«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШЫ

Маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні екені белгілі. Кәсіби мерекелері қарсаңында халық арасында «ақ халатты абзал жан» атанған медицина саласының қызметкерлерін әңгімеге тарттық. Солардың бірі — 32 жылдан бері Ембі қалалық ауруханасының медбикесі қызметінде жүрген Гүлсая Қуандықова мамандығын мақтанышы санайды. Бұл салаға өмірін арнаған кейіпкеріміз алдына келген науқастан ешқашан көмегін аямайтынын айтады.

1992 жылы Ақтөбе медициналық училищесін аяқтаған соң, алғашқы қызметімді осы Ембі қалалық ауруханасынан бастадым. Медициналық іс мамандығын бітіргендіктен, әр бағытта жұмыс жасай алатын болдым. Бастапқыда тіс дәрігерінің көмекшісі, медициналық құралдарды тазалаушы тәрізді жұмыстар жасадым. Қазіргі таңда 22 жылдан астам уақыт бойы невролог, эндокринолог дәрігері Насихат Тілегенованың жанында медбике қызметіндемін, — деген Гүлсая Қалменқызы сұхбат барысында еңбек жолын алғаш бастаған кезеңдердегі қорқынышын да жасырмады.

Әлі есімде, жаңа жұмысымның алғашқы аптасы болатын. Науқасты үйден қарауға шақырту түскен еді. Шақыртуға бара жатқан маған әр қадамым толғанысқа толы, бойымды қорқыныш билеп тұрғандай көрінді. Есік қағып, ішке бас сұқтым. Жалғыз тұратын әже екені көрініп тұрды. Менің сәлеміме ишара білдіріп, дәрі қабылдауға ыңғайлана кетті. Мен де қолымдағы дәрі-дәрмек толы сөмкемді бір бұрышқа қойдым да әженің қан қысымын тексеріп, тамырдан екпе жіберу қадамына көштім. Шатаспасам, глюкоза мен аскорбинка екпесі еді. Тамырын тауып, екпені жәймен жіберіп жатсам, екпе тамырға емес, тері астына кетіп жатқанын байқадым да дереу қатемді жөндедім. Әже сыр білдірмеді. Ем-шарамды аяқтаған соң, үйден шығып, қатты қобалжып, жүрегім дүрсілдей түсті. Менің ойымша, әжеге кесірім тиіп, жазатайым бір жамандық болатындай көрінді. Уайымдағаным сонша, түнімен ұйықтай алмай шығып, таң атысымен әже тұратын үй жақты қарақшылай бердім. Бір кезде әженің сыртта жүргенін көріп қатты қуа-нып, қасына барып амандық сұрасқаным бар. Сол кездегі қуанғанымды айта алмаймын. Жауапкершілікті сезіну деген содан басталды. Дәрігер болған соң қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Алдымызға сан түрлі тағдыр иелері келіп, мұңдарын шағып, дертіне шипа таба алмай шарасыздықтан шаршап кеткендердің де талайын көрдік, — деді өткенді еске алған мереке иесі.

Ең ауыр уақыттың күні кеше әлемді әбігерге салған пандемия кезі екенін айтып, сол күндерді жанарындағы мұңмен еске алды.

-2020 жылы басталған індет бәрімізді есеңгіретіп жіберді. Жаз айында қорғаныш киіммен аяғымызда резеңке етікпен, ауа кірмейтін маскамен жүріп, шарасыз жатқан науқастарды бақылауда ұстау естен кетпейтін ұмытылмас кезеңіміз болды. Су ішетін уақыт таппай, түнгі 3 шамасында ғана аузымыз асқа әрең тиетін. Түнімен де, күнімен де тынбастан жұмыс жасадық. Науқастардың көз алдымызда ауа жетпей қиналып, дәрменсіз күйде кетіп бара жатқандары қатты қинап жіберді. Күніне 25-30 шақты адамға система, екпе беріп, бақылауда ұстап отырдық. Енді міне, сол аурумен күрес нәтижесінде індеттің ізін де өшірдік. Бұндай нәубеттің қайталанбауын, халқымыздың амандықта болуын жатқан-тұрған сайын тілейміз. Жалпы осындай жағдайларға қарап дәрігер болу үшін негізгі болуы керек үш қасиетті ерекше ескеру керектігін ұғына түстім. Олар – шыдамдылық, жауапкершілік, адамгершілік. Осы үш қасиет мамандықтың асыл тізбегі болуы керек. Халқыма адал қызмет жасап, алғысына бөленіп жүргенімнің өзі мен үшін үлкен жетістік. «Алғыс алған арымас» дегендей, еңбегімізді халық елеп жатса, нағыз бақытпен тең, — дейді Гүлсая Қалменқызы.

Бұл жерде, әрине, отбасының да қолдауы аса маңызды. Өзін қолдайтын, түсінетін жолдасы, екі қызы мен ұлының барына шүкіршілік етеді. Қызының алды анасының ізімен еріп, дәрігер атанған. Екінші қызы заң саласының қызметкері болса, кенжесі мектепте оқиды.

Осы сәтті пайдалана отырып, 40 жылдан аса уақыт бойы бірге қызмет атқарып келе жатқан көпсалалы дәрігеріміз Насихат Тілегенқызына алғысымды айтамын. Дәрігерге тән нағыз қасиетті осы кісіден үйреніп келемін. Ембі қалалық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев та өз ісінің нағыз маманы, нағыз басшы. Ұжымның ауызбіршілігі өте жақсы, білікті мамандар. Әлде де біздің ауруханамызға жастар көбірек келсе дейміз. Заманауи, жаңа МРТ тәрізді құралдармен жабдықталып, науқастарымызды Ақтөбе секілді қалаларға жібермей-ақ өзімізде қабылдасақ деген арманымыз бар. Мереке қарсаңында өзімнің әріптестерімді құттықтаймын. Әрбір шаңырақ қуаныш пен бақытқа толсын. Бірінші байлық – денсаулық демекше, деніміз сау, басымыз аман болсын бастысы, — деген ақжарма тілегін де жеткізді Гүлсая Қуандықова.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар қыркүйек айында қанша күн демалады

admin_mugalzhar

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты: Жаңа жолдау – жаңа міндеттер

admin_mugalzhar

«НҰР-ӘЛЕМ» МҮГЕДЕКТЕРГЕ МҮМКІНДІКТЕР ЖАСАЙДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.