Қазақстанда тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады

0
380

Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ететін жаңа орталық құрылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz тілшісі.

“Отбасы банкі базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылады. Ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алуды, сондай-ақ, тұрғын үйдің қолжетімділік сатысына сәйкес, тұрғын үйді кезекке қою күні бойынша бөлуді орталықтандырып жүзеге асырады. Тұрғын үй мен қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланады. Базаға қайта енгізуге жол берілмейді. Азаматтар мемлекеттік бағдарламаларға бір рет қана қатыса алады” – деді Атамқұлов Үкімет отырысында.

Министрдің сөзінше, осы орайда “Отбасы банкінің” өкілеттігі күшейтіледі.

“Отбасы банкі” жұмысының негізгі қағидаты ең алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін баспананың қолжетімділігін арттыруға бағытталады. Мемлекеттік, бюджет қызметкерлері, толық емес отбасылар және кезекте тұрған басқа да азаматтар жеңілдетілген қарыз алу арқылы тұрғын үй сатып алады”, – деді ол.