ЕРІКТІЛІК: 300 АДАМ ТАРТЫЛДЫ

0
291

Бұл – арнайы ашылған сайттағы базаға өз еріктерімен тіркеліп, бағыттарын таңдаған еріктілердің саны. Ал, жалпы аудан бойынша еш жерге тіркелместен, өз жүрегінің қалауымен игілікті істі қолға алғандардың саны 500-ге жетеді екен. Жақсылықпен бөлісіп, таза ниетпен жасалған қайырымды әр істің басы-қасында белсенді жастар жүр қазір. Оған аудандағы қалалар мен ауылдық округтердегі еріктілердің еңбектері дәлел. Сонымен…

«Еріктілер жылы» аясында қолға алынған 7 жалпыұлттық жоба бойынша Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Мұғалжар волонтерлары» топтарға бөлініп, игі іске бел шеше кірісті. Атап айтсақ,  қандыағаштық еріктілер «Қоғам – сенің отбасың» акциясымен қыс бойына жалғызбасты қарттардың және қоғамдық жерлердің қарларын тазартса, «Саулық» еріктілер тобымен аудандық ауруханада ем алып жатқан науқастардың жағдайын сұрап, көңілін аулау мақсатында аниматорлық киімдермен үлкен кісілерге кітап, ал балаларға шарлар мен журналдар таратты. Сонымен қатар осы топ төтенше жағдай кезінде көрсетілетін «Алғашқы көмек» түрлерінен шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, оның ішінде клиникалық өлім сәтіндегі іс-әрекеттер, пульс және қан қысымын өлшеудің алгоритмімен танысты. «Асыл мұра» еріктілер тобы  бойынша жастар қоғамдық мұражайда қонақта болып, экскурсия жасады. Алдағы уақытта еріктілермен музейге экспонаттар жинақтау және жастарды тарихи жәдігерлерге баулу жоспарланып отыр. Жуырда «Қамқорлық» бағытында құрылған еріктілер тобының мүшелері жалғызбасты қариялардың жағдайын білу мақсатында азық-түлік апарып, үй тұрмысына көмектесті. «Білім» еріктілер бағыты  бойынша пікірсайыс ойындарының чемпионы Д.Сираж жетекшілігімен «Jas Alash» пікірсайыс клубы тұрақты түрде жұмыс жасап, әр аптаның бейсенбі күні саясат, әлем проблематикалары, рухани құндылықтар және философиялық тақырыптар төңірегіндегі шешу жолдары турасында жиындарын өткізеді.

Ембі қаласындағы мектептер мен колледж және қала әкімдігі жанынан құрылған құрамында 105 ерікті бар топтар да бұл шаралардан тыс қалмай, жыл бойы жүргізілетін жұмыстарды жоспарлады. Атап айтсақ, «Таза әлем» жобасы аясында – Жем өзені, Үшқатты сайы, қала көшелері және Ембі-Егіндібұлақ, Ембі-Шалқар, қаладағы қоғамдық орындарға тазалық жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ ағаш көшеттерін отырғызу, «Асыл мұра» бағыты аясында Ембі қаласындағы ағайынды Жұбановтар және қала әкімдігі жанынан ашылған Қоғамдық мұражайға экспонаттар тарту, «Қамқор» бағыты аясында жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі, ардагер қарттарға көмек көрсету, «Білім» бағыты  аясында компьютерлік сауаттылықты арттыру курстарын ашу, «Үміт» жобасы аясында  ҰОС-да іс-түссіз жоғалған жауынгерлердің құжаттарын және де «Қырғыз» бекетінде жерленген солдаттардың аты-жөндерін іздестіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бірқатары қолға да алынды. Оның ішінде жыл басынан бері еріктілер қаладағы 30 қарияға, ауған соғысы ардагерлеріне, қала мешітіне көмек қолдарын созып, «Біргеміз» акциясы аясында қар аршу жұмыстарын жүргізді. Қалада «Тегін такси» акциясы ұйымдастырылып, қасиетті жұма күні қала тұрғындарына тегін көмек көрсетілсе, өрт сөндіру бөлімімен біріге отырып, ембіліктерге өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Еріктілер жылы аясында «Еmba – Dental» стоматологиясының басшысы Ж.Жапаков қала тұрғындарына жыл бойы әр айдың соңғы жұмасы күні тегін тіс жұлу акциясын қолға алды. №1 ЖББОМ жанынан құрылған еріктілер тобы жәрмеңке ұйымдастырып, түскен қаражатты толықтай ауырып жатқан кішкентай сәбидің еміне аударды. Сонымен қатар, еріктілер қалада орналасқан «Әлеуметтік дүкенге» киім тапсыру акциясын қолға алды. Акция челлендж ретінде жолданып, өз жалғасын тауып келеді. Ембілік еріктілер топтарының құрамында тек жастар ғана емес, үлкен кісілерде де бар екенін айтады.

Жем қаласы бойынша «Асыл мұра» бағытында 15 және 33 жас аралығындағы 20 жастан құралған «Жігерлі жастар» тобы жасақталды. Бүгінгі таңда еріктілер қалалық кітапхана мұрағатындағы шаң басқан кітаптарды тазалап және ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп, «Алғыс айту» күніне тыл ардагері Үмбетқали Тағанов пен зейнеткер ұстаз Накиза Джанғылышбаеваға арнайылап барып, сіңірген еңбектері үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат табыс еткен.

Аудандағы ауылдық округ жастары да игі істе белсенділік танытып жүргенін айта кеткен жөн. Мәселен, Ақкемер ауылдық округінде биыл 126 еріктіден тұратын топтар құрылып, осы кезге дейін бірқатар жұмыстар атқарды. Елек елді мекенінде тұратын жарықсыз отырған үйді жарықпен қамтамасыз етіп, үлкен жәрдем көрсетсе, Ақкемер орта мектебінің ұйымдастыруымен «Ақзат» азық-түлік дүкеніне еріктілердің қайырымдылық сөресі қойылып, ауыл тұрғындары сол сөреге азық-түліктер қойып, игі іске өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар Қазақстан Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай ата-аналар мен ұстаздардың қолдауымен «Қазақстан – достық мекені» атты қайырымдылық кеші өтті. Кештен жиналған қаражат мектепте оқитын ерекше назарды қажет ететін оқушының еміне берілді.  

Ал  Ащысай ауылдық округі бойынша 35 ерікті бар. Олар да жалпыұлттық жобалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға үлестерін қосуда. Қ.Жұбанов ауылдық округіндегі Қаракөл ауылындағы 17 ерікті «Қамқор» бағыты бойынша ауылдағы қарт ата-әжелерге көмек көрсету жұмыстарын қолға алған. Батпақкөл ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі 70-ке жуық ерікті жақсылық және қамқорлық жасауды азаматтық парызымыз деп біледі. Олар «Жүректен жүрекке» волонтерлер тобының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» бөлімі аясында ауыл тұрғыны Н.Калиеваға теледидарға арнайы сертификат табыстап, ауыл қарттарының үйлерін аралап, қолғабыс етті және басқа ауыл округтеріне челлендж жолданды. 40 жастан құралған жұрындық еріктілер «Таза әлем» жобасы, «Қамқор» және «Асыл мұра» бағыты бойынша жұмыстарды қолға алған.

Ал Қайыңды ауылдық округіндегі 20-55 жас аралығындағы 25 адам арнайы жыл аясында еріктілер айналысатын жұмыс жоспарына сай Қайыңды, Алтынды елді-мекендеріне сенбілік жүргізіп, ағаштар отырғызуды, «Асыл мұра» бағыты бойынша округте орналасқан ескерткіштер тазалау, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді, «Қамқор» бағыты бойынша округте орналасқан жалғызбасты қарт адамдарға үй шаруасына көмектесу жұмыстарын жүргізіп, жалғастырмақ.

Мұғалжар ауылдық ЖББОМ-нің жанынан құрылған «Шаңырақ» ерікті жастар ұйымында 30-ға  жуық мұғалімдер бар. Мектептің жоғары сынып оқушылары да еріктілікке белсене араласуда. Биыл ауыл қысының қарлы, боранды  болуына байланысты ауыл  тұрғындарының үй-жайларын қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына арнайы визитка таратылып, бүгінде сол арқылы олар еріктілермен кез келген уақытта байланыса алады. Мұғалжар ауылының еріктілері: «Адам бойында мейірімділік қасиет болса, көмекке қашанда даяр тұрады және ойланбастан жақсылық жасай алады. Ал волонтерлық жас  талғамайды, арамызда әрине, үлкен кісілер де бар. Ауылдың ақжарқын халқы қашанда бір-біріне көмекке асығады. Қол күші жетпейтін жұмыстарға, арнайы техникаларымен көмектесіп тұрады» – дейді.

«Еңбек ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-нің жанынан «Жақсылық еккен алғыс орады» атты еріктілер тобы құрылып, оған 16-30 жас  аралығындағы ерікті жастар жиналды. Жастар өз топтарының атауына сай жақсылыққа жан құмар жандар арқылы әрбір адамның жүрегіне жылылық ұялатпақ ниетте.

Талдысай ауылында құрылған «Ұшқын» еріктілер клубы 30-дан астам ерікті жастардың басын қосты. Еріктілер бастаған жүйелі жұмыстардан ауылдағы шаруа қожалықтары да тыс қалмады. «Арман М» шарау қожалығының басшылығының ұйымдастыруымен «Сағашилі-Талдысай-Еңбек» елді мекендеріндегі қар құрсауында қалған көтерме жолдар қардан тазаланды. Қандыағаш қаласындағы мемлекет тарапынан үйлі болған бірқатар балаларға  ауыл азаматтары мен жастары қаржылай көмек беріп, үйлеріне қажетті жабдықтар сыйлады. Ендігі жұмыс – көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатындағы жұмыстарға ауыл еріктілерін жұмылдыру. «Алдағы уақытта да ауылды көркейтуге, басқаларға көмек беруге өз үлесімізді қосуды жалғастыратын боламыз. Жалпы, адам сыртқы келбетімен емес, жақсы істерімен сұлу болу керек. Сондықтан біз, ерікті жастар,  қолымыздан келгенше барлық жандарға көмектесуге әзірміз» дейді талдысайлық еріктілер.

С.Сапарғали,

Ә.Дарханқызы

Биылғы «Волонтер жылы» аясында денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда іске асыру жоспарланған 7 жалпы ұлттық жоба:

1.«Сабақтастық» – балалар үйлеріндегі, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы балаларға, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға, балаларға қатысты тәлімгерлік практикасын енгізу; 

2.«Саулық» – денсаулық сақтау саласына, науқастарға күтім жасауға, оның ішінде хоспистерде, онкологиялық диспансерлерде көмек көрсетуге волонтерлерді тарту;

3.«Таза әлем» –  қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен ормандарды тазалау, ағаш отығызу, қоқыстарды сұрыптауға үйрету;

4.«Асыл мұра» – тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау;

5.«Қамқор» –  қарттар үйлеріндегі, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы волонтерлердің жұмысы;

6.«Білім» –  ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілін, компьютерлік  және құқықтық сауаттылықты оқыту бойынша волонтерлік көмек;  

7.«Үміт» – жоғалған адамдарды іздеу, зілзала қауіп-қатерін азайту және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жобаларға волонтерлерді тарту, оның ішінде отандастарымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері туралы баяндайтын құжаттарды іздеу жөніндегі қызмет.