Республикалық «Самғау» жобасына қатысқан мұғалжарлық жастар қайтарымсыз грант иегері атанды. Оның
ішінде аудандағы «Галерея» өнер студиясы мен «ArtPrintEx» жобалары үздіктер қатарына кірді.
«Балалар жылы» аясында балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін ояту, сурет салу қабілеттерін дамыту, мүсін жасауды үйрету, идеясы мықты балаларды тәрбиелеу мақсатында қолға алынған «Галерея» өнер студиясы Қайыңды ауылдық округінде ашылып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және толық емес отбасы балаларының уақытын тиімді өткізуді қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуде. Ал екінші грант иегері «ArtPrintEx» жобасының негізгі жұмысы — Қандыағаш қаласындағы аз қамтылған, көпбалалы отбасы балалары мен жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жастар мен жасөспірімдерге дизайндық жұмыстардың қырсырларын үйрету болып табылады. Аталмыш жоба арқылы жастар өздерінің цифрлық сауаттылықтарын дамытып, өздеріне деген сенімділіктерін арттырып қана қоймай, қазіргі заман талабына сай кәсіби түрде дизайнерлік сала бойынша білім алады. Мұғалжарлық бұл екі жоба да балалар мен жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануына және жаңа достар тауып, жаңа орта қалыптастыруына себепкер болуда. Жоба иелері гранттан ұтып алған 220 мың теңге қаржыларын да осы бағытта жұмсамақ.
«МҰҒАЛЖАР-АҚПАРАТ»