МҰҒАЛІМ ДЕГЕН МАМАНДЫҚТЫ МЕҢГЕРІП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ҰСТАЗДЫҚҚА ТӘН ҰЛЫ ҚАСИЕТТІ БОЙЫНА СІҢІРГЕН, ҰЛТ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАЙТЫН ҰСТАЗДАР ҒАНА ҚАЗАҚ БАЛАСЫНЫҢ САНАСЫНА САПАЛЫ БІЛІМ МЕН ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ НӘРІН ҚҰЯ АЛАДЫ. ОСЫНДАЙ ДАРАЛЫҚҚА ИЕ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ — КАМАЛХАН ҚУАНОВ. ОЛ ҰСТАЗ ДЕГЕН ҰЛЫ МАМАНДЫҚТЫҢ ТУЫН ЖЫҚПАЙ, 40 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТЫН КӘСІБИ БІЛІКТІ МАМАН РЕТІНДЕ НАҒЫЗ ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТ, НАМЫСШЫЛ ҰРПАҚ, АДАМИ ҚАСИЕТТЕРІ ЖОҒАРЫ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУМЕН ҚАТАР, АУДАННЫҢ АҒАРТУ САЛАСЫНДА, ОНЫҢ ІШІНДЕ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ЖЫЛДАРЫ ТАЗА ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ӨЗІНДІК ІЗІ МЕН ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРЫП, СҮБЕЛІ ҮЛЕСІН ҚОСТЫ. БҮГІНДЕ ДЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА БЕЛСЕНЕ АРАЛАСЫП ЖҮРГЕН АРДАГЕРДІҢ ҰСТАЗДЫҚ ҰЛАҒАТЫН ТАЛАЙ ҰРПАҚ ӨЗІНЕ АЗЫҚ ЕТІП КЕЛЕДІ.
Балалық шақтың кермек дәмі
Камалхан Қуановтың балалық шағы сұрапыл соғыстың уақытына тап келді. Киетін киім мен ішетін тамақтың тапшы уақытында, қажетті оқу-құралдың жоқ болуы да — заңдылық. Бірақ оқуға құштар баланы бұл жоқшылық жасытпады. Қолына түскен бір-екілі ескі кітапқа аса құрметпен қарап, жазуға арналған қағаз-қаламын ұқыптылықпен ұстайтын.
— Балалық шағымыз қанқұйлы соғыстың уақытына тап келді. Ол кезде заманымыз қиын еді. Үстімізге киетін киіміміз жоқ еді. Үлкендер теріні илеп, тон етіп тігіп беретін. Мектепке бару үшін 4-5 шақырым жерді жүріп отырып баратынбыз. Оқулық жоқтың қасы, қарындаш, дәптер жетіспейтін болды. Әлі есімде бірде ауылда сайлау өтті. Сол кезде жоғарыдан қарындаш, қағаз секілді жазуға қажетті құралдар көп келді. Ол енді жоғарыдан жіберілген дүниелер еді. Біз секілді білімге құштар, алайда оқулыққа зәру оқушылар үшін бұл таптырмас мүмкіндік болатын. Сол уақыттан бастап ауылда сайлау болғанын күтіп жүретінбіз. Ал бүгінгінің оқимын деген балаларына бар мүмкіндік жасалған. Бүгінде барлық мектептер автобуспен қамтылып, оқушыларды сабаққа
уақытымен алып келіп, апарып тастайды. Мемлекет тарапынан барлық кітаптар тегін беріледі, — деп балалық кезінің кермек тартқан шағын еске алған ардагер ұстаз бүгінгі даму үстіндегі тәуелсіз қазақ елінің балаларына қарап, өзін бақытты сезінетінін айтты.
Ол 1953 жылы Ақтөбе қаласындағы №6 қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін, еңбек жолын Ойыл ауданы Саралжын совхозында шопан болып бастайды. Кейін егіс даласында еңбек етіп, тың игеруге қатысады. 1960 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, жолдамамен Жамбыл облысы Луговой ауданына барып, мұғалім болып жұмыс жасайды.
Жұмыс бабымен 1962 жылы Октябрь ауданы, Қандыағаш қаласына ауысып келіп, сол кездегі №465, қазіргі Қандыағаш қалалық №1 орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Өзінің біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, директорлық қызметке дейін көтерілген. Осы жерде тапжылмай отырып, 23 жыл бойы мектептің дамуы мен оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасады. Камалхан Қуанұлы айналасындағы жандармен қарым-қатынас жасағанда жоғары адамгершілік көрсете алатын, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарайтын, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі бола білді.
«Шәкіртсіз ұстаз-тұл» демекші, шәкірттері ұстазын мақтан етсе, Камалхан Қуанов шәкірттерімен мақтанады. Бүгінде одан тәлім ал ған шәкірттері ұстаз ізін жалғап, қазақтың келешегі үшін қызмет етіп, өз үлестерін қосып келеді.
Қазақ мектебін ашуға мұрындық болды
1991 жылы еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ауданда жаңа білім ошағы пайдануға берілді. Ол мектеп бүгінде 30 жылдық тарихы бар — Қандыағаш қалалық №4 орта мектебі. Мектеп жұмысын жүйелі жүргізуде мол тәжірибесі бар Камалхан Қуановты сол кездегі аудан басшылары жаңа мектептің директоры етіп тағайындайды. «Шилісай» кен орнының қаржысына салынған 1200 орындық, 4 қабатты білім ордасын алғашында аралас тілді мектеп қылып ашу жоспарланған болатын. Алайда тіл жанашыры Камалхан Қуанов Кеңес жиынында тәуелсіздік алған жылы ашылатын мектептің таза қазақ мектебі болуы керектігін айтып, сөз сөйлейді.
– 30 жылға созылған директорлық тәжірибемде мені көпшілігі «тіл жанашыры» деп білді. Себебі осы бір ғимараттың қазақ мектебі болуына шын тілекші едім. Кезінде осы мәселені қозғап, яғни таза қазақ мектебі болуына ұсыныс тастадым. Ұсынысым мақұлданып, 1991 жылы жаңадан ашылған мектепке басшылыққа тағайындалдым. Жұмыс пен қарбалас, міне, осы кезеңде басталды. 600 оқушы бірден оқуға қабылданып, кейін орыс мектебіндегілер ағыла түсті. Сонымен бас-аяғы 805 оқушымен оқу процесін бастап кеттік. Тақта, үстел, парта дегендер атымен жоқ болатын. Содан аудан мектептерін аралай жүріп, мектепке керекті көрнекі құралдарды тасыдық. Кейбір орыс мектебінде 2-3-класс оқитын оқушылар қазақ мектебіне 1-класқа қайта қабылданды, – деген зейнеткер ұстаз қызығы мен қиындығы қатар жүрген шақтарда уақытпен санаспай жұмыс жасаған әріптестеріне алғысының шексіз екенін жеткізді.
Ол басшылық еткен жылдары мектеп оқушылары тәртібі мен тәрбиесі жағынан алдыңғы қатардан түспеді. Сондай-ақ мектеп жанынан құрылған көркемөнерпаздар өнер байқауларынан жүлделі орындарға жетіп жүрді. Жанына білікті мамандарды жинап, білім сапасын көтеру жолында жұмыс жасады.
— 1993 жылы облыстық директорлар байқауына қатысып, лауреат атандым. Оның барлығы менің ұжымымдағы мұғалімдердің еңбегі болып табылады. Олардың атқарған жұмыстарының арқасында еңбегім көпке көрінді. Сонымен қоғамдық жұмыстарды қоса атқардым. Сол жылдары менің еңбегім еленіп, облыста жарық көрген «Лучший пропагандист» атты кітапқа менің есімімді енгізді. Облыстық комитет төрағасы қабылдап, қолыма сағат тағып, Алғыс хатпен марапаттады, — деді Камалхан Қуанов.
Ардагер ұстаздың еткен еңбегі мен жасаған жұмысы елеусіз қалмады. Ол жоғары дәрежелі мұғалім атағына ие болды. Еткен еңбегі мен төккен терінің арқасында Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды.
Ауданның дамуы мен ағартушылық саласына қосқан үлесі үшін Мұғалжар ауданының және Қандығаш қаласының «Құрметті азаматы» атанды.
Зейнетке шықса да, қоғамнан ажырамаған жан
Құрметті ұстаз Камалхан Қуанов зейнеткерлікке шыққаннан кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Зейнеткерлікте жүрсе де ұстаздықты өмірлік жұмысына айналдырған кейіпкеріміз Ақтөбе қаласындағы №1 және №6 лицейде 2019 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарды. Бүгінге дейін де қоғамдық жұмыстан алыстаған емес. Қазіргі таңда облыстық білім басқармасының ардагерлер кеңесінің, облыстық ішкі саясат басқармасының ақпараттық кеңесінің мүшесі. Бекітілген іс-шара бойыша жастармен кездесіп, тәрбие сағаттарын өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Ардагер ұстаз Камалхан Қуанов бүгінде өзін өзге қырынан танытып жүр. Облыстық «Атамекен» ардагерлер ансамблінің құрамында өнер көрсетеді.
— Зейнетке шықсам да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласамын. Президент жолдауын насихаттап, елімізде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырып жүрмін. 2019 жылы «Атамекен» ардагерлер ансамблінің атынан республикалық байқауға қатысып, Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әнін орындап, жүлделі бірінші орынға ие болдым. Өзім білім алған Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектебінде Қамқоршылық кеңестің төрағасы қызметін атқарамын. Қолымнан келгенше жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек көрсетемін. Үнемі оқушылармен кездесіп, өмірден алған тәжірибеммен бөлісіп отырамын, — деді ардагер ұстаз.
Ардақты әке, абзал жар
Камалхан Қуанұлының тұлға болып қалыптасуына өмірлік серігі Меруерт Сапарованың үлесі зор. Ол қиын кездерде жанынан табылып, барлық жағдайын жасап, бүгінге дейін қолдау көрсетіп келеді. Екеуі 5 баланы дүниеге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп, оларға сара жолды салып берді.
— Жұбайым Меруерт өмір бойы теміржол ауруханасында Жедел жәрдем бөлімінде қызмет атқарды. Қаншама адамның өміріне араша бола жүріп, отбасының тірлігін қатар алып жүрді. Балаларымыздың саналы болып өсуіне бар күш- жігерін салды. Бүгінде балаларым білікті маман болды. Еліміздің дамуы жолында еңбек етіп жүр. Үлкен қызым Марина Алмағамбетова облысқа белгілі білікті дәрігер. Ал екінші қызым «АқтөбеМұнайСервис» мекемесінде директордың орынбасары болып қызмет атқарады. Үшінші қызым Айнаш Тұрышева «Қазақтелеком» АҚ-да директордың орынбасары болып, байланыс саласында жұмыс жасайды. Кенже қызым Луиза Қуанова шет тілі факультетін үздік бітірді. Бүгінде төрт тілде еркін сөйлейді, — деп балаларының жетістігін қуана жеткізді.
«Ат тұяғын тай басар» демекші Камалхан Қуанұлының ізін басар кенже ұлы Әмір Қуанов Қазақ-түрік лицейін үздік бітіріп, бүгінде шет елде программист мамандығын меңгеріп жатыр. Мәуелі бәйтерекке айналған ардагер ұстаз 10 шақты немеренің, 7-8 шөберенің ардақты атасы.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ