, елге пайдасын тигізсе, біз соған бақыттымыз, — дейді ерлі-зайыптылар.

Ақмарал апай мен Мақаш аға әрқашан балаларын адалдыққа, еңбексүйгіштікке баулыды. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасын ұстанып, соны үй ішінің басты ұстанымы етті.

Жастайынан балаларымызға еңбектің қадірін ұғындырдық. Өздері де қиындыққа төтеп беруді, бір-біріне сүйеу болуды үйренді. Қазір немерелерімізге де сол өнегені жеткізіп жүрміз, — дейді Ақмарал әжей.

Мақаш аға да отбасындағы тәрбиенің мәнін терең түсіндіріп, «Ата-ана баласына тек қамқорлық қана емес, дұрыс бағыт беруді де білуі тиіс. Армансыз адам болмайды. Сол себепті мақсат қойып, соған жетуге талпынған адам ғана табысқа жетеді. Дегенмен адам баласы мақсаты жолында адамгершілік пен арожданды ұмытпау керек», — деп аталық ақыл-кеңесімен бөлісті.

Бүгінде олар кенже ұлының қолында, немерелері мен шөберелерінің ортасында шаттыққа кенеліп отыр. Ұлықпандай ұрпағымен мың жасаған Мақаш ата мен Ақмарал әжейдің бүгінде он бестен астам немересі мен жиені бар.

Отбасы – берекенің, еңбектің, тәрбиенің озық үлгісі. Біздің өмірлік ұстанымдарымыз — тәрбиелеп отырған ұрпағымызға аманат. Еңбекпен шыңдалған тағдыр, мейіріммен өрілері сөзсіз. Бүгінде әулетіміздің қызығын көріп отырғанымызға шүкіршілік етеміз. Бақыт деген – осы. Балалардың амандығы, немерелердің шат күлкісі бізге қуат береді, – деп әңгімелерін шүкірлікпен түйіндеді қариялар.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Биыл Ақтөбе облысында 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

admin_mugalzhar

299 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҮЙЛЕРІНДЕ ДАУЫС БЕРДІ

admin_mugalzhar

«ONER FESTIVAL»: МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ОҚУШЫЛАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.