Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген қорытынды сөзінде жаңа Конституция жобасына қатысты пікірін білдірді, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысы осыған дейін Конституциялық комиссияның он отырысы өткенін атап өтті.
«Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. «Ата Заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн» деген байлам жасады. Соған сәйкес қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Мен мұны өте жақсы үрдіс деп санаймын.
Азаматтарымыз Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті және белсенділігі артып келеді. Бұл – менің саяси бағдарымда көрсетілген негізгі міндеттердің бірі.
Еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «плюрализмге – ашықпыз, экстремизмнен – қашықпыз» қағидаттары өте маңызды. Сол арқылы қоғамдық диалогтің дамуына, еліміздің үздіксіз алға басуына жол ашылады.
Қазірдің өзінде бір нәрсені күмәнсіз айтуға болады: жұртшылық назарына мүлде жаңа құжат ұсынылып отыр. Бұл құжат мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскенін, яғни сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітетініне тоқталды.
«Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы Конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.
«Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз», деді Президент.

