Шығармашылық академиясы ғимаратында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов салық реформаларын дамыту, оның ішінде қосымша құн салығы мөлшерлемесін көбейту мәселесі бойынша кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева және облыстық мәслихат депутаттары, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Басқосуда Бауыржан Омарбеков қосымша құн салығы бұл бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, қосымша құн салығы мөлшерлемесін 16 пайызға дейін арттыру және оны саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістерге тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақ функциясын күшейтуге және еліміздегі басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
— Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуде атап өткендей, мөлшерлеменің жоғарғы шекарасы бойынша шешім нақты есептеулер негізінде және білікті сарапшылардың, кәсіпкерлер мен депутаттардың пікірін ескере отырып қабылданады, яғни қосымша құн салығы мөлшерлемесі жан-жақты сараланады. Қазір біз салық мөлшерлемесін 16 пайызға көтеруді ұсынып отырмыз. Бұл ретте ауыл шаруашылығы саласындағы өнім өндірушілер қосымша құн салығынан босатылады. Мәселен, қазір шаруа қожалықтары қосымша құн салығын төлемейді. Мұндай жеңілдік елімізде картоп, қызанақ, пияз, қырыққабат және тағы басқа өнімдердің артуына, сондай-ақ тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуына байланысты жасалады. Сондай-ақ бүгінде еліміздегі кәсіпорындардың 4 пайызы ғана қосымша құн салығын төлейді. Көптеген компаниялар салық салуды болдырмау үшін бизнесті жасанды түрде бөлшектейді. Ал бұл салық жүйесін бұзады және қосымша құн салығын қалыпты есепке жатқызуға кедергі келтіреді, — деді вице-министр.
Оның айтуынша, алдағы уақытта қосымша құн салығын көбейту барысында есепке қою шегінің мәні 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетіледі. Бұл бағытта бизнес үшін тең жағдай жасалып, елімізде жалтару схемаларын болдырмау шаралары күшейтіледі.
— Біз бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге назар аударатын боламыз. Бүгінде дамыған және дамушы экономикалардың көпшілігінде қосымша құн салығының шекті мәні әлдеқайда төмен немесе мүлдем жоқ. Мысалы, Канадада, Кореяда, Скандинавия елдерінде, Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде және біздің жақын көрші Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда шекті мән төмен, — деді Б.Омарбеков.
Бұдан кейін сөз сөйлеген Жәнібек Нұржанов қосымша құн салығының мөлшерлемесі артса, елімізде салық түсімдерінің өсуі жыл сайын 4-5 трлн теңгеге жететінін, бұл өз кезегінде Ұлттық қорға тәуелділікті азайтатынын жеткізді. Сондай-ақ жаңа өзгерістер еліміздегі инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді, өңдеу өнеркәсібін және қорғаныс саласын дамытуға серпін береді.
— Қазіргі таңда елімізде салық реформасы барлық азаматтарды мазалап отыр. Себебі салық мөлшерлемесі өссе, азық-түлік, басқа да қызмет бағасында өзгерістер болуы мүмкін. Қазір біз осы орайда тұрғындармен, кәсіпкерлермен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдап жатырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бүгінде еліміз бойынша алты жұмыс тобы құрылып, өңірлерді аралап жүр, — деді ол.
Кездесу барысында облыстағы бизнес өкілдері қосымша құн салығы мөлшерлемесіне қатысты өз ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Бірқатар серіктестік басшылары салық мөлшерлемесі көбейсе, елімізде тағы қымбатшылық болатынын жеткізсе, бір топ кәсіпкер
аталған жаңашылдық өндіріс шығындарын арттыратынын айтты.
Жиынды қорытындылаған вице-министр барлық ұсыныс Мәжілісте қаралатын Салық кодексінің жобасына және оған қатысты заң жобаларына өзгерістер енгізу кезінде ескерілетінін жеткізді.
Біз аталған мәселеге қатысты облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтан пікір сұраған едік. Ол Президент тапсырмасына сәйкес салық реформасына қатысты ұсынылып отырған өзгерістердің барлығына тыңғылықты талдау қажет екенін атап өтті.
— Бүгінгі кездесуде айтылған барлық ұсыныс — «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының салалық кеңес отырыстары аясындағы белсенді талқылаулардың нәтижесі. Шынында да, барлық өзгерісті саралау қажет. Біз үшін микробизнестің де, шағын бизнестің де мүдделерін ескеретін әділ салық салуды қамтамасыз ету маңызды. Салық кодексінің өзі қарапайым және болжамды болуға тиіс, — деді ол.
Д.АЙДАР.