«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Киіз басып, текемет тіккен әже

БҮГІНДЕ КИІЗ БАСУ ӨНЕРІ КЕНЖЕ ҚАЛЫП БАРАДЫ. КЕЗІНДЕ ӘР ҮЙДІҢ ТӨРІНДЕ ТҰРАТЫН КИІЗ, ТЕКЕМЕТТІ ІЗДЕСЕКТЕ ТАППАЙТЫН БОЛДЫҚ. КИІЗ БАСУ ӨНЕРІН ҰЛЫҚТАП, НАСИХАТТАП ЖҮРГЕНДЕРДІҢ ДЕ ҚАТАРЫ АЗАЙДЫ. ҮЙІНДЕ ЖҮН ТҮТІП, ТЕКЕМЕТ БАСЫП, ІСМЕРЛІКПЕН АЙНАЛЫСАТЫН АДАМ САНЫ САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ. ДЕСЕК ТЕ, БАҒА ЖЕТПЕС БҰЛ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ АҚКЕМЕРЛІК ЖАНБӨПЕ ӘЖЕЙ ЖАҢҒЫРТЫП ЖҮР. ОЛ БАЙЫРҒЫ КИІЗ БАСУ ТӘСІЛІН КЕЛІНДЕРІНЕ АМАНАТТАП, ҚЫЗДАРЫНА ҮЙРЕТІП КЕЛЕДІ.

Ұмыт болып бара жатқан ұлттық өнерді насихаттап жүрген Жанбөпе Сырғабекованы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мен «Мұғалжар» газетінің тілшілері Ақкемер ауылына арнайы іздеп барып, киіз басу тәсілдерін үйреніп, жаңғырған көнеден тәбәрік алып қайтты. Киіз басу өнеріне қызығушылық танытып, үйренем деген жастардың барына қуанған Жанбөпе әжей ұлттық киімін киіп, жарқын жүзбен қарсы алды. Есік алдындағы сарайға киіз басу үшін қажетті заттардың барлығын дайындап қойыпты. Күш пен шыдамдылықты талап ететін бұл жұмысқа қыздары мен келіндерін де шақырған. Сөйтіп, сәнді киінген қыз-келіншектер киіз басуға белсене кірісіп кетті. Әжейдің бұлай жасауында да үлкен мән бар көрінеді. — Бүгінде киізді қажет ететін ұрпақ аз деуге болады. Бірі өзіміздің балаларымыз. Шаң жинайды деп пайдаланудан бас тартады. Сонда да соңымнан ерген балаларыма шамам келгенше үйретіп келемін. Оларды еңбекке баулып, дәстүрлерімізді ұмытпауға тәрбиелеп жүрмін. Киіздің пайдасыз кезі болмайды. Бүгінде түрлі елдерден келген жібек кілемдер де оны алмастыра алмайды. Ата-бабамыз киізді баспанасына жауып, басына сая етіп, еденіне төсеніш, үстіне киім қылып киді. Өлісін арулап, тірісіне сән-салтанат етіп көрсетіп, сыйлыққа берді. Тіпті, халқымыз тарихтағы хандарын да ақ киізге отырғызып хан еткен ғой, — деді Жанбөпе Сырғабекқызы. Киіз басу айтуға оңай болғанмен, оңай орындала салатын іс емес. Оған қолдың күшімен қатар, ептілік пен шыдамдылықты керек ететін машақаты көп жұмыс. Ауа райы да ыңғайлы, жылу болуы қажет. Жанбөпе әженің айтуынша, киіз басу үшін негізінен қойдың күзем жүні таңдап алынады. Ол үшін қойды өзен суына тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болады. Қолөнер шеберінің айтуымен жиналған келіншектер ши үстіне сабалған күзем жүнді шабақтап, тегістеп шықты. Оның үстіне қайнап тұрған суды себелеп «булап», тез арада шимен орап, «ырғау» әдісін жасады. Бұл жүннің басын біріктіретін маңызды әрекет көрінеді.

— Бұрын киіз басу кішігірім той іспетті өтетін. Ауылдың қызкеліншектері мен апа-әжелері асарлатып, белсене кірісетін. Қазан-қазан су қайнатып, келіндер жағы үлкен қазанға ет асып, апа-әжелер өлең айтып, өздерінің жақсы көңіл күйлерімен жасайтын. Киіз басу ауыл тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақыратын керемет дәстүр болатын. Мұндайда барлығы да бір үйдің баласындай қызмет етуші еді. Киіз басқан жерге ер адамды кіргізбейтінбіз. Себебі, үлкендер «киіздің басы бірікпей қалады» деп ырымдайтын, — дейді әжей.

Ыстық буымен балбырап жатқан киізді қатарласа отырған киізшілер шидің үстінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай жұла тартып алып, білегімен ұрып, аяққа салып басты. Білектеліп болған киізді ұзыннан екі қабаттап бүктеп, оның екі басын бір-біріне түйістіре жіппен көктеп, қарпу әдісін пайдаланып, киіздің ұзындығын шығарды. Киіз басудың кәнігі шебері болған Жанбөпе Сырғабекқызы киіз басудың дәстүрлі технологиясы сабау, шабақтау, булау, ырғау, білектеу, қарпу секілді әдістерінің барлығын көрсетті.

— Мен текеметтеріме қошқармүйіз, сынықмүйіз сынды оюларды салатынмын. Кейде балаларымның атын жазып сәндеймін. Қазір солардың кейбірі бар, бірақ басым бөлігі ескіріп қалды. Үйдегі киіздерімді жинап қойдым. Бүгінде келіндер заман талабы деп киіз төселмейтін болды ғой. Қазіргі жастар киіздің пайдасын білмеген соң солай жасайтын шығар, — деді ол.

Киіз басу барасында әңгімені әріден бастаған Жанбөпе әжей өзінің балалық шағын еске алды. Балалық шағы соғыс кезеңдерімен тұспа-тұс келіп, қиындықтардың көп болғанын, өзінің Арал өңірінде туып-өсіп, он жылдық мектепті бітірген соң, балық өңдейтін зауытқа оқуға түскенін айтты. Еңбекке ерте араласқан қолөнер шебері ісмерлікке анасының ықпалының зор болғанын жеткізді. «Анам үнемі «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп айтып отыратын. Ол бізге тек киіз басуды ғана емес, тоқыма мен кесте тоқуды, киім тігу мен құрақ құраудың қырсырын үйретті. Одан жаман болған жоқпыз. Келін болып түскен уақытта да анамыздан көрген тәрбиеміздің арқасында қиындық көрмедік», — деп әңгімесін отбасы жағдайына бұрды. Ол отбасылық жағдайы мен денсаулығына байланысты 1993 жылы Қандыағаш қаласына қоныс аударған. Осында көшіп келгеннен кейін, бір жарым жыл өткен соң отбасының тірегі, өмірлік жары жүрек талмасынан қайтыс болады. — Өзі көп үндемейтін, тұйық адам болатын. Оған өзге өңірге үйреніп, сіңсіп кету қиын болды. Қолынан барлығы келетін, темірден түйін түйген шебер кісі еді. Жеті баланы дүниеге әкеліп, оларға шамамыз келгенше тәлім-тәрбие беріп, оқытып, еңбекке баулыдық. «Орны бар оңалар» деген халқымыз. Шүкір, бүгінде жұбайым көрмеген қызықты мен көріп жүрмін. Бүгінде 15 немере, 17 шөбере көріп отырмын, — деді Жанбөпе әже. Біздің кейіпкеріміз киіз басу өнерімен қатар, алаша мен ши де тоқиды. Ол облыста өткен аудан күндері кезінде ши тоқудан шеберлік сағатын өткізіп, аудан әкімінің марапатына да ие болған. Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да инені көзілдіріксіз сабақтайтын әжей, интернет желісіндегі ютуб каналы арқылы ілмекпен тоқуды меңгеріп алған. «Немеремнің ұзату тойында қонақтарға таратамын» деп, түрлі құман астына қоятын бұйымдарды тоқып қойыпты. Осы шаңыраққа 17 жасында келін болып түскен Эльмира енесінен үйренген құрақ құрау өнерін дамытып, заманауи қыз жасауын дайындап жүр. Қыздары да он саусағынан өнер тамған, ісмер жандар.

БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ ЖАНБӨПЕ СЫРҒАБЕКОВА ӘБДІЖӘМИЛ НҰРПЕЙІСОВТІҢ «ҚАН МЕН ТЕР» ТРИЛОГИЯСЫНДАҒЫ КЕЙІПКЕР СУДРАХМЕТТІҢ (СЫРҒАБЕК) ҚЫЗЫ. РОМАНДА ЗАМАННЫҢ АЛАСАПЫРАН КЕЗІНДЕ ӨЗІ ӨМІРІ ҮШІН ӨТІРІК АЙТЫП, СҰЙЫҚ МІНЕЗІМЕН ОҚЫРМАН ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН СУДРАХМЕТ ӨМІРДЕ СӨЗШЕҢ, ҚИЫН ҚЫСТАУДА ЖОЛ ТАПҚЫШ, АРТЫНАН ІЗ ҚАЛДЫРАТЫН АЙЛАКЕР АДАМ БОЛҒАН КӨРІНЕДІ. ӘКЕСІ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕРІМЕН БӨЛІСКЕН ЖӨНБӨПЕ ӘЖЕ: «БІРДЕ ӘКЕМНІҢ ҮСТІНЕН АРЫЗ ТҮСІП, ТЕРГЕУГЕ АЛЫНЫП, СОТТЫ БОЛДЫ. ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ТЕРГЕУ БАРЫСЫНДА АЗ ҒАНА БЕРІЛГЕН ҮЗІЛІСТІ ПАЙДАЛАНЫП, ТЕРГЕУШІНІҢ КӨЗІН АЛА БЕРЕ ӨЗ ҮСТІНЕН ЖАЗЫЛҒАН АРЫЗДЫКӨЗ ІЛЕСТІРМЕЙЖЕП ҚОЙЫП, АЙҒАҚТЫҢ КӨЗІНЖОЙЫП, ТҮРМЕДЕН АМАН ҚАЛҒАН КЕЗІ БОЛҒАН ЕКЕН. БІЗДІ ҚАТАРЫМЫЗДАН ҚАЛДЫРМАЙ, ТӘРБИЕЛІП ӨСІРДІ, ӨСІ КҮНГЕ ЖЕТКІЗДІ», — ДЕП БАЛАЛЫҚ ШАҒЫН ЕСКЕ АЛДЫ.

ЖАНБӨПЕ ӘЖЕДЕН КЕҢЕС:

— МЕН ҚҰРАҚ КӨРПЕНІҢ ТҮР-ТҮРІН ЖАСАЙМЫН. ҚҰРАҚ КӨРПЕЛЕРІНІҢДЕ ӨЗІНДІК МӘН МАҒЫНАСЫ БАР. ҚЫЗДЫҢ АРТЫНАН АПАРЫЛАТЫН ҚҰРАҚ КӨРПЕЛЕРДІ «ҚҰРАҚТАЙ ҚҰРАЛЫП, СӘН САЛТАНАТЫ ЖАРАССЫН» ДЕГЕН НИЕТПЕН ТІГЕТІН. СОНЫМЕН ҚАТАР, «ЕКІ ЖАСТЫҢ БАСЫ БІР ЖАСТЫҚТА ҚАРТАЙСЫН, ЕКЕУІ ЕКІ ЖАҚҚА КЕТПЕСІН» ДЕГЕН МАҚСАТПЕН ЕКЕУІНЕ ҰЗЫН ЖАСТЫҚ ЖАСАЛАТЫН. БҰЛ ДӘСТҮР ДЕ ЕСКІРІП, ЖАСТАРДЫҢ ЖАСТЫҒЫДА БӨЛЕК ТІГІЛЕТІН БОЛДЫ. КЕЙДЕ ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ АРАСЫНДА АЖЫРАСУДЫҢ КӨПТЕП ОРЫН АЛУЫ ДА ОСЫ ДӘСТҮРДІҢ ҰМЫТ БОЛҒАНЫН ШЫҒАР ДЕГЕН ОЙҒА КЕЛЕМІН. СОНДЫҚТАН ҚЫЗЫНЫҢ АРТЫНАН ЖҮК АПАРҒАН АНАЛАРҒА АЙТАРЫМ, ЖАСТАРҒА ЖАСТЫҚТЫ БІРГЕ ТІКСЕ ЕКЕН.

БІЗ КӨРГЕН ЖАНБӨПЕ ӘЖЕЙДІҢ ОТБАСЫ — ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАЙ, ҚАЗАҚИЛЫҚТЫҢ ІСІ АҢҚЫҒАН, ЕНЕ МЕН КЕЛІННІҢ ӘДЕМІ ҮНДЕСТІГІ, ЖЕҢГЕ МЕН ҚАЙЫНСІҢЛІНІҢ СЫРЛЫ СЫЙЛАСТЫҒЫ ОРНАҒАН КИЕЛІ ШАҢЫРАҚ. ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІ МЕН ТӘЛІМ ТӘРБИЕСІН НАСИХАТТАЙТЫН ОСЫНДАЙ ОТБАСЫ БАРДА, САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІҢ ДЕ ЕСКІРМЕЙТІНІ ХАҚ.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Алматы әкімдігі кейбір тұрғындарға 42500 теңге неге берілмегенін түсіндірді

admin_mugalzhar

БІЗДІҢ СПОРТШЫЛАР ЖАРАДЫ!

admin_mugalzhar

Соңғы күндері бірде-бір коронавирус жағдайы тіркелмеген қала аталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.