ОРМАН АЛҚАПТАРЫНДА ҚУРАҒАН АҒАШТАР КЕСІЛУДЕ

0
185

ЖҰТЫП ЖҮРГЕН АУАМЫЗДЫ ТАЗАРТЫП, ЖЕР-АНАНЫҢ КӨРКІН КІРГІЗЕТІН ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІҢ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ТИГІЗЕТІН ПАЙДАСЫ ЗОР. АЛАЙДА АУДАН АУМАҒЫНДА ТЕМІРЖОЛ МЕН ТАСЖОЛ БОЙЫНДА ОРНАЛАСҚАН ОРМАН АЛҚАПТАРЫНДАҒЫ АҒАШТАР ҚУРАП ЖАТЫР. БҮГІНДЕ ОСЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРУ МАҚСАТЫНДА ҚУРАҒАН АҒАШТАР КЕСІЛУДЕ.

Жұрын ауылдық округі аумағындағы 400 гектар жерді алып жатқан орман алқаптарын қураған ағаштан тазартуды қолға алған Қандыағаш қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Абылай Аманжол бұл жұмыстардың “Темір орман шаруашылығы” мекемесімен келісімшарт негізінде жүргізіліп жатқанын айтты. Маусым айының ортасында басталған тазарту жұмыстарына Қандыағаш қаласы мен Жұрын ауылынан 10 жұмысшы, оның ішінде жастар тартылған.

– Орманды қураған ағаштан тазарту жұмыстары қарқынды жүруде. Жұмыстың жүйелі жүруі үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде бізге бекітіліп берілген “Қандыағаш-Жұрын” аралығындағы тасжол мен теміржол бойындағы 5 қатар жердің ағаштарын кесіп жатырмыз. Тазалау жұмыстары күз айларына дейін жалғасады. Осы аралықты бітіргеннен кейін теміржолдың арғы жағындағы қураған ағаштарды кесіп бастаймыз. Ағаш кесуге арналған арнайы 4 бензопиламыз бар. Жақын арада трактор келіп, кесілген ағаштарды жинау жұмыстарын бастайды. Жиналған ағаштар Жұрын ауылының тұрғындарына тегін отын ретінде берілетін болады, – дейді ағаштарды кесіп-тазалау жұмыстарына жауапты жұмысшы Жұмасейт Мектепов.

Оның айтуынша, осы жылы қураған бұтақтардан арылған ағаш түбінен келер жылы жасыл желек бұрынғыдан да жақсырақ жайқалып өсетін көрінеді. Айта кетейік, аудан аумағындағы жасыл белдеуді кеңейту жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Биыл аудан бойынша 20 гектарға 3800 түп көшет отырғызылу жоспарланған. Бүгінде оның 2800-і егілген.

Н.ТІЛЕП