Ақтөбеде «Шағала» шипажайының тәрбиешісі баланы сүлгімен ұрған

0
266

Ақтөбеде «Шағала» шипажайында ем қабылдап жатқан баланы тәрбиеші ұрып, видео әлеуметтік желі арқылы кең тарап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Шағала» шипажайындағы оқиғаға байланысты тексеру басталды.

«Бұл жағдай 1 наурыз күні болды. Балалар ұйқыдан тұрған соң демалыс бөлмесіне барған кезде тәрбиеші оны сүлгімен ұрған. Тәрбиеші өз ісін мойындады. Құқық қорғау органдары келіп, қылмыстық іс қозғады. Түсініктеме алды. Тәрбиешінің айтуынша, тек бір баланы ұрған. Себебі бала балағат сөз айтып, қарсы сөйлеген. Маманымыз 20 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бұрын ондай қылығын көрмедік», – деді «Шағала» шипажайының бас дәрігері Серік Жаңылсынов.

Шипажайда осы оқиғаға байланысты жиналыс өткізіп, баланы ұрған және оны көріп тұрып, еш шешім қабылдамаған маманды жұмыстан шеттету туралы шешім шығарды.

«Видео түсірген баланың ата-анасы келіп, мәселені айтты. Оқиға демалыс күні болса да бәрі бүгін анықталып отыр. Соққы алған бала Қобда ауданынан келіп, осы жерде ем қабылдап жатыр. Мұнда манту екпесі ісіп кеткен балалар жатады. Баланың жасы 10-да. Ақпан айында ғана шипажайға келді», – деді Серік Жаңылсынов.

Бас дәрігердің айтуынша, тәрбиеші ұрып-соққан бала ешкімге арыз жазбады.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, Алматы аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау» бабы бойынша іс қозғалып, тергеуді бастады. Бірнеше сот-медициналық сапартама тағайындалды.