Жазықбай АЛДАНИЯЗОВ, Батпақкөл ауылдық округінің бұрынғы әкімі: ЕЛБАСЫМЕН ЕСТЕЛІК СУРЕТ – ЖӘДІГЕРІМЕ АЙНАЛДЫ

0
124

Мен көрген ЕЛБАСЫ

«1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Президент болып тұрған кезінде Нұрсұлтан Назарбаев біздің ауданға бірнеше рет келіп, мұғалжарлықтармен кездескен екен. Сәті түскен сол Тұңғыш Президент іссапарларының куәсі болған аудан азаматтарының айтар естеліктері де ерекше. Сонымен… «

– 1997 жылдың тамыз айында Елбасымен кездесудің сәті түсті. Алғаш көруім де сол кез болатын. Ол кезде елдегі тұрмыс тамәз емес. Халықтыңмұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік жағдайды көзімен көруді жоспарлаған сол кездегі ел басшысы бірнеше күндік іссапарында біздің аудан аумағына атбасын бұрды. Тұңғыш Президентті Ақтөбе облысының әкімі Аслан Мусин, Мұғалжар ауданының әкімі Бердіғали Айтмамбетов, “CNPC-Ақтөбемұнайгаз” басқармасының басшысы Мәлік Камалов мырзалармен бірге “Жаңажол” ЖШС-нің өңдеу зауытында қарсы алғанбыз. Тоқырау уақытының тұсы. Зейнетақының, балаларға беретін жәрдемақының 2-3 айлап кідіріп түсуі, жарықтың уақытылы берілмеуі, ауылдағы телефон жүйесінің бірде жасап, бірде жасамауы тәрізді жағдайға байланысты айтқан Нұрсұлтан Әбішұлының отты сөзі әлі есімде. “Бұл күндерден де өтеміз. Заман дұрысталады, байланыс та, жарық та, зейнетақы мен жалақы, жәрдемақылар да уақытылы жүретін болады”, – деп жұртшылыққа басу сөз айтқан. Сол іссапарында Елбасының округтегі “Құлақшы үй” дейтін жерге арнайы келіп, шымын ойып, тақыр жерге көгалдандыру жұмысын бастап бергені – тарихи оқиға болған еді. Бүгінде сол жер айналасы жапжасыл, қараса көз тоймайтын әдемі жердің біріне айналған. Қазір өзіміз куә болып отырғандай, Елбасы айтқан оңды сөздер орындалды. Тұңғыш Президентпен түскен суреттеріміз де бар. Ол “Мұғалжар” энциклопедиясына жарияланған болатын. Ең бірінші, шаңырағыма келген құтты қонағыма мақтана көрсететін дүниеме айналды десем артық болмас. Себебі өз алдымызға мемлекет болып, тәуелсіз елдің ауасымен тыныстап отырған бүгінгі күніміз Тұңғыш Президент салған сара жолдан бастау алды дер едім.