МАЛДЫҢ ҚАСИЕТІ МЕН ПАЙДАСЫН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНАН АРТЫҚ БІЛЕТІН ХАЛЫҚ ЖОҚ БОЛАР, СІРӘ. ӨЙТКЕНІ, ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ҚАЙСЫ- СЫН БОЛМАСЫН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАП, «ІШСЕҢ СУСЫН, ЖҮРСЕҢ КӨЛІК, КИСЕҢ КИІМ» ДЕП, ОЛАРДЫҢ ҚАСИЕТТЕРІН ҚАДІР ТҰТҚАН. ОСЫ БІР НАҚЫЛ СӨЗДІҢ МӘНІН ТЕРЕҢ ТҮСІНГЕН АТА КӘСІПТІ ЖАЛҒАСТЫРУШЫ ТАУМАНОВТАР ОТБАСЫ — МЫҢҒЫРҒАН МАЛДЫ АЛДЫНА САЛЫП АЙДАҒАН ШАРУАЛАР ОТБАСЫ.
Талдысайлық Таумановтар отбасын мұғалжарлықтар жақсы таниды. Олар атадан балаға мирас болған ата кәсіпті дамытып, мал шаруашылығын жалғастырып келеді. Бүгінде әулеттің кәсібін жүйелі жүргізуді қолға алған Нұрқасым Тауманов, бұл кәсіптің атадан балаға мирас болып келе жатқанын айтады. — Аталарымыз ашаршылық уақытта Байғанин ауданы Жарқамыс деген елдімекеннен қоныс аударып, Талдысай жеріне тұрақтаған. Атам Қуанғали жастайынан қой бағып, бертін келе жылқы қайырып, совхоздың мал санын арттыру ісінде елеулі еңбек етіп, құрметті зейнетке шықты. Ол өмірінің соңына дейін малшаруашылығынан қол үзбеді. Ал, әкем Батихан Тауманов әкесінің жанында жүріп, еңбекке ерте араласып, бал бағудың қыр-сырын жетік меңгерді, -дейді Нұрқасым Батиханұлы. Бүгінде ата жолын жалғаған үшінші ұрпақ Нұрқасымда шаруашылықты шыр айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол төрт түліктің жем-шөбін уақытында жинаумен қыстың қамын жасау, мал басын асылдандырумен ет өнімдерін тапсыру ісін де жүйелі жүргізеді.
— Менің таңдаған мамандығым теміржол саласы. Алайда, мен ата кәсіпті таңдадым. Көзімді ашқалы атаммен әкемнің қыстың сары аязы мен шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, аянбай еңбек етіп келе жатқанын көріп келемін. Бауырларым Орынбек пен Нұрбекте өзіміздің жеке қожалықта жұмыс жасайды. Біз ешқандай жұмысшы алмаймыз. Еңбектен қашпай, барлық жұмысты өзіміз атқарамыз. Шаруашылыққа керекті техниканың барлығы бар, оларды да өзіміз жүргіземіз, — дейді ол. Отбасылық кәсіптен нәсібін тапқан шаруалар отбасы болашақта мал басының санын одан әрі арттырып, олардан алатын ет-сүт өнімдерін кәдеге жаратпақ.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ