Бүгінгі таңда елімізде 4 протездік-ортопедиялық орталық бар. Олар Алматы, Петропавл, Өскемен және Семей қалаларында жұмыс жасайды. Енді Ақтөбе қаласында да осындай протездік-ортопедиялық орталық өз жұмысын бастамақ.
Орталық ашып жатқан Sunfeel компаниясының директоры Мамед Байрамов:
— Осы салада 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Протез жасайтын ұста болып бастап, Алматыдағы республикалық протездік-ортопедиялық орталықтың басшылық қызметінде болдым. Батыс өңірінде протезге, ортопедиялық бұйымдарға сұраныс жоғары. Осыны ескеріп орталық ашуға бел будым. Бұл орталықта жаңа технологияларды пайдалана отырып, жамбас, жіліншік және қол протездері, балаларға арналған протездер де жасалады. Сондай-ақ протездік-ортопедиялық бұйымдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ортопедиялық аяқ киім мен сүт безінің протездері жеке тапсырыс бойынша жасалады, — деді.
Мұндағы ең қарапайым тізе буынының протезі 500 мың теңгеден, ал жамбасқа арналған протез 670 мың теңгеден жоғары тұрады екен. Материалдың сапасы мен жасалу технологиясына қарай баға да өсе береді. Аталған орталық электронды үкімет порталына қосылу жұмыстарын аяқтаса, мемлекеттік тапсырыс бойынша қызмет көрсететін болады. Орталықтың бірінші қабатында қабылдау бөлмесі және протезге бейімделу залы, екінші қабатында шеберхана бар.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.