«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӨНЕГЕ

Ермағамбетовтер әулетін Мұғалжар өңірінің жұртшылығы жақсы біледі. Әулет басы Құрманғали Ермағамбетов соғыс жылдарында Құмжарған, Коминтерн колхоздарын басқарған. Тынымсыз еңбек етіп, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен шаруашылық жұмыстарын жедел атқарып, белгіленген тапсырмалардың өз деңгейінде орындалуына аянбай еңбек жасаған. Сонымен бірге көптеген адамдарға, қарттар мен қамқорлықты қажет ететін отбасыларға көмегін аямай, олардың қалыпты тіршілік етуіне ықпал еткен. Осындай отбасында жеті перзент дүниеге келеді. Олардың барлығы да жастайынан еңбекке араласып, мектеп бітірген соң белгілі бір мамандық иелері атанып, қоғамға қызмет еткен, елге танылған. Солардың бірі Роза Құрманғалиқызымен біз мерейлі туған күні қарсаңында кездесіп, әулеттегі әдемі дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы, өнегелі өмір өрнектері туралы сұхбаттасқанбыз.

Апалар алда жүрген соң…

Кеңестік заманда бір ауданның сауда саласына жетекшілік жасап, жігерлі басшы ретінде танылған Роза Құрманғалиқызының жүріп өткен жолына өкпесі жоқ. Қатарымен бірге есейіп, қалаған мамандығын игерді. Әке-шешенің аялы алақанын сезініп өсті.

Бұл үйдегі балалардың үлкені Дина дүниеге соғыс кезінде 1942 жылы дүниеге келген. Кішкентайынан еңбекқор болып жетілді. Ұзақ уақыт өнеркәсіптік комбинатта жұмыс істеп, өзіне тапсырылған міндеттерді мінсіз атқарады. Оның өзіне тән бір ерекшелігі ретінде баянды шеберлікпен құйқылжыта тартатыны айтылады.

«Одан кейінгі Мәрия апамның мамандығы — филолог, мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сонау жылдары Орқашта Қонжар кәсіптік-техникалық училищесі болған, сонда біраз еңбек етті» дейді бауыры туралы Роза апа.

Мәрия Құрманғалиқызының еңбекке жақындығы туралы бір мысалды жерлестері әлі күнге дейін үлкен ықыласпен баяндайды.

1974 жылы Қазақстанда Семей облысы Шұбартау ауданы жастарының қой шаруашылығын өркендетуге бару туралы үндеуі жарияланды. Сол үндеуге мектепте мұғалім болып жүрген Мәрия апай да қолдау білдіреді. Қолдау білдіргені сол — бір топ түлектерді соңына ертіп, қой өсіруші «Аққайың» жастар бригадасын құрады. Олар шаруашылықтың Талдыкөл деген жерінен қоныс тебеді. Сөйтіп, екі жарым жыл бойы жастар тәлімгері атанады. Жолдасы — механизатор, ол да шаруаның екінші басына иығын тосады.

Ұстаз-шопанның еңбегі еленбей қалмайды, ол жоғары басшылықтың марапаттауларына ие болды. Сол уақытта облыс басшысының қолынан алынған алтын сағат та — бұл үйдегі жақсы күндерден қалған жәдігер.

Мәрия апай кейін өз мамандығына оралады. Содан кейін мектепте үзбестен отыз жеті жыл директор болып, талай түлектерді қияға ұшырды.

Мәрия ападан кейінгі Ағленді бүкіл ел біледі десек, артық айтқандық бола қоймас. Ол бастапқыда Орал педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Кейінірек Темір ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, қосымша мамандықты және игерді. Он жылдай ауылдықКеңестің төрағасы, «Орқаш» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып, халықпен тікелей жұмыс жасайды. Содан кейін кеңшар директоры болып тағайындалады. Бұл — 1984 жыл еді.

Ол уақытта сонау Талдықорған өңірінде Зылиха Тамшыбаева сынды қазақ қызының шаруашылық басқаратынын баспасөзден оқып, біліп жүретін. Ағленнің тізгінді қолға берік ұстауына осындай алдындағы апасының сенімді іс-қимылы да әсер еткен секілді. «Орқаш» кеңшары сол жылдарда ілгеріден көрінді. Егістік алқабы көз қуантарлықтай жайқалып тұрды. Мал басы өз төлі есебінен өсіп жатты. Ауыл еңбеккерлерінің жағдайын жақсарту, тұрмыстық хал-ахуалын көтеру күн тәртібінен түскен емес. Осындай жағдайда Ағлен Құрманғалиқызының беделі өсе түсті де, ол 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Ол депутат кезінде де өз белсенділігін бәсеңдеткен емес. Әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты проблемаларды жиі көтеріп, тиісті мемлекеттік органдар басшыларымен кездесіп, алдағы бағыттарды айқындауға ықпалын тигізіп отырды.

Оның ерен еңбегі ескеріліп, 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

Өкінішке қарай, Ағлен апа белсене еңбек етіп жүрген тұсында ауыр дерт салдарынан өмірден ерте өтті. Оның артында қалған істерін сіңілісі Роза қолға алып, ілгері қарай жалғастыруды өзінің борышы санады.

Бәрі де өмірдің заңы ғой дегенімен, ол Ағлен апасын әлі күнге дейін іздейді. Соңғы уақыттары аяулы апасының құрметіне есімі қойылған қыздардың тізімін жасауда. Олар облыстың өзінде аз емес екен. Солардың барлығының мекенжайын анықтап, қазіргі тыныс-тіршіліктерін зерделеп отырады. Сол ғана көңіліне жұбаныш әкелгендей болады кейде…

Үш апасының соңынан ерген Розаның еркелеу болып өсіп, еркіндеу жүруіне де мүмкіндік бар еді. Бірақ ол кішкентайынан үй шаруасына араласып, алдындағы үлкендері әкесіне қолғанат болып, түздің тірлігін түзеуге көмектессе, бұл екінші класс оқып жүргеннің өзінде сөмкесін сүйретіп, дүкенге жүгіретін. Осылайша азық-түлік әкелуді өзіне міндет етіп алғанын үлкендер кейінірек жиі еске түсіріп отырады екен.

Ол кездегі мамандықтың төресі қыз балалар үшін — мұғалімдік. Екі апасы Мәрия мен Ағлен осы жолмен жүргесін Розаға да басқа таңдау болмайтынығына үйдегілер күмән келтірмейтін. Бірақ, оның дүкенге жиі баратындығы, барған сайын зат өлшегіш тастарын алып-салып жататын дүкеншінің іс-қимылы еліктіріп жіберсе керек, сауда саласына бүйрегі бұра берген. Ағлен апасы бәрібір оның бұл қалауына мән бермей, өзінің қайсар мінезіне салып, сегізінші класс бітірген сіңілісін еріксіз Ақтөбе педагогикалық училищесіне оқуға алып барады. «Содан сынақтарды біршама жақсы тапсырғаныммен, конкурстан өте алмай қалдым. Ағлен апам артымда жылап келеді, мен іштей қуаныштамын. Онжылдықты Жұрыннан бітіріп, содан кейін өзі қалаған кооператив техникумына оқуға түстім»,— деп, сол күндерді сағынышпен еске алады қазір Роза апамыз.

1972 жылы мамандық алып шыққан жас маман туған ауылына келіп, әуелі товаровед, сосын сатушы қызметтерін атқарады. Ол кезде «Орқаш» совхозы бірнеше фермасы бар, егіншілігі мен мал шаруашылығы қатар өрістеп тұрған үлкен ұжым. Сауда қызметкері үшін де жұмыс жеткілікті, тауар айналымы да қомақты. Еңбек ете жүріп, Қарағанды кооператив институтының Алматыдағы филиалына сырттай оқуға түседі.

Аз ғана уақыт ішінде өзін көрсете білген оны аудандағы басшылары, оның ішінде тұтынушылар одағының төрағасы Нұрмұханбет Жұмағалиев қызметке шақыра бастайды. Сол уақытта облыстағы сауда саласының майталманы саналатын Нұрмұханбет Жұмағалиұлы әуелі Харьковтегі бір жылдық сауда мектебін, содан кейін Мәскеу кооператив институтын тәмамдаған, сондай-ақ ірілі-ұсақты бірнеше мекемелерді басқарып, тәжірибе жинақтаған жан екен.

Ембіде орналасқан көтерме сауда базасы КСРО-ның көптеген ірі өңірлерімен байланыс жасап, не түрлі тауарларды алдыратын болып шықты. Осындай жауапты мекемеге аға товаровед болып келген Роза Құрманғалиқызы бір сәттерде өзін от пен судың ортасында жүргендей де сезінеді. Өйткені сауда орындарын тексеруші де, іс-қимылдарын бағушы да көп екенін кейінірек байқайды. Бірақ шегінетін жер жоқ. Әкеден алған тәлімі адалдықтан ауытқымауға, қиындықтан тайсалмауға үйреткен жоқ па?!

Аудандық тұтынушылар одағының төрағасы болған кезде ауданның сауда жүйесінде бес жүзге жуық адам еңбек еткен. Барлық елді мекендерде дүкендер жұмыс істеп, наубайхана болған. Әр шаруашылыққа екі-екіден автодүкендер бөлінген. Олар белгіленген кесте бойынша малшы ауылдарды аралайды. Еңбек адамдары арасында радиоқабылдағыштың батареясы жеткізілмей қалса да, шу шығаратындары болыпты. «Сондықтан бәрін де бақылауда ұстадық. Ол кездің талабы сондай еді. Бізге босаңсуға болмайтын» дейді сөз арасында Роза апай.

Тасқали Хайдаров, Жандәулет Қапаров, Шмид Қырқымбаев секілді басшылықтағы тәжірибелі сауда қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеу өзіне жеңіл болғанын сүйіспеншілікпен айтқан ол өзінің мамандық таңдауына ешқашанда өкінбейтіндігін де білдіре кетті әңгіме ретінде.

Биыл сауда саласында еңбек еткеніне тура жарты ғасыр уақыт болыпты. Кеңестік заманда «Тұтыну кооперациясының үздігі» деген атаққа ие болғаны бар. Сосынғы бір жетістігі — кезінде Қазақстан Тұтынушылар одағының мүшесі болып сайланғаны. Бұған да екінің бірінің қолы жете бермейтін-ді. Аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды.

«Сауда саласында қызмет ету маған оңайға түскен жоқ. Егер жолдан тайып кеткен болсам, кесірім бауырларыма да тиетінін жақсы білдім. Сондықтан барынша адал еңбек етуге ұмтылдым» дейді Роза апа.

Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендетуге арнаған  Роза Құрманғалиқызы қазір де ауылға ерекше көңіл бөлініп жатқанына дән риза. Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы ел еңсесін көтеретініне сенімді.

Жұбановтар әулетімен жақындық

Ермағамбетовтер мен Жұбановтар әулеті арасындағы рухани жақындықты бүкіл Орқаш өңірі білетін-ді.

Жалпы, Жұбановтардың атамекені осы өңір болғандықтан олардың қай-қайсысы да елге жиі келіп тұратын. Сондайда ел азаматтарының ішінде Құрманғали ақсақал оларға көбірек құрмет көрсетіп, жай-жағдайларын жасайды екен.

«Атақты композитор Ахмет Жұбанов елге келіп алпыс жылдығын тойлады. Халық ерекше құрмет көрсетті. Шаруашылық басшылары астына ат мінгізді. Кейін әкем сол аттың ақшасын Алматыға жеткізіп берді де, совхоздың Орлик деп аталатын жылқысын өз бағымымызға алдық. Келесі жылы ауданда Октябрь революциясының 50 жылдығы тойланды. Сонда Камал деп аталатын інім әлгі атқа мініп шауып, бас бәйгені алды. Оған қатты қуандық, бір жағы Ахмет атамыздың керемет адам болғандығынан шығар деп ойладық», — дейді Роза апай.

Айтпақшы, сол сапарда атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиев та бірге еріп келіпті композитормен бірге. Ел іші оларды алақандарына салып құрметтеген.

«Ғазиза апамыздың соңғы келгені есімде. Тоқсаныншы жылдардың бас кезі ғой. Осындағы ата-баба бейітіне барып, жұрттың соңында өзі жалғыз қалыпты. Бір кезде Ағлен апам барып алып келді. Сонда жылап тұр екен. Алматыға барған соң көп ұзамай қайтты. Қоштасқаны екен ғой ел-жұртпенен…» деп еске алды Роза апа тағы бір кезеңді.

Ұзақ жыл Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ректоры болған Ғазиза Жұбанова Орқаш жерін өзінің тәу етер тұғыры, шығармашылығының дем берушісі деп ұққан секілді.

«Өзінің саналы ғұмырын математикалық лингвистикаға арнаған филология ғылымдарының докторы Асқар Құдайбергенұлының анасы Раушан бізге жақын болып келетін. Ағлен екеуміз барғанда алдымыздан шығып, құшағына алатын. Сондайда баласы Есет ағамыз «мына кісі төркіндері келген соң құтырып кетті ғой» деп қалжыңдайтын. Есет Құдайбергенұлының тіл ғылымы саласында профессор болғанын, өмірінің кейінгі жылдарында Ақтөбе университетінде қызмет еткенін көпшілік біледі ғой деп ойлаймын» деп Роза апа әңгімесін бір түйіндеді.

Роза апа әлі күнге дейін Алматыға жол түскенде Жұбановтар әулетінтүгендеп, бұрынғы бауырластық қалпымен олардың ұрпақтарын іздеп жүреді ылғи. Сондайда алдыңғы буынның орны ойсырап тұрғаны көңілін қобалжытып, сан түрлі ойға түсіреді.

* * *

«Адамның ата-анасы — әулиесі».

Осы бір қастерлі ұғымды Роза Құрманғалиқызы әрдайым жадынан шығармайды. Сондайда бала кезі көз алдына келеді.

Әкесі Құрманғали колхоз шаруасынан қалмай жүріп, аңшылықпен де айналысқан. Бір өзі ғана он екі тазы ұстаған екен. Сол уақыттың ескерткішіндей болып әулетте қазір бір ғана қасқыр ішік сақталып қалыпты.

1945 жылы Құрманғали Ермағамбетов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасымен марапатталыпты.

Ал анасы Қамаш ісмерлігімен танылған. Ауданнан, облыстан келетін уәкілдер көбінесе осы шаңыраққа табан тірейді екен. Дастарқанның берекесі, үйдің тазалығы, қонақжай көңіл өзіне тартып тұрады емес пе?!

Ілгерінің үлгісі кейінгі ұрпақтарына жалғасты.

Роза апаның інілері қазіргі уақытта ауылда әке шаңырағын биік ұстап, Құрманғали атаның жақсы есімін үлгі етіп жалғастыруда. Ол соған қуанады…

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

admin_mugalzhar

Ақтөбелік дзюдошылардың жеңісі

admin_mugalzhar

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ: ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.