1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы, базалық және ынтымақты зейнетақының барлық түрінің мөлшері Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға ұлғайтылды.
Атап айтқанда, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені, ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгені құрайды.
Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері қалай өсті:
1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін ұлғаяды;
көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы барларға — 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды;
I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға — 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға — 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін ұлғаяды.
Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша төлемдер де 10%-ға артты.

