«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Рая ЖАЛҒАСОВА, ардагер тілші: «МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРМЕН» ҮНДЕСТІКТЕ ЖҰМЫС ЖАСАДЫМ

МЕРЕКЕМІЗГЕ ОРАЙ КЕЗІНДЕ ГАЗЕТТІҢ АРНАУЛЫ ЖӘНЕ МЕНШІКТІ ТІЛШІСІ БОЛҒАН ЖАНДАРҒА СӨЗ БЕРДІК. ОЛАРДЫҢ БІРІ — ҰЗАҚ УАҚЫТ «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ ЕМБІ ҚАЛАСЫНДАҒЫ АРНАУЛЫ ТІЛШІСІ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРҒАН РАЯ ЖАЛҒАСОВА КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН СОЛ КЕЗДЕРДІ САҒЫНЫШПЕН ЕСКЕ АЛАДЫ. СОНЫМЕН…

Ембі қаласы бұрын үлкен аудан орталығы болған еді. 12 мыңнан астам тұрғыны бар сол кездегі Мұғаджар ауданының тыныс-тіршілігі мен жаңалықтары, еңбек адамдары туралы мақалалар сол кезде «Еңбек таңы» деп аталған аудандық газетте жарияланып тұрған еді. 1997 жылы екі ауданының бірігуіне байланысты аталмыш газет редакциясы таратылды. Ал аудан газет Қандыағаш қаласынан «Мұғалжар» деген атпен қайта шыға бастады. Ембі қаласының жаңалықтары аудандық газеттен шет қалып, мақалалар дер кезінде жарияланбай қалған кездер болды. Соны ескерген болар, сол кездегі қала әкімі Бақтығали Жолмұханбетов әріптесім Дина Алданова екеумізді қабылдауына шақырып, кітапхана қызметкерлері ортасынан аудандық газетке қаланың тыныс-тіршілігін дер кезінде оқырмандарға ұсына білетін, жауапты адамды бекітуді сұрады. Кітапхана ісі мен журналистика бір-біріне сәйкес келмейтін сала болғасын ба, ыңғай білдірушілер болмады. Сөйтіп, негізгі қызметіме қоса тілшілік мамандығын игеру менің үлесіме тиді.

Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі марқұм Әбілхан Алдабергеновке ескертіп, «Мұғалжар» газетінің Ембі өңіріндегі арнаулы тілшісі» деген мәртебеге ие болдым. Осы салада азды-көпті 7-8 жылдай жұмыс жасап, газет ұжымымен етене араласып, әріптес болдым. Содан бастап қала аумағында өткізілген іс-шараларды, жаңалықтарды газет оқырмандарына уақытылы жариялау менің басты міндетіме айналды. Журналистің белгілі бір жұмыс уақыты болмайды. Мезгілсіз уақытта материал жинақтап келейін деп, негізгі жұмысым кітапханадан кетіп қала беретін едім. Осындай кездерде маған түсіністік таныта білген кітапханадағы ұжымдастарыма ризашылығымды білдіремін.

«Екі қайықтың басын ұстаған, суға кетеді» дейді, бірақ сен екі қайықты тең ұстап келесің» деп әзілдейтін редакцияның жауапты хатшысы Ізгілік Тағанова. Мен де өз тарапымнан «Қуаныш ағай Кенжеғалиев, тілшілер Роза апай Сүйіншалина, Салиха Бөкеева, Мұхамбетулла Кемер, Құрал Байсұлтанов, Нұргүл Қалиева, Бану Жартина, Нұрғаным Кесікқұл, Әнуар Есқара сынды демеушілерім барда суға кете алмаспын» деп әзілдеп жауап қайтаратынмын. Газет ұжымымен әдемі үндестікте жұмыс жасадым. Редакция алқасы екінші ұжымым болды. Қуаныштарымды бірге бөлісіп, жылы лебіздері мені алға жетеледі.

«Журналист» деген кім деп сұраса, айтар едім, журналист кәдімгі жұмыскер, тек байырғы жұмыскерлерден бір айырмашылығы, ол ауысымы біткесін шалқайып жатпайды, екінші ауысымға шығып, жұмыс істей береді. Ақпарат айнасы болған «Мұғалжар» газетінің ұжымы, төл мерекелерің құтты болсын! Дендеріңе саулық, жанұяларыңа амандық тілеймін!

Ұқсас ақпараттар

ЖҮЗУ СПОРТЫ: БҮЛДІРШІНДЕР ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

admin_mugalzhar

МЕН ГАЗЕТ ОҚИМЫН!

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.