«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АСЫЛ ТАСТАН ӘШЕКЕЙ СОҒУДЫ АРМАНДАЙТЫН КЕЛІНШЕК

Әшекейлер…Әрдің әдемілігін аша түсетін қызылды-жасылды бағалы тастарымен көздің жауын алатын бұйымдар әшекейдің құнын аша түсетіндей-ақ. Десек те, біз дайын күйде көретін бұл әдеміліктің артында қаншама еңбек жатыр десеңізші! Ескі дәстүрді жаңғыртып, сонау бес мың жылдық тарихы бар сақ заманынан келе жатқан зергерлік өнермен айналысу екінің бірінің қолынан келе бермейтін, әсіресе, әйел заты үшін оңай емес. Бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған кейіпкеріміз Айзада Құлынбай осы істі қорықпай қолға алып, алтын мен күмістен сақина соғуды жоспарлап отырған жан.

Көздің жауын алатын жауһар тастардың табиғи немесе жасанды тас екенін кішкентай кезінен ажырата білген Айзада Мұратбекқызы зергер болуды бала кезден армандаған екен.

— Негізгі мамандығым бастауыш сыныбының мұғалімі. Осы салада жұмыс та жасадым. Бірақ жан дүнием басқа нәрсені қалап тұрғаннан кейін мұғалімдіктен бас тарттым. Өзім бала кезімнен бағалы тасы бар әшекейлерге қатты әуес болып өстім, арманқиялымда да өз болашағымды осы саламен байланыстырдым. Сол себепті басқа бағытқа ден қойдым, — деген көпбалалы анаға зергерлік жолға жақындау оңай болмапты.

6 бала өсіріп отырған Айзада қазір де бала күтіміне байланысты еңбек демалысында.

— Жалпы әйел затының бұл кезеңде ағзасында ғана емес, жан-дүниесінде де өзгерістер орын алып, депрессияға түсетін уақыттары болады. Оған кәсіптегі қиындықтарды қосыңыз. Менің де басымнан осының барлығы өтті, — дейді өзі.

Айзаданың ата-анасы да шебер кісілер. Әкесі кез келген істі дөңгелетіп алып кететін, қолынан бәрі келетін шебер болса, анасы көрпе тігіп, құрақ құрап, қыз жасауын жинақтаумен айналысады.

— Бастапқыда анам “Даму” бағдарламасымен несие алған еді. Оған 14 бас мал алып, бордақылап, етін, өнімдерін сатып жүрдік. Мал ұстағасын оның жайылымы мен күтімі тағы бар. Сонымен бұл іс біздің оң жамбастан шыға қоймады. Содан кейін несиеден қалған қаржыға алтын сатып алып келдім. Солай бұл салаға қадам бастым, — дейді шебер келіншек. Бағалы тастардың да өз сыры мен құпиясы барын айтқан Айзада бүгінде бұл істе кәдігі маманға айналса да, білімі мен білігін күніге толықтырып отыратынын жеткізді. — Негізінен осы жолға ден қойып, нақты шешім қабылдап жұмыс жасағаныма екі жылдан асты. Бұл салада көп ізденіп, сұрап, оқыдым. Нәтиже де бірден шыға қоймады. Қазір алтын-күмісті тазалау, қысқарту, жалғау, тасын алмастыру, өлшемін келтіру тәрізді жұмыстарды атқарып жүрмін. Жұмыс барысында бағалы тасын маған сеніп тапсырған тұтынушыларымның тасын сындырып алған кездерім де жоқ емес. Жасыратын несі бар, артық қыламын деп тыртық қылғандарым өте көп болды. Сөйтіп, Ақтөбе қаласында тәжірибесі мол, өз шеберханасы бар зергерлермен байланыс ұстап, жұмыс барысын солардан үйреніп келдім. Енді Қандыағаш қаласы бойынша зергерлікпен айналысатын шеберхана ашпақ ниеттемін. Яғни, ол жерде халық талғамына сай, тапсырыспен әшекей бұйымдарды жасап, сатылымға шығарамын. Ол үшін арнайы осыған қажетті құрылғысын сатып алу ғана қалып тұр, — деген Айзада алтын мен күмістің өзіне тән қасиеттеріне де тоқталып өтті.

— Мысалы, күміс адам бойындағы жаман энергиядан тазартады. Күмістен монета соғып, оны суға салып тұндырса, су күмістен қуат алып, судың қасиеті өзгеріп, емдік қасиетке ие болады. Ертеде адамдар күмісті адал достықтың кепілі деп бір-біріне сыйға тартқан. Күміспен жұмыс жасау да өте оңай. Ол жұмсақ метал болғандықтан әшекей жасау барысында қоспа қосылып жасалады. Дегенмен, балқыту барысында күйіп кету қаупі болғандықтан аса ептілікті қажет етеді. Ал алтын болса, қырсықтау металл ретінде танылған. Алтын ауыртпашылықты өзіне тартып алатын қасиетке ие деп жатады, — дейді зергер.

Бала кезінен арманға айналып, бүгінде өмірлік ісі болып отырған зергерлікті үлкен кәсіп қылып, бағалы тастан әшекейдің түр-түрін соғуды мақсат еткен Айзада Құлынбай: «Әр адам өз ісін жақы көріп, жантәнімен айналысса ғана жетістікке жетері ақиқат» деп, бұл жолда әрине, отбасы қолдауының маңыздылығын да жоққа шығармады. Сондықтан 80-ге келген енесі мен жарының қолдауын үлкен көмек деп біледі.

Айдана АЛТЫБАЕВА.

Ұқсас ақпараттар

ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОН: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

admin_mugalzhar

Енді мұғалім болып жұмысқа тұру үшін диплом жеткіліксіз

admin_mugalzhar

«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ТЕГІН ОҚУ КУРСЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.