СІЗ «МҰҒАЛЖАРДЫ» ОҚИСЫЗ БА?

0
1275

Ғасырға жуық уақыт жаңалықтың жаршысы бола білген бүгінгі «Мұғалжар» әр кезеңде атауын өзгертсе де, түрлі журналистердің қолтаңбасын сақтай отырып, өз мақсатын, оқырман алдындағы жауапкершілігін ұмытқан емес. Аудандық басылымның тұрақты оқырмандары да жылдар желісінде «Мұғалжарынан» алыстаған емес. Бүгінгі мерекелік нөмірге мұғалжарлықтар арасында сауалнама жүргізу барысында осыған тағы бір мәрте көз жеткіздік.

1.«Мұғалжар» газетін оқисыз ба? Әлеуметтік желідегі парақшаларын білесіз бе?

2.Газет бетінен қандай тақырыптағы мақалалар көргіңіз келеді?

3.Кешегі және бүгінгі газет қызметкерлері ішінен кімдерді атай аласыз?

Мира БАЙСЕНГІРОВА, Жұрын ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

1.Әрине, аудандық газетті оқимын. «Мұғалжар» ауыл, аудан көлеміндегі игі-іс шаралармен еңбекқоржандардың, ел өміріндегі жаңалықтың жаршысы деп білемін. Газеттің инста парақшасына да тіркелгенмін, аудан жаңалықтарын уақытылы сол жерден де қарап отырамын.

2.«Ел іші – өнер кеніші» деген бар емес пе, сол себепті газеттен көрінбей, еленбей жүрген мұғалжарлық дарындар туралы ақпараттар көбірек қозғалса деген ойым бар.

3.Редакторлардан Қ.Кенжеғалиев, Н.Қалиева, Ә. Искаринді және қазіргі бас редактор Б.Жартинаны білемін. Кезіндегі Ж.Айтжан, Қ.Байсұлтанов тәрізді журналистердің мақалаларын оқысам, бүгінде Ә.Абданбаева мен Ә.Кеңесұлын оқып тұрамын және фототілші С.Сапарғалиді танимын.