ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ ШЫҚТЫ

0
746

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Төлеулі Махимов құрметті зейнеткерлікке шықты. Арнайы ұйымдастырылған салтанатты шарада аудан әкімі Асқар Шериязданов Төлеулі Жұмағазыұлына мемлекеттік қызмет саласында еткен еңбегі үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ салтанатты шараға Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтудың үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Серікұлы, Банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитетінің төрайымы Мұхтарита Сағындықова, Темір ауданының маслихат хатшысы Болат Шаимов қатысып, мереке иесінің иығына шапан жауып, алғыс білдіріп, төсбелгі тақты. Төлеулі Жұмағазыұлы да өзіне көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, облыс, аудан басшылығы мен әріптестеріне алғысын жеткізді. Төлеулі Махимов Шұбарқұдық орта мектебінде тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастады.

Әр жылдары Темір аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі, Темір аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, Темір аудандық мәслихатының бөлім меңгерушісі, Темір ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. 2009- 2013 жылдары Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, 2013-2016 жылдары Мұғалжар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметінде еңбек етті. Зейнеткерлік жасқа шыққанға дейін 2016 жылдан бастап Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры қызметін атқарды.

Н.КЕСІКҚҰЛ