Мен көрген ЕЛБАСЫ
«1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Президент болып тұрған кезінде Нұрсұлтан Назарбаев біздің ауданға бірнеше рет келіп, мұғалжарлықтармен кездескен екен. Сәті түскен сол Тұңғыш Президент іссапарларының куәсі болған аудан азаматтарының айтар естеліктері де ерекше. Сонымен… «
— Мен Қандыағаш қаласында туыпөсіп, білім алдым. Бүгінде Ақтау қаласында қызмет етемін. 2016 жылы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордада «Көктем шуағы» атты сол кездегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың түрлі саладағы қыз-келіншектермен кездесуі өткен болатын. Сол уақытта Елбасын алғаш рет көрсем, 2018 жылы Ақтау қаласына арнайы іс-сапармен келгенде, екінші рет жолығу бұйырды. Тұңғыш Президентпен кездесу үлкен әсер қалдырды, әрине. Алғашқы кездесуге қазақ өнерінде, қоғамда өзіндік орындары бар арулар, ақ жаулықты аналар қатысты. Мемлекет басшысының құттықтау кешіне қатысу — кез келген жанның маңдайына жазыла бермейтін бақ десем де болар. Бостандық пен бейбітшіліктің, татулық пен тұрақтылықтың, жарқын болашағымыздың кепілі болып отырған Елбасының алдында болу, оған өзімнің лебізімді білдіру және оның қолдауына ие болу — зор мәртебе болды. Кездесуге дейін қатты толқығаным есімде. Ал салтанатты шарада Нұрсұлтан Әбішұлын көргеннен кейін барлық қобалжуым басылып, өзімді еркін ұстадым. Елбасының өте кемеңгер тұлға екені, асыл сөзді ар тұтатыны әр сөзінен-ақ білініп тұрды. Кездесуден түйгенім — келешекке зор сеніммен қарауымыз керек. Әрбір азамат өзінің еліне адал қызмет етсе, жақындарына жанашыр болса, тілін, салт-дәстүрін құрмет тұтса, міндетті түрде, алар асулары көп болады.