«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢБЕКҚОР БАҒЛАН

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫ — ОБЛЫСТАҒЫ ҮЛКЕН ҚАЛАЛАРДЫҢ БІРІ. БҮГІНДЕ ҚАЛАДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ ӨСІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СҰРАНЫСЫНА САЙ КӨПТЕГЕН ЖАҢА КӘСІП ТҮРЛЕРІНІҢ КӨБЕЙІП, ӘР ТҮРЛІ САЛАДАҒЫ БИЗНЕС ЖОБАЛАРДЫҢ ҚОЛҒА АЛЫНУЫНА МҮМКІНДІК ТУҒЫЗЫП ОТЫР. КӘСІПКЕРДІ ҚОЛДАҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ДА БҰЛ МҮМКІНДІККЕ ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСАТЫНЫ АЙҚЫН. ҚАНДЫАҒАШТЫҚ БАҒЛАН ҒАЛЫМЖАН ДА ҚАЛАДА БҰРЫН-СОҢДЫ ҚОЛҒА АЛЫНСА ДА, ДАМИ ҚОЙМАҒАН КИНОКӨРСЕТІЛІМ САЛАСЫНА БЕТ БҰРЫП, КИНОТЕАТР АШУДЫ ҚОЛҒА АЛҒАН ЖАС.

Өткен жылы қазан айында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бастау бизнес» бойынша оқып, кейін өз жобасын ұсынған Бағлан мемлекеттік грантты ұтып алғаннан кейін жалға орын алып, өз кәсібін ашты.»Qndmovieroom» деп аталатын кинозал 15 адамға арна лып жасалған. Бұнда соңғы үлгідегі заманауи жабдықтар орнатылып, көрерменге қолайлы жағдай жасалған. Жұмыс істеп жатқандарына көп бола қоймаса да, 15 орындық шағын кинозалдың өз тұрақты көрермендері бар және үлкен экраннан кино көрем деушілердің саны артуда. Кинотеатрға кіру үшін алдын-ала тапсырыс қабылданады. Сонымен қатар кішігірім фаст-фуд кафесі де жұмыс жасайды. Отбасымен, достарымен, ұжымдастарымен келіп, тынығып, кино көруге өте қолайлы орын.

— Әрине, әлемді жаулаған коронавирус індеті киноиндустрия саласына ғана емес, кинотеатрларға да үлкен қиындық алып келді. Менің бұл кәсібім де осыған байланысты бүгінде тоқтап тұр. Бірақ мен жақсы күндерге сенемін. Уақытша қиындықтан ауызбіршілікпен ел болып бірге өтіп, қалыпты өмірімізге оралып, кәсібімізді дөңгелетерімізге сенемін, — дейді оптимист жас. Шағын кәсіптің үлкен бизнеске апарар жолын жадыға тоқыған Бағлан бұдан бөлек саябақта жүгері сатуды да кәсіп көзіне айналдырған. Мектеп кезінен өнерге жақын, шығармашылықты жаны сүйетін жас республикалық «Жайдарман» ойындарының чемпионы да атанған. Жастар ғана емес үлкендердің есінде «Фемида» атымен танылған құрамада ойнап, өткір әзілдерімен көпке танылып та үлгерген. Әлеуметтік желіде де белсенділік танытып жүрген ол бартер, жарнама арқылы да қосымша табыс тауып жүр.

— Жалпы жастар ешкімге ешнәрсені міндетсінбеуі керек. Әркім өзі үшін еңбек етіп, өз жағдайын өзі ойлауы керек. Әркімнің өзіне лайық кәсібі болады. Соны дәл таба алса болғаны. Ол үшін әрдайым ізденісте жүру қажет. Кәсіптің түр-түрін байқап көруге болады. Солардың арасынан өзіңнің қолыңнан жақсы келетін, жаның сүйетін істі табарың анық. Ең бастысы, ешқашан берілмеу қажет. Ерікжігерің мықты болып, өз дегеніңнен қайтпасаң, табандылық танытсаң — түбі жеңіске жетесің, — дейді Бағлан Ғалымжан.

Ә.ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

admin_mugalzhar

ҚОЛӨНЕРГЕ БАР ТАЛАСЫ…

admin_mugalzhar

ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҚАШАН ДА МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.