«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДАМЫЛСЫЗ ЖҰМЫСТЫҢ НƏТИЖЕСІ — ЖЕҢІС

ЕЛІМІЗДЕ СПОРТ КҮНІ ДӘСТҮРГЕ САЙ ТАМЫЗДЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІНДЕ АТАЛЫП ӨТЕТІНІ БЕЛГІЛІ. АТАЛҒАН КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ОСЫ САЛАДА ЕҢБЕК ЕТІП, БОЛАШАҚ СПОРТШЫЛАРДЫ ДЗЮДО СПОРТЫНА ҮЙРЕТІП ЖҮРГЕН ЖАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ГҮЛМИРА САҒИ ТУРАЛЫ ҚАЛАМ ТЕРБЕДІК.

Спортты өзіне серік еткен Гүлмира Қандыағаш қаласындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо бөлімінің бапкері болып қызмет атқарып жүр. Ол осы уақытқа дейін көптеген шәкіртті спортқа бағыттап, 2 баланы спорт шебері, 18 баланы спорт шеберлігіне үміткер және 20-ға жуық баланы ІІ санаттағы спортшы етіп шығарды.

Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің спорт факультетін бітіргеннен кейін Қандыағаш қаласындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде еңбек етіп келемін. Қарап отырсам, 11 жыл да өте шығыпты. Спорт – менің хоббиім, мамандығым, жұмысым. Спорттан басқаны көзім көрмейді десем артық айтқаным емес. Жасап жатқан жұмысыңнан нәтиже көргің келсе, жұмысқа жантәніңмен беріліп жасауың қажет деп есептеймін. Барлық бос уақытымды спортқа, оқушыларыма арнаймын. Мен дайындаған шәкірттер түрлі облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл мені шабыттандырады, — деді Гүлмира Қойшыбайқызы.

Гүлмира спортқа бала күнінен жақын болғанын, мектеп қабырғасында оқып жүргенде дзюдо үйірмесіне қатысып жүрген ер балаларға қызығып, әрі қызғанып қарағанын айтады. Ол 6- сыныпта оқып жүрген кезінде мектеп жанынан өзі барғысы келіп жүрген спорт түрінен қыздар үйірмесі ашылады. Спортқа жаны құмар бала Гүлмира бұл мүмкіндікті қалт жібермей, бірден жазылыпты. Бала арманын болашақ мамандығына айналдырған Гүлмира Сағи Дзюдо-самбо күресінен спорт шебері атанып, бапкер деген дәрежеге жетті. Ол өткен жылы Қандыағаш қаласынан «JUDO KIDS KANDYAGASH» атты дзюдо үйірмесіне арналған орталық ашты. Аталған орталық — ауданда осы бағытта ашылған спорт орталықтарының алғашқы қарлығашы.

Клубты ашуыма көп нәрсе себеп болды. Мен қызмет атқаратын спорт мектебінде дзюдо спортына 10 жастан бастап қабылдайды. Ал ол жерде кішкентай балаларға арналған үйірме қарастырылмаған. Бүгінде менің клубым 6 жастан бастап қабылдап, алғашқы даярлық топ ретінде жұмыс жасауда. Бұл жерде балалар ақылы жаттығады. Аптасына 3 мәрте үйірмеге келеді, — деді бапкер.

Ол орталық жаңа ашылған сәтте біршама қиындықтардың болғанын, дегенмен бүгінде жұмысының ақырындап нәтижеге жетіп жатқанын жеткізді. Ол шәкірттерінің болашағына үлкен үмітпен қарайды. Олардың болашақта еліміздің туын көкте желбірететін чемпион болатындарына сенім артады.

Алдағы күндерге қойған жоспарым көп. Көп нәрсені армандаймын. Алдымызда аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық чемпионат күтіп тұр. Сол жарыстарға балаларымды дайындап, жоғары нәтиже көрсетеміз деген ниеттемін. Бүгінде бар күш-жігерімді, осы уақытқа дейін жинақтаған білімім мен тәжірибемді сол жарыстардың дайындығына арнаудамын. Тіпті кезекті еңбек демалысымда да тыным таппай, оқушыларымды дайындыққа шақырып аламын. Мен өзімнің болашақ спортшыларымнан жоғары нәтиже көргім келеді, — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде бір шаңырақтың түтінін түзу шығарып, ибалы келін атанып отырған Гүлмира жан жары екеуі екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Тұңғышы анасының жолын қуып, дзюдомен кәсіби түрде айналысып жүр. Жасы небары 9-да болса да республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып, ІІ санаттағы дзюдошы атағын иеленген.

А.ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: 37 МЕКТЕП, 1573 МҰҒАЛІМ, 12777 ОҚУШЫ

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар шілдеде қанша күн демалады?

admin_mugalzhar

МАЛ БАҚҚАНҒА ЖОҚТЫҚ ЖОҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.