«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН КОДЕКС КҮШІНЕ ЕНЕДІ

2021 ЖЫЛДЫҢ 1 ШІЛДЕСІНЕН БАСТАП ҚОЛДАНЫСҚА ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК – ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ ЕНГІЗІЛЕДІ. ЖАҢА КОДЕКС «ХАЛЫҚҚА ҚҰЛАҚ АСАТЫНМЕМЛЕКЕТ» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНА СӘЙКЕС ЖҰМЫСЖАСАЙДЫ. ОСЫ РЕТТЕ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕРДІ ЖҮРГІЗУДЕГІ ЖАҢАШЫЛ ШЕШІМНІҢ БАСҚАРУШЫЛЫҚ ШЕШІМДЕРДІ ҚАБЫЛДАУ ПРОЦЕСІНЕ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕТІН КЕПІЛДІКТЕР ЖИЫНТЫҒЫН БЕКІТУ ЖӘНЕ ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІ ТУРАЛЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ АБИТХАН АНАРБАЕВПЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.

— Биыл шілде айынан бастап елде Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексі қолданысқа енгізіледі. Осы кодекстің келешегі мен оның қарапайым қазақстандықтарға өз құқықтары үшін күресте не беретіні туралы айтып берсеңіз?

— Қай уақытта да адам құқығы, азаматтардың қауіпсіздігі басты орында болуы шарт. Осы мақсатта 2021 жылдың шілде айынан бастап республикада Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізіледі. Кодекс жария-құқықтық дауларда азаматтардың құқығын қорғайды, теңдік пен әділдік артады және сот шешіміне деген сенім күшейеді. Жасыратыны жоқ, кейде адамдардың өзін қорғауға қауқары жетпейді. Мемлекеттік органмен дау туындай қалса, қарапайым адамның тауы шағылатын кездері болады. Ал енді қолданысқа енгізілгелі отырған кодекс азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Яғни қарапайым азаматтар мемлекеттік органның үстінен арыз жазса, кодекстің талаптарына сай сот олардың құқықтарын қорғауға атсалысады. Бұл ретте сотқа өз белсенділігін арттырып, айғақ, дәлел іздеуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қалыпқа келтіру мақсатында даулар бойынша әділ, бейтарап түрде уақытылы шешім қабылдайды. Мұның өзі қарапайым адам мен мемлекеттік орган арасындағы теңсіздікті түбегейлі жоюға себеп болмақ. Бұл өз кезегінде  шенеуніктердің жауапкершілігін арттырады.

— Бүкіл әлемде әкімшілік әділет шешуші рөл атқарады. Ол билікпен даулар кезінде әлеуметтің жағын қорғауға арналған. Біз осы тәжірибеден сабақ ала аламыз ба және іс жүзінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қалай жұмыс істейді?

-Көптеген шет мемлекеттерде әкімшілік соттар беделді, ал судьялардың шешімдері мемлекеттік орган жұмысының сапасына әсер етеді. Шенеунік соттың шешімін азаматтың құқығын қорғау арқылы қайта қарайтынын түсінеді. Бұл — әкімшілік әділеттің ұстанымы. Сондықтан шет мемлекеттерде мемлекеттік аппаратқа да, соттарға да халықтың және бизнес өкілдерінің, яғни заңды тұлғалардың сенімі жоғары. Жария-құқықтық дауларда тараптар іс жүзінде тең емес. Мемлекеттік орган әрқашанда өзінің бюрократиялық және адами ресурстарымен кез-келген талапкерге қарағанда күшті. Бұл теңсіздікті заңгерлер ғана емес, қарапайым адамдар да сезінеді. Бұл өз кезегінде қарапайым азаматтардың құқықтарын дұрыс қорғауға және шындықты анықтауға мүмкіндік бермеді. Жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі осы істерді қарау процесін әділетті етуге арналған. Жалпы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі екі бөліктен тұрады: әкімшілік рәсімдер және әкімшілік іс жүргізу. Осыған байланысты «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың шешімдерін қарау тәртібі туралы» Заңдар осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшін жояды.

-Қазіргі таңда жергілікті соттармен  жария-құқықтық даулар қандай тәртіппен қаралуда?

— Қазіргі таңда бұл санаттағы даулар азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес қаралуда. Алайда азаматтық іс жүргізу кодексінің басты мақсаты жеке құқықтық дауларды қарау процесін реттеу екенін түсіну керек. Демек, осы кезде сотта қаралып жатқан барлық даулардың аз пайызы ғана жарияқұқықтық дауларға жатады. Кодекс қолданысқа енгізілгеннен бастап, жария-құқықтық даулар азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінен шығарылып және олар Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің ережелеріне сәйкес қаралатын болады.

-Алдағы болатын әкімшілік процедуралар туралы нақты айтыңызшы?

-Кодекс  тыңдалуға процедуралық кепілдеме енгізеді. Бұл өзіне қатысты әкімшілік рәсім жүргізіліп жатқан адамға түпкілікті шешім қабылдағанға дейін өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік береді. Шенеуніктің міндеті оны тыңдау. Кодексте азаматтарға қолайлы заңды шешімдердің күшін жоюдың арнайы тәртібі енгізілуде. Азамат қабылданған шешімнің заңды, дәйекті және оның кінәсі болмаса, оны өзгерту мүмкін еместігіне сенімді болуы керек. Яғни адамдар шенеуніктердің немқұрайлығынан зардап шекпеуі тиіс. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін төменгі орган арқылы жоғары тұрған органға шағым берудің оңайлатылған тетігі енгізілген. Азамат жоғары тұрған органды өз бетімен іздеуге мәжбүр болмайды. Соны мен бірге әкімшілік органның актіге шағым түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде қатесін түзетуге, істі жоғары тұрған органға жібермей, қолайлы акт шығаруға мүмкіндігі бар. Мұндай өзін-өзі бақылау механизмі әкімшілік актілерді қабылдаудың біркелкілігіне әкеледі және азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

— Әкімшілік рәсімдікпроцестік кодексінің өзіндік жаңашылдарына тоқталып кетсеңіз?

— Кодексте жаңашылдар ретінде сот ісін жүргізудің жаңа түрі айқындалған, яғни басты айырмашылық соттың белсенді рөлінің принципі болады, яғни судья белсенді болады. Ол талапкерге оның мүдделерін қорғауға көмектеседі. Соттың бұл құқығы тараптар ұсынған дәлелдемелермен ғана шектелмейді, ол дәлелдеу шеңберінде анықтау үшін қажет деп санайтын барлық мән-жайларды зерттейді, егер ұсынылған дәлелдер жеткіліксіз болса, сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинайды, ал, әкімшілік орган өз ісін дәлелдеуге міндетті, жалпы тараптар сот сұраған құжаттар мен мәліметтерді ұсынуға міндетті. Сот тараптарға талаптарды қалыптастыруда және түзетуде заңдық салдарын алдын-ала түсіндіре отырып, көмек көрсетуге өкілетті. Бұл орайда судьялардың мүмкіндігі кеңейеді, жаңа бағытта жұмыс жүргізу ықпалы артады.

— Кодекстің жаңа принциптері нені қамтиды ?

-Кодекс жаңа принциптерді белгілейді: сенім құқығын қорғау, басым құқықтар, ресми талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу, соттың белсенді рөлі, іс жүргізудің қисынды мерзімі және басқалар. Әкімшілік орган, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) сияқты жаңа құқықтық категориялар да енгізіледі. Әкімшілік актілердің өзі жаңа құқықтарды білдіретін, міндеттемелерді тоқтататын, жағдайды жақсартатын қолайлы актілерге, сонымен қатар, ауыртпалықты тоқтататын құқықтар, міндеттемелерді жүктеу, жағдайды ауырлататын жағдайлар бойынша сараланатын болады.

-Кодексте сот талқылауының қисынды мерзімі қағидалары ұсынылған. Мұндай мерзімдер соттың созылуына әкеліп соқтырмай ма? Азаматтар сот шешімін жылдар бойы күтуге мәжбүр болмай ма?

— Қисынды мерзім бұл көптеген шет елдер үшін әкімшілік әділеттің белгісі болып танылады. Кодексте «қисынды мерзім» ұғымын енгізу, бұл сапаға басымдық беру деген, яғни қазір судьялар мерзімді бұзудан қорқады. Мерзімді бұзғаны үшін жауапкершілік сапасыз шешім шығарғанмен бірдей. Шындығында, әкімшілік әділет-көбінесе күрделі істер болып табылады (салық, кеден, жер даулары). Олар процеске қатысушылардың барлығына өте маңызды дайындықты қажет етеді. Бұл, ең алдымен, біздің азаматтарымыздың құқықтары мен заңды мүдделері. Сондықтан, кодекстегі қисынды мерзім-осы мәселені шешудің өркениетті тәсілі. Нақтырақ айтсақ, іс талап арыз берілген сәттен бастап қозғалған болып саналып, бірінші  және апелляциялық сатыдағы соттарда қисынды 3 ай мерзімге дейін қаралатын болады. Кассациялық тәртіпте 6 айға дейін. Сонымен қатар шағымды қарау процедурасы салыстырмалы түрде жеделдетілген түрде – 20 жұмыс күні ішінде өтеді. Кодекске сәйкес, қисынды мерзімге әкімшілік істің заңды және нақты күрделілігі, процеске қатысушылардың мінез-құлқы, істі жедел қарау үшін сот ісәрекетінің процессуалды қ жеткіліктілігі мен тиімділігі сияқты  мән-жайлар кіреді.

-Кодексте бітімгершілік рәсімдері көзделген бе, сол бойынша айтып берсеңіз?

-Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде бітімгершілік рәсімдері ұсынылады. Татуластыру рәсімдерін қолдану мүмкіндігіне әсер ететін негізгі шарт-бұл жауапкердің әкімшілік талғамына ие болуы. Кодексте бітімге келтіру шараларын белсенді түрде қолдану көзделген. Мәмілеге келтіру шарты ерікті түрде жүзеге асырылып, бұл өз кезегінде сот шығынын азайтып, ал қарымқатынастарды тартыстық сипаттан арылтады. Адамдар сотқа арызданып, сотта іс жүріп жатқан кезде медиация көмегіне жүгінем десе, істің қаралуы тоқтатылады. Медиация бітімгершілікпен аяқталғаннан кейін баж салығы қайтарылатынын ескерсек, бұл процедура алдымен заңды тұлғаларға тиімді. Себебі жеке тұлғаларға қарағанда заңды тұлғалар баж салығын бірнеше есе көп төлейді. Әрі заңды тұлғалардың медиация процедурасына жүгінуі арқылы даудамайға қатысты ақпаратты сыртқа шығармауға, өзінің іскерлік беделін сақтап қалуына мүмкіндігі бар. Яғни  бұл әрбір жеке және заңды тұлға үшін тиімді болады және белгілі уақыт ішінде өз шешімін табады.

-Әкімшілік соттың шешімдерінің орындалу мәртебесі туралы айтсаңыз?

— Әкімшілік сот өзінің шығарған сот шешімдерінің орындалуын бақылап, соған сәйкес шара қолданатын құзыретке де ие болмақ. Мәселен, сот кез келген шенеунікке орындалмаған шешім үшін жедел түрде бірнеше рет әкімшілік жаза болып саналмайтын айыппұл сала алады.

— Қазіргі кезде кәсіпкерлер, яғни заңды тұлғалар сотқа көп жүгініп жатады, кодексте осы кәсібін домалатқан азаматтардың құқықтары қорғала ма?

-Кодекс азамат пен мемлекеттік орган арасындағы дауды заңды және әділ шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің кәсіпкер азаматтарымызға қажет. Яғни кодекс бизнес өкілдерінің құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз етеді, сондай ақ кодексте кәсіпкерлердің сотта әкімшілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке) байланысты жауапкерден келтірілген залалды өтеуді талап ету мүмкіндігі қарастырылған.

-Жалпы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қоғамға қандай әсері болуы мүмкін?

-Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданып, әкімшілік әділет институтының толыққанды жұмыс істей бастауы құқықтық мемлекет идеясына сай билік пен қоғам арасындағы белгілі бір көпірдің орнығуына берік негіз қалайтын болады. Яғни елімізде жүргізіліп жатқан құқықтық реформаның бір белесі деп айтуға болады.

— Әңгімеңізге рақмет.

Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

Смағұл ҚҰДАБАЕВ: ФОТОСУРЕТ — ГАЗЕТТІҢ КӨРКЕМДЕУШІ ҚҰРАЛЫ

admin_mugalzhar

Арман ЖИЕНАЛИЕВ, әнші: «ТЫҢДАРМАНДАРЫМА ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҢА ӘНДЕР ТАРТУ ЕТЕМІН»

admin_mugalzhar

Бақытжан НИЕТАЛЫ: БҰЛ САЛАҒА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМДЫ АРНАДЫМ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.