«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ЕҢБЕК ЕТКЕН ОРТАЛЫҚ

Жұмыс іздеген жанның маңдай тіреп барар бір жері бар. Ол — Халықты жұмыспен қамту орталығы. Аяқ астынан жұмыссыз қалсаңыз да, нан тауып жүрген жеріңізден қысқартуға ұшырасаңыз да, жаңадан немесе екінші мамандық алғыңыз келсе де, оқу бітірген балаңызға жұмыс іздесеңіз де, тіпті, мектепте оқитын еркеңізді еңбекке баулып, жазғы демалысында қаражат тапсын десеңіз де осы орталықтың есігін қағасыз. Үлкен жауапкершілікті арқалап, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап отырған орталық биыл шілденің 12-де 10 жылдығын атап өткелі отыр. 2011 жылы құрылған Халықты жұмыспен қамту орталықтары халыққа және жұмыс берушілерге тегін қызмет көрсетеді. Бүгінде елде 200-ге жуық орталық жұмыс істеп тұр. Орталықтың негізгі мақсаты — тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, азаматтар мен жұмыс берушілерге еңбек делдалдығын көрсету, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру.

Халыққа нәтижелі қызмет көрсету — әр маманның міндеті

«Мұғалжар ауданының жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесі Мұғалжар ауданы әкімдігінің 2011жылы 5 мамырдағы №166 қаулысы негізінде құрылды. 2018 жылы 16 мамырдағы Мұғалжар ауданы әкімдігінің №191 қаулысы бойынша орталық «Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Орталықты ашылғаннан кейін ең алғаш басқарған ҚұранияАймағанбетов мекеменің орналасқан орнының тарлығын, бастапқыда техникалық тұрғыда жабдықталуы төмен болғанын еске алады. 2016 жылға дейін Жұмыспен қамту орталығы қазіргі отырған ғимараттың 5-қабатында орналасқан кішкентай ғана мекеме болды. Кейін ауданның ең әлсіз тобымен жұмыс жасайтын орталықтың ең жоғарғы қабатта орналасуы халыққа қолайсыздық тудырған еді. Сондықтан мекеме 1- қабатқа көшіріліп, мекеменің техникалық базасын жақсарту қолға алынды.

— Бірінші қабатқа ауысқан сәттен бастап бірден орталықтың түр-түсін өзгертіп, басқа рең бердік. Себебі жұмыс іздеп келген әрбір жанның мекемеге сенім артуы үшін де жағдайды жөндеп, мекеменің сырт келбетін өзгерту қажет болды. Үстелдермен орындықтарды көк-сары түске бояп, республика бойынша белгіленген түсімізді қалыптастырдық. Орталықтың тағы бір ерекшелігі — осында қызмет жасайтын қызметкерлердің арнайы белгіленген формасы бар. Себебі жұмыс орнында бәрі бірдей. Біздің орталыққа әр түрлі жағдайдағы адам келеді. Жұмыс іздеп келіп отырған жанның алдында түрлі киім киіп, жарқжұрқ етіп отыру әділетсіздік деп санаймын. Біздің тәртіп бойынша қызметкер халықпен тең дәрежеде болуы керек, — дейді орталық басшысы Төлеулі Махимов.

Бүгінде мекемедегі әр маман соңғы үлгідегі компьютерлермен қамтамасыз етілген. Алғашында 8- 9 қызметкерден тұрған орталықта қазіргі таңда 25 қызметкер жұмыс жасайды. Сонымен қатар Ембі қаласында Жұмыспен қамту орталығының филиалы жұмыс жасайды. Онда ембіліктерге және Ембі аумағына қарасты Жем қаласы мен Құмжарған, Жаңажол, Егіндібұлақ ауылдық округтерінің тұрғындарына 3 адам қызмет көрсетеді.

Жұмыссызды кәсіпке тарту — жауапты іс

Жұмыспен қамту орталығы халықты нәтижелі жұмысқа қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатындағы «Нәтижеліжұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттікбағдарламасы» негізінде қызмет көрсетеді.

Оның ішінде бірінші бағыт, яғни бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен жәнеқысқамерзімді кәсіптікоқумен қамтамасыз ету бойынша биылға жоспарланған 85 адамның (өткен жылы 70 адам) барлығы оқытылған. Оның ішінде 16 адам шаштараз, 50 адам тігінші, 19 адам электромонтермамандықтары бойынша білім алған. Мұғалжарлықтар тарапынан сұранысқа ие мамандықтар ішінде әйел адамдарға тігіншілік болса, ер адамдардың басымы дәнекерлеушілікке оқығысы келетінін тілге тиек еткен орталықмамандары алдағы тамыз айында қосымша қаражат қаралса, дәнекерлеушілікке оқыту жоспарланып отырғанын айтты.

-«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша өткен жылы 103 адам грантқа ие болса, биылғы 6 айда 54 мұғалжарлық грант алды. 2020 жылы 77 адам қайтарымсыз несие алып, кәсіп бастаса, 2021-дің жарты жылында 11 адам несие алу арқылы жаңа істі қолға алды. Ал «Бастау Бизнес» жобасы арқылы өткен жылы 87 адам, биыл 102 адам оқыды. Пробация қызметі бойынша 2020 жылы 5 адам жұмысқа орналасса, биыл 9 адам жұмыспен қамтылды, — дейді орталық маманы Назерке Тигисова.

Орталықта халыққа көрсетілетін қызметтің тағы бірі — мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау. Осы сала бойынша қызмет көрсететін Айзат Сельдыбаева айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасыларға мемлекет тарапынан тағайындалатын төлемді өткен жылы ауданда 499 адам алса, биылғы 1 шілдеге дейін 315 отбасы алғанын, қазіргі таңда келесі үш айлыққа құжат дайындалып жатқанын жеткізді.

Жұмыспен қамту — басты мақсат

Аты айтып тұрғандай, жұмыссызға жұмыс тауып беру басты міндеті болып табылатын мекеменің бұл мақсаттағы бірнеше бағыты бар. Оның бірі — халық арасында «биржа» деп аталып кеткен ақылы қоғамдық жұмыс. Бүгінде екі қолға бір күрек таппай жүрген жанның жанына жалау болған бұлжұмыс расымен бірқатар отбасының күнкөріс көзіне айналып отыр. Ағымдағы жылы 1320 мұғалжарлықты ақылы қоғамдық жұмысқа тарту жоспарланған болса, қазіргі таңға 870-і жұмысқа жолданып үлгерген. Оның ішінде 178-і «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жолданған. «Жасыл ел» демекші, аталмыш бағдарламаға 16 және 29 жас аралығындағы студенттер не оқушылар қатыса алады. Өткен жылы 120 жасқа аталмыш жоба аясында жұмыс берілсе, биыл 200 мұғалжарлық жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

— Жұмыс жасағысы келетін оқушылар мен студенттер өте көп болғандықтан, 2020 жылдан бастап жастарды ақылы қоғамдық жұмыс арқылы қамту енгізілді. «Жасыл ел» жобасы бойынша жұмысқа тартылған жастардың жалақысы 25 АЕК көлемінде, яғни 72 925 теңге. Бірақ ақылы қоғамдық жұмыс арқылы іске кіріскен жастардың жалақысы  63 750 теңге болғандықтан, жобамен жұмыс жасайтындардың жұмыс уақытын азайту арқылы екеуінің жалақысы теңестірілді, — дейді орталық маманы Гүлжарған Ерғалиева.

Жастарды еңбекке баулып, жұмысқа тартуға жасалған тағы бір мүмкіндік

— «Жастар тәжірибесі». Яғни 29 жасқа толмаған, соңғы үш жылда өз мамандығы бойынша жұмыс таппағанжастар «Еңбек» бағдарламасы арқылы ақы төленетін тәжірибеден өте алады. Соның арқасында тәжірибеден өтуші жастың мамандығы бойынша бейімделіп, сол жұмыс орнында қалуына мүмкіндігі болады  Биыл аудан бойынша 63 жас әр салаға «Жастар тәжірибесіне» жіберілді. Жұмыссызға жұмыс тауып беру мақсатында мемлекет тарапынан әлеуметтік жұмыс орындары да қарастырылған. Яғни жеке кәсіпкерлер жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысшыны жұмысқа алып, жалақысының 65 пайызын кәсіпкер төлесе, қалған 35 пайызын мемлекет төлейді. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағыты бар. Жыл басында әлеуметтік жұмыс орындарына 390 адамды жіберу жоспарланған болса, қазіргі таңға 334 адам жолдама алып, жұмысқа орналасқан. Жоғарыда аталғандардың бәрін уақытша жұмыс орны десек, тұрақты жұмыспен қамту да орталықта жақсы жолға қойылған.

— Өткен жылы 2440 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылса, биылғы 5 айда 740 адам тұрақты жұмыс тапты. Ал «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 432 адам жұмысқа жолданды, оның 50 пайызы жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алынды, — дейді сала маманы Назгүл Абилгазина.

Сонымен қатар жастарды жұмысқа орналастыру мақсатындағы арнайы жобаларда қолға алынған. Мәселен, «Алғашқы жұмыс орны» жобасынажоғары немесе орта оқу орнының түлегі және алғашқы жұмысын іздеп жүрген, 29 жасқа дейінгі еңбек өтілі жоқ жұмыссыз азаматтың 24 ай мерзіміне тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігібар. Алғашқы12 айдың жалақысы бюджет қаражаты есебінен төленсе, келесі 12 айдың жалақысы жұмысберушімен төленеді. Осы жолмен ауданнан биыл 6 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Ал өткен жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы жас маманды әрі қарай зейнетке шығатын қызметкерді алмастыратындай жұмысқа орналастыруды көздейді. Үміткерді мемлекеттің субсидиясындағы орынға 6 айға дейін 20 АЕК шамасында төленетін жұмыс орнына орналастырады. Келісім шарттың мерзімі өткен соң тәлімгердің айлық табысына тең келерліктей тұрақты жұмысқа орналастырады. Бұл жоба аясында да биыл аудан бойынша 6 адам жұмысқа тартылған.

P.S. Он жылдан бері оңды істерді қолға алып, талай жанның жұмыс табуына жәрдемдесіп, көпті кәсіпкерлікке баулыған орталықтың мамандары еңбектері үшін алғыс та арқалап, кейде қарғыс та естіп қалып жатады. Десе де жүгі ауыр, жауапкершілігі мол қызметте білек түре еңбек етіп жүрген жандар «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүруді мақсат тұтпайды. Осынша жыл халық игілігі жолында тер төккен орталық қызметкерлері әлі де жауапты жұмысты жүйелі атқара бермек…

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

КӨТІБАР БАТЫР БӘСЕНҰЛЫ МОНУМЕНТІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

admin_mugalzhar

СЕНАТ ДЕПУТАТЫ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

«МҰҒАЛЖАРДЫҢ» ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.