Қымыз, шұбат және түйе еті: әскерилердің ас мәзірі өзгереді

0
684

Қорғаныс министрлігінде алдағы уақытта Қарулы күштерге әскерге шақырылатындар санын кезең-кезеңмен ұлғайтуды жоспарлап отыр

 Қазақстан армиясында әскери қызметшілерді тамақтандыру кезінде ұлттық асхана ерекшеліктері ескеріледі. Бұл туралы ҚК Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бағыт аға офицері Руслан Тапашев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол әскерилердің тамақтануын одан әрі жақсарту бағытында Қазақ тамақтану академиясымен бірлесіп, азық-түлік нормаларын жетілдіру жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Әскери қызметшілердің ас мәзірін дайындау барысында ұлттық асхананың ерекшелігі ескерілген.

“Әскери қызметшілердің тамақтану рационына жылқы, қой, түйе, үйрек, қаз етін және балық түрлерін қосымша қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ құрт, қымыз, шұбат секілді дәстүрлі тағамдарды да болады. Тамақ ассортиментін жақсартамыз”, – деді Тапашев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Айта кетері, бірінші қыркүйектен бастап 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық адам Қарулы күштер қатарын толықтырады. Әскерге шақырылатындар екі рет – әскерге шақыру жиын пунктінде және әскери бөлімге келген кезде ПТР тест тапсырады.

Қорғаныс министрлігінде алдағы уақытта Қарулы күштерге әскерге шақырылатындар санын кезең-кезеңмен ұлғайтуды жоспарлап отыр.

sputnik.kz