Сағашилі ауылында еркін күрестен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында спорт ардагері, ұстаз-жаттықтырушы, қазақ күресінен спорт шебері Анарбек Чолпанкуловтың жүлдесіне арналған ашық біріншілік өтті. Аталған жарысты ауыл жастары мен Анарбек Бөлекбайұлының шәкірттері бірлесе ұйымдастырып, ел ішінде спортты дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті. Сонымен қатар бұл дода Сағашилі ауылының 90 жылдық мерейтойымен тұспатұс келіп, мерекелік маңызын арттыра түсті.
Ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен жарысқа Ақтөбе, Қандыағаш қалалары мен Хромтау, Алға, Ойыл, Қобда, Темір аудандары, сондай-ақ Орал және Ембі қалаларынан барлығы 12 команда қатысты. Осы дүбірлі додада бақ пен бап сынаған 2013–2015 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен 2011–2013 жылдары туған қыз балалар боз кілемде өзара мықтыны анықтады. Жас балуандардың әрбір белдесуі тартысқа толы өтіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Жарыстың ашылу салтанатына Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Каюпов, №2 Қандыағаш қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Қарасай Омаров, Сағашилі орта мектебінің директоры Қайрат Сәрсенбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, игі бастаманың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар турнирдің құрметті қонағы Анарбек Чолпанкуловқа Қандыағаш №2 БЖСМ директоры Нұрсұлтан Иманғазиннің атынан шапан жабылып, Алғыс хат табысталды. Ал Сағашилі орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Орынбасар Жалғас өз сөзінде ұстаздың еңбегіне тоқталып өтті.

— Анарбек Бөлекбайұлы Ақтөбе өңірінде спортты дамытуға елеулі үлес қосқан тұлға. Ол осы ауылда еркін күрестің негізін қалап, талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінде сол шәкірттердің өзі шәкірт тәрбиелеп, ұстаз жолын жалғастырып келеді. Бұл – еңбектің жемісі, — деп атап өтті.
Жарыс барысында ардагер жаттықтырушы Анарбек Бөлекбайұлын сөзге тарттық.
— Мен осы ауылға келіп, күрес үйірмесін аштым. Содан бері 30 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде мектепте де, спорт мектебінде де еңбек етіп, бар өмірімді бала тәрбиесіне арнадым. Осындай жарыстардың ұйымдастырылып, жастардың спортқа бет бұрып жатқанына қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді ардагер-жаттықтырушы.

Шынында да, бұл жарыстың басты ерекшелігі – ауыл жастарымен ұстаз шәкірттерінің ауыз-біршілігі мен ұйымшылдығы. Олар бірлесе отырып, тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор турнир өткізді. Бұл – ауыл спортының дамып, жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Тартысты белдесулерге толы өткен жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, лайықты марапаттарға ие болды.
А.МАНАСБАЕВА

