«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Евгения АТАЕВА: ҚАЗАҚ ТІЛІН БАЛАЛАРЫММЕН БІРГЕ ҮЙРЕНДІМ

ҚАЗАҚ ОТБАСЫНА КЕЛІН БОЛҒАН ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ ҚЫЗДАРЫ ЖЕТЕРЛІК. БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ ЕВГЕНИЯ АТАЕВА ДА — ҚАЗАҚ ШАҢЫРАҒЫНА ИБАЛЫ КЕЛІН АТАНЫП, ЖАНҰЯЛЫҚ ЖЫЛЫ ҮНДЕСТІКТІ ҮЙЛЕСТІРГЕН ОТАНАСЫ.

Евгения Атаева алты жасында ата-анасымен бірге Қандыағашқа Ақтау қаласынан көшіп келген. Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде оқыған. Мектепті бітіргеннен кейін Ресейдің Воронеж қаласына оқуға түскен. Еліміз егемендігін алған жылы оқуын бітірген Евгения Атаева Қандыағаш қаласына қайтып келіп, аудандық еңбек биржасына іс жүргізуші, одан кейін бас маман қызметін атқарған. 2005 жылы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі мен еңбек биржасы қосылып, «Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ болып қайта құрылды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аудан дамуындағы барлық үдерісті көзімен көрген ол 26 жылдан астам әлеуметтік салада үздіксіз еңбек етіп келеді.

Евгения Нұрлан Атаев есімді қазақ жігітін кездестіріп, тұрмыс құрады. Ол қазақ отбасына келін болып түскенде анау айтқандай қиындықтардың болмағанын айтты. Оны жаңа отбасы жылы қабылдап, білмегенін үйретіп, бауырына тарта білген.

Әрине, діні мен ділі бөлек екі ұлттың бір шаңырақта бас қосуы оңай емес. Дегенмен, екіжақтық түсіністік барлығын жеңеді деп ойлаймын. Мен келін болып түскенде қазақ тілін де, салт-дәстүрін де, әдетғұрпын да мүлде білмедім. Күйеуімнің туыстары мені жақсы қарсы алды. Білмеген жерімді енем үйретті. Жасай алмаған жерімде күйеуім көмектесті. Мен қазақтың дәстүрі мен салтына аса құрметпен қарадым. Олар менің жағымды құрметтеді. Соның нәтижесінде бірлігі жарасқан отбасы бола алдық, — деді ол.

Қазақ отбасының салтдәстүрін меңгеріп, инабатты келін атанған кейіпкеріміз қазақ тілін балалары өмірге келгеннен кейін толыққанды үйрене бастаған. Бүгінде екі қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған олар балаларын әрдайым мейірімді әрі еңбекқор болуға баулып отырады.

Балаларым мектепке барған сәтте оларға үй тапсырмасына көмектесетінмін. Сол арқылы қазақ тілін толық меңгердім десем болады. Олармен бірге сабақ оқыдым. Балаларым қазақша ойлап, қазақша сөйлейді. Ұлттық құндылықтарды терең түсініп, салт-дәстүрді берік ұстанатын азамат етіп тәрбиеледік. Дегенмен өздерінің нағашы жұртына үлкен құрметпен қарайды. Біз балаларымыздың бесік тойын жасаймыз, тұсауын кесеміз, сүндетке отырғызамыз. Ұлттық мерекелерде ұлттық тағамдарды дайындап, жұмада жеті шелпек таратып, қарапайым қазақ отбасының тірлігін жасаймыз. Орыс ұлтының мерекелерін де тойлаймыз. Дініміз бөлек болғанымен, жанымыз бір отбасымыз. Туысқандарымыз ырымдап маған балаларын перзентханадан шығартады. Бірнеше баланың кіндік шешесімін. Балалардың тұсауын кескен кездерім де көп болды. Маған құрмет көрсетіп, ұсыныс білдіргендерге риза болып қаламын, — деді Евгения Викторқызы.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ СТУДЕНТ «МЕЙІРІМ» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда сәуір айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

admin_mugalzhar

«САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» МЕДИЦИНАЛЫҚ ПОЙЫЗЫ – АУДАНДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.