Ақтөбе қаласында қалалық мәдениет үйінде халықтық ұжым «Әлия гүлі» қазақ би ансамблінің 45 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 98 жылдығына арналған балалар және жасөспірімдер шығармашылығының фестивалі өтті.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған IX ашық фестиваліне Ресей, Татарстан және Қырғызстан, Башқұрт елдерінен, Орал, Тараз, Атырау, Ақтау облыстарынан өнерпаздар қатысты. Ембі қалалық мәдени орталығы жанындағы «Үлгілі Құралай» бишілер тобы сахнада өнер көрсетті. Фестивальге шақырту алып, өнер көрсеткен өнерпаздар өнері жоғары бағаланып, Алғыс хаттармен марапатталды. Еске сала кетейік, Ембі қалалық мәдени орталығы жанынан ашылған «ҮЛГІЛІ ҚҰРАЛАЙ» бишілер тобы 2002 жылы Ембі қалалық №1 орта мектебі жанынан құрылды. Аталған би ұжымына Бақытгүл Дарменова жетекшілік етті. 2021 жылы Тіуелсіздіктің 30 жылдығында би үйірмесіне арнайы кабинет жабдықталып, би залы ашылды. Сол кезден бастап би ұжымына Жаңылсын Оразаева жетекші болып тағайындалды. Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген өнерлі ұжым Грузия мемлекеттің Кобулетти қаласында өткен халықаралық байқаудан I орынды қанжығаға байлаған еді.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ