Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жанның мүмкіндігін шексіз қылу мақсатында елімізде түрлі бағдарламалар дайындалып, адамдардың жылы алақаны мен қамқорлығына мұқтаж мүгедектерге мүмкіндігінше жағдайлар жасалып келеді. Соңғы күндері қаламызда ерекше жандарға өтеусіз негізде қызмет көрсететін арнайы жабдықталған инватакси қызметінің пайда болуы — осы жұмыстардың бір парасы. Бұл қызметтің арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар оқуға, жұмысқа, ем алуға, жаттығуларына алаңсыз барып-келе алады.
Мүмкіндігі шектеулі жанның мәселесі — назарда
Мұғалжар ауданы бойынша жалпы саны 1576 мүгедек есепте тұр. Олардың ішінде 120-сы I топқа, 577-сі II топқа, 616-сы ІII топқа жатады. Ал, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны — 263. Мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету және оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқандығын айтқан Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Камшат Бақытжанқызы және осы мақсатқа қомақты қаржының бөлінгенін жеткізді.
— Аудандағы мүмкіндігі шектеулі әрбір баланың жағдайын біліп, оларға қолдан келгенше көмектесіп отыру — біздің борышымыз. Балалардың денсаулығын оңалтуға бағытталған шараларды жүзеге асырып келеміз. Ауыр науқасты балаларды ауруханаларға орналастыруға, мекеме тарапынан санаторийлерге барып емделуіне, демалуына, төсекке таңылғандарға мүгедектер арбасын алуына көмектесеміз. Оларды қоғам назарынан тыс қалдырмау үшін бұл салаға бөлінетін қаражат та жыл сайын ұлғайып келеді. 2019 жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 14 ерекше бала «Ақтөбе қаласының сал ауруларды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінде күндізгі жартылай стационарға жатқызылып, ем қабылдады, — деді бөлім басшысы.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға санаторлық-курорттық ем алу үшін үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Өткен жылы олардың 77-не санаторийге емделуге жолдама беріліп, Батыс Қазақстан облысы, Шымкент және Алға қалаларындағы санаторлық мекемелерде ем қабылдады. Сондай-ақ, олар жыл сайын оңалтудың жеке бағдарламасында көрсетілген техникалық көмекші құралдарымен қамтамасыз етіліп отырады.
Инватакси — мүмкіндіктерге жол ашады
Облыс әкімі О.Оразалиннің тапсырмасы негізінде «Halyk bank» қолдауымен Мұғалжар ауданының тірек қимылы бұзылған ерекше адамдарына инватакси берілді. Бұл игі іске себепкер — үнемі мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық танытып жүретін «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бәйменова.
Инватакси қызметін бірінші топтағы мүгедектігі бар, жеке оңалту бағдарламасында көмекші немесе арба міндетті деп көрсетілген жандар пайдалана алады. Олар инватакси қызметімен жұмыс орны немесе оқу орнына, жергілікті атқару органдарына, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен заңгерлік қызмет көрсететін орындарға, нотариусқа, медициналық мекемелерге, теміржол вокзалы мен автовокзалға, әлеуметтік арнайы қызмет көрсету орындарына бара алады.
— Олар арнайы диспетчерге хабарласып, тапсырысты алдын-ала береді. Ал диспетчер тапсырыс берушілердің уақыттарына қарай жоспарлап, инватаксидің қа-жетті жандарға дер кезінде жеткізілуін қадағалайды. Орта есеппен бір тапсырысты орындау үшін 40-60 минут уақыт кетеді. Себебі, инватаксидің арнайы арба мінетін пандусының түсіріліп, қайта көтерілуі, арба дөңгелектерінің бекітілуі біршама уақыт алады. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы мамандандырылған инватаксимен қажетті жерге барып-келу ыңғайлы әрі қауіпсіз,— деді К.Құрманалина.
Мұғалжар аудандық ауруханасында рентгенолог болып қызмет атқаратын Кендебай Қалмұратов қызметіне бару үшін инватакси қызметін пайдаланып жүр.
— Қаламызға мамандандырылған инватакси қызметі келгеніне өте қуаныштымыз. Біз секілді мүмкіндігі шектеулі жандарға бұл үлкен көмек. Арбаға таңылып, өзгенің көмегіне мұқтаж адамға көшеде жүрмек түгілі, автокөліктерге мінудің өзі мұң. Сондықтан осыны ескеріп, қажетті мүмкіндік жасап жатқандарға ризашылығымыз шексіз. Жұмысым аяқталған сәтте диспетчерге хабарласамын, инватакси 10 минутқа жетпей келіп болады. Кейде босамай да жатады. Бір таксидің барлығын үлгеруі мүмкін емес қой. Алдағы уақытта да осындай инватаксилердің саны артса, жақсы болар еді, — дейді К. Қалмұратов.
Туғанынан церебральды сал ауруына шалдыққан Исахан Қалдыбаевтың анасы Ләззат Бердалиева баласының аптасына екі мәрте аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барып, өзі ұнататын нәрселерімен айналысатынын, түрлі суреттер бояйтынын айтады. Мамандандырылған инватаксидің келгеніне қуанған ана: «Осы уақытқа дейін Исаханды жергілікті әкімдіктің жеңіл автокөлігімен апарып-алып келетін едік. Осы жылдан бастап қаламызға инватаксидің келгеніне ризамыз. Аурухана, сауықтыру орталықтарына, шаштаразға бару үшін біз осы инватаксидің қауіпсіз қызметін пайдаланамыз», — дейді.
Инватаксиді пайдаланушылар Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө-ліміне жұмыс күндері сағат 09:00-18:00 аралығында 3-46-67 байланыс телефоны арқылы хабарласып, алдын-ала бір күн бұрын тапсырыс бере алады.
Мүгедек арбасына таңылу тағдырдың тауқыметі болғанмен, жаңа өмірді бастап, бақытты болуға кедергі бола алмайды. Қоғам болып осындай ерекше ұл-қыздарымызға қамқорлық жасау, олардың ата-аналарына моральдық тұрғыда демеу көрсету — біздің негізгі міндетіміздің бірі болуы шарт.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ