ТУҒАН ЖЕРІНЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТІП, ЕЛ ДАМУЫНА ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНІҢ ӨМІР ЖОЛЫ БҮГІНГІ ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ. СОНДАЙ ЖАННЫҢ БІРІ – МАЙДАНГЕР, ЕҢБЕК АДАМЫ ЖЫЛҚАЙДАР ИСМАИЛОВ.
Жылқайдар Смайылұлы 1915 жылы қаңтар айында Шалқар ауданында дүниеге келген. Ес білгеннен еңбекке араласып, су айдайтын мекемеде механик-машинист болып қызмет атқарған. Жастайынан техникаға бейім болып, еңбекқорлығымен көзге түскен. 1931-1937 жылдары Бершүгір жол дистанциясында жол жөндеуші болып еңбек етсе, 1937 жылы әскер қатарына шақырылып, Финляндия соғысына қатысады. Кейін 1941-1947 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңдерін бастан өткеріп, соғыстан қираған қамалдарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. 1947 жылы елге аман-есен оралған Жылқайдар Исмаилов №59 разъездегі анасы Ақалтынмен, бауырларымен қауышып, бейбіт өмірдегі еңбек жолын жалғастырады. Соғыстан кейін де теміржол саласында табанды еңбек етіп, 1972 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан. Туысқандары Жылқайдар атаның бойындағы ерекше қыры – жылқы баптау өнері болғанын айтады. Жем бойында асау үйір жылқыны қолға үйретіп, жастарға ақыл-кеңесін беріп отырған екен. Асау жылқыға бас білдіріп, бағындыру – үлкен шеберлік пен сабырды қажет ететіні сөзсіз. Жылқайдар ата осы өнері арқылы айналасына сыйлы болған деседі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бос отырмай, Бершүгір жол дистанциясына келіп, жастармен кездесулер өткізіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырған. Еңбегі еленіп, Отан соғысындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі адал қызметі үшін бірнеше мәрте орден, медальдармен марапатталған. Сонымен қатар Социалистік жарыстың жеңімпазы да атанған. Жылқайдар Смайылұлының ізін жалғаған ұрпағы да еңбек жолын жалғастырып келеді. Ұлы Төрехан әкесінің жолын қуып, теміржолда машинист болып қызмет етті. Бүгінде ұрпақтары ата аманатына адал болып, ел игілігі жолында еңбек етуде.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ
Алдыңғы
Келесі

