«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖЕТІМ КӨРСЕҢ ЖЕБЕЙ ЖҮР…

ЕЛІМІЗДЕ ТАСТАНДЫ БАЛАЛАРДЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАНДА 23 МЫҢНАН АСТАМ БАЛА АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН. ЖОҒАРЫДА АТАЛҒАН ДЕРЕКТІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ 18 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ 60 ЖЕТІМ БАЛА ТОЛЫҚТЫРАДЫ. ОЛАРДЫҢ ӘРҚАЙСЫСЫ МЕЙІРІМГЕ МҰҚТАЖ, БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНДАТӘРБИЕЛЕНГІСІ КЕЛЕДІ. БАЛАНЫҢ ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ КҮЛКІСІН ЕСТУДІ АРМАНДАЙТЫН ҚАНШАМА ШАҢЫРАҚТАР ДА БАР. ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН ЕЛІМІЗ ЖЕТІМДЕР ҮЙІН ЖАУЫП, БЕЙ КҮНӘ ПЕРІШТЕЛЕРДІ ЖӘУТЕҢДЕТПЕУДІҢ ТҮРЛІ ЖОЛЫН ҚАРАСТЫРУДА. СОНЫҢ БІРІ – БАЛАНЫ ЖАҢА ОТБАСЫНА БЕЙІМДЕЙТІН – ПАТРОНАТТЫҚ ТӘРБИЕ МЕН ҚАМКӨҢІЛ БАЛАЛАРҒА БЕРЕТІН МЕМЛЕКЕТТІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ. БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗҒА ОСЫ ТАҚЫРЫПТАР АРҚАУ БОЛМАҚ.

ЖЕТІМДЕР ЖАЙЫ – НАЗАРДА
Жетімдік мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналғалы қашан. Аталған мәселені шешіп, жетімдер санын азайту мақсатында ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Айталық, аудандық білім бөлімі жанында қорғаншылық пен қамқоршылық кеңесі жұмыс жасайды. Кеңестің жетім, атааналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды аудан бойынша қамқорлықсыз қалуының нақты мән-жәйларын зерттеп, балаларды орналастыру нысандары бойынша «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР-ның Кодексінде қарастырылған баптар негізінде жұмыс жасайтынын айтқан аудандық білім бөлімінің бас маманы Мейрамгүл Жұманбетова:
«Жалпы біздің басты мақсатымыз — баланың туған отбасын сақтап қалу. Ол мүмкін болмаған жағдайда балаға барынша қамқорлық таныту. Баланың құқықтары туралы конвенцияның кіріспесінде де «баланың жеке тұлғасының толыққанды және үйлесімді дамуы үшін оның отбасы ортасында, бақыт құшағында өсуі қажет» деп атап көрсетілген. Біздер мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес, балалардың үйтұрмыстық жағдайлары әр алты ай сайын, оның ішінде баланың жағдайы, сабақ үлгерімі, денсаулық жағдайы, тамақтануы, тәртібі туралы үнемі тексеріп отырамыз. Қамқоршықорғаншысынан немесе патронаттық тәрбиешісінен есеп алып, міндеттерін жіті бақылаймыз. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жетім, атаанасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға айына 10 айлық есептік көрсеткіші көлемінде төленетін қаражаттың есебін де қадағалаймыз», — деді.
Оның айтуынша, ауданның мектептеріндегі әлеуметтік педагогтар мен психологтар осы мақсатта жұмыс жасайды. Оған қоса, мамандар балалардың және отбасының жағдайы нашарлағанын ерте анықтап, отбасыларға уақтылы көмек көрсетуге бағытталған іс-шараларды орындайды. Білім бөлімі жанындағы қорғаншылық пен қамқоршылық бөлімінің есебінде тұрған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайын анықтау және оларды кәсіби бағдарлау мен оқуға орналастыру жұмыстары да жүргізіледі.

60 БАЛА АТА-АНА ҚАМҚОРЛЫҒЫНА ЗӘРУ
Осы жылы аудан аумағындағы мектептерде оқушылардың отбасылық жағдайын анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде ауданда 18 жасқа дейінгі 60 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың бары анықталған. 60 баланың 48-і жетім балалар, ал 12-і атаанасының қамқорлығынсыз қалғандар, яғни бұл балалардың ата-аналары бас тартқан, атааналық құқықтарынан айрылған немесе құқықтары шектеліп, хабарсыз кеткен.
— Бүгінде 57 бала қорғаншылық және қамқоршылықта тәрбиеде. 8 баланың ата-анасынан мұрагерлікке қалған жекеменшік үйі бар, ал алтауына мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілді. Ал 7 баланың құқықтық үлесінде үйлері бар. Мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде 52 бала тұр. Біз жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес, есепте тұрған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы «жақсы» деп бағаланып отыр. Себебі қорғаншылық пен қамқоршылықтағы балалардың барлығы туған отбасында, яғни туған аға-апаларының, ата-әжелерінің және жақын туыстарының қолында тұрады. Олардың денсаулықтары, сабақ үлгерімдері, физиологиялық және психологиялық тұрғыда дамулары жақсы, мүліктік құқықтары толық сақталған. Ал патронаттық тәрбиеде 3 бала тәрбиеленіп отыр, — деді Мейрамгүл Жұманбетова.

МЕЙІРІМДІ ТҰРҒЫНДАР – АҚСУДА
Жетімдіктің алдын алып, баланың қоршаған ортамен, басқа адамдармен тұрақты түрде қарым-қатынас жасауына, жанжақты дамуына патронаттық тәрбиенің тигізетін әсері мол. Жетімдер үйіндегі баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббатын беріп отырған жандардың бары көңілге қуаныш сыйлайды. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Мейрамгүл Қонысбайқызының айтуынша, Ащысай ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылының тұрғындары Зейнегүл Жұмағалиева, Нұржамал Әйтекенова, Светлана Әбілқайырова, Балмекен Құлбаевалар сауапты іс жасап, жетім балаларды бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеп отыр екен.
— Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алып, отбасындағы жылы қарым-қатынасты көрсетіп, ата-ана жылуын сезіндіру — жақсы адамдарға тән қасиет. Кең жүректі, тұрмысы жақсы азаматтар балалар үйінен қамқоршылыққа, патронатқа бала алып жатса, елімізде жетім балалар саны азаяр еді. Бүгінде осы мәселе төңірегінде жұмыстанып жатырмыз, — деді ол. Біз де өз кезегінде Ақсу ауылында тұратын мейрімді тұрғындарға қоңырау шалып, балалардың жағдайдын сұрадық. Биыл 7-сыныпты бітірген Радик Халкинді тәрбиелеп отырған Балмекен Құлбаева бауырына басқан баласының тілалғыш, елгезек екенін, Радиктің анасы қайтыс болғанын, бірге туған екі ағасы болғанымен тығыз араласпайтынын айтты.
— Радикті қолыма алып тәрбиелеп жатқаныма биыл үш жылдан асты. Осы уақыт аралығында өз балаларыма қандай жақсы тәрбие берсем, бұл балаға да сондай тәрбие беріп, мейірімімді төгемін. Өз баламнан артық көрмесем, кем көрмеймін. Өзімнің туған балаларым өсіп кетті. Ең кішісінің өзі 24-те. Радик біздің жанұямыздың тәрбиесіне, үрдісіне үйренді, мені «мама», жолдасымды «әке» деп атайды. Ол біздің отбасымызға келгенде дұрыс сөйлей алмайтын. Барлық ем-шараларды уақытында жасап, бүгінде жағдайы жақсарып, арнайы комиссия есептен шығарды. Жаз айларында тұрақты лагерьге барып тұрады. Теннисті жақсы ойнайды. Суретті де шебер салады, — деді Балмекен Құлбаева.
Ақсу ауылында тұратын Светлана Әбілқайырова 2018 жылдан бері Роман және Райса Назаренкаларды бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеп келеді. Светлананың айтуынша, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бұл балалар оған дейін Темір ауданындағы отбасы үлгісінде балалар үйінде тәрбиеленген. Роман 2005 жылы, Райса 2007 жылы туған. Ата-аналары ата-аналық құқықтарынан заңды түрде айрылып, із-түссіз жоғалғандар қатарында болған. Светлана 2019 жылы бауырына басқан балаларының аналарын іздеген. Бірақ ол кезде аналары қайтыс болған екен.
— Шұбарқұдық ауылындағы балалар үйіне бірнеше мәрте барып, балаларыммен сөйлестім. Оларды ауылға алып келіп, отбасыммен таныстырдым. Менің өз балаларым да Роман мен Райсаны жылы қабылдады. Бас кезінде қиындықтар болғанын жоққа шығара алмаймын. Балалар үйінде өскеннен кейін бұл балалардың тәрбиесінде олқылықтар көп болды. Сол кездегі менің басты мақсатым балаларымның тәрбиесін түзеп, тәрбиелі балалар қатарына қосу болатын. Бүгінде балалардың тәртібі мен сабақ үлгерімдері жақсы деп толық айта аламын. Оған ауыл тұрғындары куә. Мені «мама» деп, жолдасымды «әке» деп атайды. Бүгінде балаларды тәрбиелеп отырғаныма 4 жылдан асты. Тағы да тәрбиелеу мезімін 3 жылға создырып алдым. Балалар менен алыстап ешқайда кеткісі келмейді. Ұлым Роман биыл 9-класты, қызым Райса 7 бітірді. Оларды Қандыағаш қаласында тұратын нағашы болып келетін туысқандарымен таныстырғанмын. Бірақ балаларым олармен кездесуге қарсылықтарын білдіріп, менімен бірге қалғысы келетіндерін айтты, — деді ол.
Светлана Әбілқайырова бүгінде Ақсу орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бауырына басқан балаларын сауаттандыру үшін бар күш-жігерін салды. Үнемі сабақтарын қадағалып, жанынан тастамай, өзінің жақсы қасиеттерін бойларына сіңіруге тырысы. Бүгінде балаларын өз баласынан артық көріп, ұқыптылыққа, тазалыққа тәрбиелеп келеді. Өзінің денсаулығына байланысты екі баламен шектелген ол бүгінде бауырына басқан балаларының санымен көпбалалы аналардың қатарына қосылғанын әзілмен жеткізді.
— Мен қорқамын деп айтпауға тырысамын. Тек алға ұмтыла беремін. Өзімнің жаратылысым солай. Қандай жағдайға да сабырмен қарап, байсалды шешім қабылдауға тырысамын. Адамды өзгертуге болады деп те айта аламын. Әрине, оған шеберлік керек. Қиындығы болды, болмады демеймін. Алла өзі күш қуат береді екен. Бір тылсым күш демеп отырады. Шаршадым деп айтқан адам емеспін. Балаларымды «жетім» деп айтса, ренжіп қаламын. Олар періште бала ғой. Ондай жағдайға душар боламыз деп ойлаған жоқ. Аналарының кателігінен сондай күй кешті, — деді Светлана Әбілқайырова.
Райса жайлы ерекше сүйіспеншілікпен айтқан Светлана қызының ақкөңіл, әрдайым біреуге көмектескенді жақсы көретінін жеткізді. Ал ұлы Роман сабақты жақсы оқып, ақшаны көп тауып, әкесіне үлкен үй мен қымбат машина алып беруді армандайды екен.

СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 93 БАЛА ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТЫЛҒАН
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту — мемлекетіміздің алға қойған басты міндеттерінің бірі. Осы орайда «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы» Заңыда осыны көздейді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне аудан бойынша жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасы 29 жасқа дейінгі 93 бала тіркелген. Соңғы 5 жылда мемлекеттік тұрғын үй қоры кезегінде тұрған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтарға 83 пәтер бөлінген. Оның ішінде 2018 жылы — 48, 2019 жылы — 26 және 2021 жылы — 9 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар пәтер иесі атанған.
— Бүгінде ересек өмірге аяқ басқанда балаларды қолдау мақсатында қайырымды жандарының қолдауымен аудан көлемінде балалардың «Отбасы банкі» АҚ-да ашылған есепшоттарын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Айталық, қорғаншылық пен қамқоршылық бөлімінің есебінде тұрған жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және патронаттық тәрбиедегі балаларға әлеуметтік-патронаттық жетекшілік етіп отырған мемлекеттікмекемелер, аудандық білім бөліміне қарасты ұйымдар, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан кәсіпорындары мен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен балалардың есепшоттарындағы жалпы қаражат көлемі 20 млн теңгеге жетті. Сондай-ақ, жастардың жұмысқа орналасуы үшін мемлекеттік мекемелер мен түрлі кәсіпорындардаалғашқы тәжірибеніжинақтап, білімін еңбекпен ұштастыруына қолдау көрсету жөнінде жұмыстар жүргізілуде, — деді ол.

ЖЕТІМ БАЛАЛАРҒА БІЛІМ ГРАНТТАРЫ БЕРІЛЕДІ
Білім бөлімінің маманы бүгінде облыстық білім басқармасының ұсыныстары негізінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды арнаулы-орта және жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттарға түсіру үшін жұмыстанып жатқанын да жеткізді. Бүгінгі күні білім бөлімінің есебінде тұрған 60 жетім баланың 9-ы колледж студенттері. Оның ішінде 2 бала аудандық білім бөлімінің жолдамасы негізінде Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжіне жетім балаларменжәне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен арнайы әңгімелесу арқылы «Техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету» бағдарламасымен республикалық бюджет негізінде оқуға түскен.
— Оларға мемлекет тарапынан, яғни республикалық бюджеттен ай сайын 28 323 теңге көлемінде шәкіртақы және 10 850 теңге көлемінде ай сайын ыстық тамаққа ақшалай жеке есепшоттарына қаржыаударылып отырады. Айта кету керек, мемлекет тарапынан ыстық тамаққа және шәкіртақыға төленетін қаржы оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі, демалыс күндері және жазғы демалыс мерзімінде де тұрақты түрде төленіп тұрады. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы арқылы ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар үшін жұмыс орындарына квоталар белгіленіп, бүгінде мекеме сұраныстары негізінде жұмысқа орналастыру жүргізілуде, — деді Мейрамгүл Жұманбетова.
Оған қоса білім бөлімінің ұсынысымен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалында «Бизнес-Бастау» кәсіпкерлік оқу арқылы болашақта грант иегерлері атануға мүмкіндіктері барын да атап өтті.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

«НҰР-ӘЛЕМ» ЖҰМЫСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІК

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысының әкімі өңірдің қыз-келіншектерін 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

admin_mugalzhar

«КӨГАЛДАҒЫ КІТАПХАНА» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.