«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Таңжарбай ЖОЛДАСБЕКОВ, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: ЖҮРЕГІМДЕ ҚАЛҒАН ІЗ…

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ…
1986 ЖЫЛ. ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ ЖҰРТ ЖАДЫНДА ӘЛІ КҮНГЕ ЖАҢҒЫРЫП ТҰР. СОЛ КЕЗДЕ БОЙЫНДА ҰЛТТЫҚ РУХЫ АСПАНДАҒАН ҚАЗАҚТЫҢ ӨРІМДЕЙ ҚЫЗ-ЖІГІТТЕРІ ӨЗ ЕЛІНІҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАП, ОРТАЛЫҚ АЛАҢҒА ШЫҚТЫ. СОЛАРДЫҢ ІШІНДЕ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ БІР ТОП ЖАСТАР ДА БОЛДЫ. АЛТЫН ТҰҒЫРЫМЫЗ САНАЛАТЫН ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНЫҢ ОСЫ КУӘГЕРЛЕРІН СӨЗГЕ ТАРТЫП, ЕСТЕЛІКТЕРІН ЖАЗЫП АЛДЫҚ…
-1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болған кезде 3-курстың орыс тобында оқитынмын. 16 желтоқсанда кешкілік №4 жатақханада студенттер арасында «ертең алаңға студент жастар бейбіт шеруге шықпақшы. Қонаев атамызды орнынан алып тастапты, орнына Қазақстанды мүлде білмейтін Колбин дегенді әкеліп койды» деген күбір-сыбыр әңгімелер көбейіп жатты. Бұл әңгімеге бей-жай қарай алмадым. Содан 17-ші желтоқсанда таңертең бір топта оқитын курстастарыммен бірге алаңға бардық. Алаңда әр жерде 20-30-дан топтасқан қызжігіттер жиналып тұрды. Жарты сағаттай уақыт өткен шамада жан-жақтан қолдарында ақ матаға жазылған ұрандары бар топтасқан қыз-жігіттер легі келе бастады.

Жастар «Менің Қазақстаным», «Атамекен», «Бейбітшілік сақталады» атты патриоттық әндерін шырқап, «Әр халыққа — өзінің көсемі», «Басқа ұлтқа артықшылық берілмесін!» деп жазылған ұрандар ұстап, алаңда шерулетіп, түске дейін жүрдік. Түс мезгілі шамасында жүруді тоқтатып, алаңның «Казтелерадио», «Агропром» ғимараты жағынан үлкен трибунаға қарап тұр-дық . Бізді алаңның ортасына жібермей, бізге қарама-қарсы аралары бір-бір жарым метрден милиция қызметкерлері тұрды. Алдыңғы қатарда тұрған кезде қасымда болған Бисенбай Әлжанов, Тойғанбек Икенбаев, Қазыбек Мәліков, Өтебай Қалжанов, Бақытбек Омаров және мен бірібірімізді қолтықтап тұрған сәтте фотоға түсіп қалыппыз. Бұл фотода ортада ақ көй-лек киіп, басы солға қарап тұрған жігіт менмін. Фото барлық оқиға басылғаннан кейін жылдар өте табылды. Сол кезде бұл фото құзырлы органдардың қолында болғанда, күнімнің не болары белгісіз.
Сонымен алаңға оралсақ, жиналған жастар айқайлап, «Қонаев атамызды шақырып, трибунаға шығарыңдар, биліктен кету себебін өзі айтып, түсіндірсін, содан кейін кетеміз» деп талап қойды. Сағат 17:30 шамасында күн батып, қараңғылық түсе бастаған сәтте қолдарында үлкен қалқандары, бір метрге жуық резина таяқтары, бастарында каска, беттерін қорғайтын әйнек маскалар, белдерінде сапер күректері бар, түрлері сұсты арнайы әскери жасақтар автобустармен лек-легімен келіп жатты. Кейбіреулерінің қолында шынжырлаулы қасқыр тәріздес үлкен иттері де болды.
Студент жастарды тарата алмағасын, өрт сөндіру автокөліктерінен мұздай су атқылау басталды, милиция мен арнайы әскери жасақтар алаңдағы жастарға лап беріп, күш қолданып, резинка таяқпен, сапер күректерімен ұрып-соқты, алдыңғы шептегі қызжігіттерді ұстап алып, автобустарға, будкасы бар автокөліктерге күштеп тиеп әкетіп жатты. Сол кезде біз шашыраған мұздай судан қашып, жастардың орта тұсында жүрген болатынбыз, атқылаған судың екпіні орта тұсқа жеткен кезде, қасымдағы Бисенбай Әлжанов «кеттік, қолға түссек оңдырмайды» дегесін, бас сауғалап қаша бастадық. Бейбітшілік көшесімен жүгіріп, «Абай» даңғылына шығып, өзіміз тұратын №4 жатақханаға келдік.
Студенттерді жатақханаға қамап тастап және келесі күнгі сабақты болдырмай, алаңдағы дүрбелең аяқталғанша, келесі күннің түс мезгіліне дейін ешкімді ешқайда жібермей қойды. Жатақхананың бірінші қабаттағы терезелерінің барлығы да сыртынан темір тормен бекітілген еді. Жатақхана ішіндегі буфеттен студенттерге нан, балық, айрансүт өнімдерін талон арқылы бір мезгіл тегін бергізді.
18-ші желтоқсанда ертеңгісін сағат 9:00 шамасында бір топ жас жігіт жатақхана қасына келіп, «не істеп жатсыңдар, неге шықпайсыңдар?» деп айқайлап келе жатқан кезде әскерилер келіп, оларды қуып кетті… Сол күні түстен кейін жатақхана есігі ашылып, бізді жиналыс залына жинап, оқиғаны талқыға салып, саралау шаралары басталды. 1986 жылдың 20 желтоқсанына дейін көшеде қазақ жастарына екі адамнан артық бас қосуға тыйым салынды. Егер үш қазақтың басы қосылғанын көрсе, милиция сөйлеспестен алып кетіп, тергеу жүргізілетіні ескертілді.
Институттың ақылды, көреген басшысы, ректорымыз Қ.Сәбденовтің араласуымен көптеген қысым жасаушылықтар тоқтатылды. Бірнеше тексерістен өтіп, қуғын-сүргінге ілікпей, 1989 жылы институтты ойдағыдай бітіріп, жоғары білімді мал дәрігері мамандығын алып шықтым. Одан кейін туған жеріме оралып, елімнің дамуы жолында елеулі еңбек қостым. Сөз соңында айтарым, тәуелсіздіктің басты құндылығы — тіл, жер, экономика. Тілі дамыған, жері кең, экономикасы өркендеген елдің болашағы зор болмақ. Тәуелсіздік – ұлы ұғым, асқақ сезім. Сол биігін жүрекпен сезіну қажет. Қазақтың басты байлығы тәуелсіздік екенін әрбір қазақ шынайы сезінсе, бабалар мұратының орындалғаны дер едім.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандық әскери спортшы Азия чемпионатында топ жарды

admin_mugalzhar

МАЛИКАНЫҢ МУЗЫКА ӘЛЕМІ

admin_mugalzhar

ЖОЛДАУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.