«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БҮЙРЕК: 30 АДАМ ДИАЛИЗГЕ ТӘУЕЛДІ

Бүгінде бүйрек ауруынан зардап шеккен науқастардың қатары көбейген. Әлемде бүйрек дертіне шалдыққандардың саны 850 миллион болса, жыл сайын олардың 2,4 миллионы дендеген дерттен көз жұмады екен. Медициналық қоғамдастықтың дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда ел бойынша 3000-нан астам қазақстандық бүйрек ауыстыру кезегінде тұр. Созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастардың саны 200 мыңнан асады. Бұл дерт біздің аудан тұрғындарын да айналып өтпейді. Аудан бойынша 115 мұғалжарлыққа созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылған. Оның 30-ы гемодиализ аппаратына тәуелді.

115 АДАМДА СОЗЫЛМАЛЫ БҮЙРЕК ЖЕТКІЛІКСІЗДІГІ БАР

Аудан аумағында орналасқан мемлекеттік ауруханалар мен емханаларда нефролог-дәрігер жоқ. Дегенмен бүйрегі мазалаған науқасты жолдамамен облыс орталығындағы ауруханаларға жібереді. Бүгінгі таңда Мұғалжар аудандық ауруханасында созылмалы бүйрек ауруымен диспансерлік есепте жалпы саны 86 адам тұр. Оның 67- сі ересек адам болса, 16- сы 18-ге толмаған бала. Есепте тұрған ересектердің ішінде 16 адамның бүйректері істен шығып, гемодиализдік ем қабылдайды.

Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен есепте тұрған науқастарға бекітілген заңнама аясында барлық жағдайды жасаймыз. Науқасты емханадағы жалпы тәжірибелік дәрігер өз бақылауында ұстайды. Үш ай сайын тиісті медициналық тексерістер жүргізіледі. Қажет болған жағдайда облыс орталығындағы нефролог-дәрігерге жолданады. Сонымен бірге медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде диспансерлік есепте тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмектер, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында орналасқан ауруханаларда оңалтуға жолдама беріледі, — деді Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Сүгіров.

Ал Ембі аудандық ауруханасының дәрігері Нұрсәуле Серікқалиқызы Ембі аумағында бүйрек жеткіліксіздігімен 11 адамның диспансерлік есепте тұрғанын айтты. Оның ішінде 8- і гемодиализ аппаратының көмегіне зәру. Науқастар бүгінде Ақтөбе және Қандыағаш қалаларындағы гемодиализ орталықтарына барып ем қабылдайды. «Шапағат» жекеменшік ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаев бүгінде өзі басқарып отырған ауруханада жалпы саны 18 адам созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бойынша диспансерлік есепте тұрғанын айтты. Оның 6-ауы гемодиализ аппаратына тәуелді екен.

Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі тек қана аудан, облыс аумағында емес, ел бойынша күрделі мәселе болып отыр. Нефролог мамандар да тапшы. Аудандардың көпшілігінде нефролог-дәрігерлер мүлдем жоқ деуге болады. Бүгінде ел бойынша нефрологияға қатысты кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде трансплантацияға ерекше мән қойылуда, — деді Аманжол Шүнгүлұлы.

«ЖАСАНДЫ БҮЙРЕК» – ЖАЛҒЫЗ КӨМЕК

Мақала дайындау барысында аудан орталығында орналасқан «Medlife+» медициналық гемодиализ орталығына бас сұқтық. 2021 жылы ашылған орталыққа нефролог-дәрігер Олег Хан басшылық етеді. Оның сөзінше, соңғы жылдары созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан науқастардың қатары көбейген. Аталған орталыққа бүгінде жалпы саны 30-дан астам науқас жүгініп, ем қабылдайды. Орталық Nipro деп аталатын ең озық жапондық медициналық құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда жалпы саны 12 қызметкер науқастарға үш ауысым бойынша қызмет көрсетеді.

Біздің орталыққа науқастар Қандыағаш, Ембі қалаларынан, Сағашилі, Жұрын ауылдарынан және Байғанин, Темір аудандарынан келеді. Емделушілердің барлығы дерлік 5- ші сатыдағы ауыр науқастар, яғни екі бүйрегі де жұмыс жасамайды. Сол себепті де олар аптасына үш мәрте 4 сағаттық гемодиализдік ем қабылдауға мәжбүр. Олардың жас ерекшеліктері де әр түрлі. Ең кішісінің жасы бүгінде 16 жаста. Біз науқастарға барынша жағдай жасауға тырысамыз. Олардың орталыққа келіп-кетуі үшін транспорт қарастырылған. Сонымен бірге орталықта буфет ұйымдастырылған. Тапсырыс арқылы ыстық тамақпен қамтамасыз етеміз, — деді дәрігер Олег Валентинұлы.

САУ БҮЙРЕК ТӘУЛІГІНЕ 1500 ЛИТР ҚАНДЫ СҮЗГІДЕН ӨТКІЗЕДІ

Бүйрек — зәр шығарып, оны несеп жолдары арқылы сыртқа шығаратын ағзадағы маңызды мүше екені белгілі. Бүйректің қызметі ағзадағы зат алмасу кезінде пайда болған сұйықтық пен токсиндерді сүзгіден өткізіп, қанды тазалап, зәрмен бірге сыртқа шығарады.

Адам ағзасында бүйректің алар орны ерекше. Бүйрек күніне 24 сағат артық сұйықтық пен зат алмасудан қалған токсиндерді сыртқа шығарып отырады. Ден сауадамның бүйрегі тәулігіне қанды 300 рет тазалай алады. Яғни, орташа есеппен 1500 литр қан әр күн сайын бүйрек арқылы өтіп тұрады. Бұл аурудың риск-факторі — көбінесе бұл жоғары қан қысымы. Егер адамда жоғары қан қысымы болған жағдайда оны бақылап, алдын-алмаса, 10-15 жылдан кейін бүйрек ауруына алып келуі әбден мүмкін. Әр адам жылына бір мәрте жалпымедициналық тексерістен өтіп тұрғандары абзал. Қаншалы қты ерте диагноз қойылса, оның соңғы сатысына жібермеу мүмкіндігі өте жоғары, — деді нефролог дәрігер.

Оның сөзінше, көп адамдар ісіну, бас ауруы мен шаршау секілді белгілерге аса мән бере бермейді. Ал бұл белгілер дәрігерге көрінудің алғашқы дабылы екен.

Бүйрек аурулары көбінесе білінбей жүріп, пайда болады. Алайда, басымы сол белгілердің несеп-жыныс жүйесіне тікелей қатысы барына назар аудара бермейді. Бүйрек ауырып бастағанда зәрде көбік пайда болады. Зәрдің түсі өзгереді. Ол алқызыл, қызыл және қоңыр болуы әбден мүмкін. Бүйректегі тастан немесе несеп шығару жүйесіндегі инфекциядан зәр тұнық болмайды. Сонымен бірге созылмалы шаршау мен әлсіздік, бастың ауруы немесе айналуы, жүректің айнуы мен лоқсу, кіші дәретке жиі бару, барлығы бүйрек ауруының белгілері болып табылады. Сондай-ақ адам денесінде ісіктің пайда болуы өте қауіпті. Бүйрегі ауыратын адамдардың терісі құрғақ, жиі қышитын болады. Бұл — қандағы құнарлы заттар мен минералдар тепетеңдікті сақтай алмауы, токсиндер мен артық сұйықтықты сыртқа шығару кезінде мәселелерге тап болуы, — деді дәрігер.

Созылмалы бүйрек ауруына алып келетін басты белгілердің бірі — артериялы қысымның лезде көтерілуі. Бұл бүйрек жұмысының жүйелі еместігін білдіреді. Олег Хан жоғарыда аталған белгілерді байқаған жағдайда дәрігерге көрініп, қан мен зәрді сараптамадан өткізгені дұрыс деп есептейді.

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН САҚТАМАУ – АСҚЫНҒАН ДЕРТ

Сұхбат барысында дәрігерден адамдардың созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдығу себептерін де сұрадық. Ол ағзадағы сүзгі қызметін атқаратын бүйрекке түрлі инфекциялар, созылмалы дерттер, нашар экологиялық ахуал, дәрілер, тағамдық токсиндер, темекі тарту, алкоголь, салауатты өмір салтын сақтамаудың барлығы да теріс әсерін тигізетінін тілге тиек етіп, сақтану шараларын нақтылап айтып берді.

Адамдар алдымен дұрыс тамақтануы керек. Сондықтан рационнан қақталған, ащы, қуырылған тағамдарды алып тастап, сәбіз, алма, тәтті бұрыш, асқабақ, шпинат пен басқа да көкөністерді көбірек енгізгені дұрыс. Күн сайын 1,5-2 л су ішу де маңызды. Алайда, суды бірден көп мөлшерде ішпей, түнгі уақытта аз қабылдаған жөн. Ал созылмалы бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқас өзін қатаң бақылауда ұстағаны абзал. Көпшілік орындарға бармай, кез келген тамақты тұтынбай, өзін сақтауы қажет. Тіпті, зиянды әсері болмайды деген дәрілердің өзін бүйрек жақтырмай қалуы мүмкін. Сол себепті, бүйрек сыр берген сәтте дәрігерге барып, жүйелі емдік шаралардан өтіп, тағайындаған препараттарды ғана ішкен дұрыс, — деді ол.

КЕЗЕК КӨП, ДОНОР ТАПШЫ

Сөз басында бүйрек трансплантациясын қажет ететін 3000-нан аса қазақстандықтың 30-дан астамы мұғалжарлық екенін айтқан едік. Міне осы адамдардың барлығы бүйрекке зәру. Бірақ донор тапшы. Ауданның медицина саласында 50 жылдан астам уақыт қызмет атқарып, түрлі тақырыпта ғылыми жобалар қорғаған дәрігер Аманжол Адаев елде мәйіттік трансплантацияны дамытуға бағытталған бірқатар шаралардың қолға алынып жатқанын жеткізді. Дегенмен адам өмірін қорғауға бағытталған бұл шараның кенжелеп тұрғанын да жасырмады.

Бүгінде донор табу және трансплантация өзекті мәселе болып отыр. Бір адамның донор болуы туралы шешімі келесі адамды құтқарып қалуы мүмкін. Бірақ бұл сол адамның мүгедектігіне алып келеді. Қауіп өте жоғары. Бұл мәселені шешудің жолы – мәйіттік донор. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі де жолға қойылмай келеді. Мидың өлімі болғанына көз жеткізсе де, ағзасын алуға жақындары келісім бере бермейді. Осы мәселені елімізге белгілі дәрігер Жақсылық Досқалиев үнемі көтеріп келеді. Егер мемлекет назар аударса, мәйіттік донорлар көбейіп, күту парағында тұрған науқастарға қолдау болар еді, — деді Аманжол Адаев.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде транспланттау оталары 2012 жылдан бері жасалып келеді. Сол уақыттан бері 2023 жылдың тамызына дейін барлығы 2475 трансплантация жасалған. Оның 83,4%-ы тірі донорлардан жасалса, 16,6 пайызы қайтыс болған донорлардан алынған. Жалпы трансплантацияның 1833-і бүйрекке, 472-і бауырға, 90-ы жүрекке, 19-ы өкпеге, 2-еуі ұйқы безге, 59-ы көздің қасаң қабығына жасалған.

Ал нефролог Олег Хан өз тәжірибесінде екі науқасқа туысқандық донор бойынша бүйрек ауыстыру отасы жасалғанын айтты. Бүгінде науқастардың жағдайы жақсы, бақылауда екен.

Бүйрек ауыстыру — өте күрделі ота. Науқас отадан кейін ұзақ уақыт бақылауда болып, тескеріліп отыруы керек. Менде емделген екі науқасқа бүйрек ауыстыру операциясы жасалды. Оларға қатаң күтім қажет. Операциядан кейін науқас иммунитетті төмендетіп отыратын түрлі препараттар қабылдайды. Себебі науқастың ағзасы сырттан келген органды қабылдап, үйренуі қажет. Егер науқастың иммунитеті көтерілсе, ауыстырылған ағзаны кері тебу процесі жүреді. Сондықтан сақтық шараларын ұстанып, дәрілерді уақытында ішіп, барынша күтінгені жөн, — деді дәрігер.

Қазіргі таңда бүйрек ауыстыру операциясын ақтөбелік дәрігерлер де жасайды. Ресми деректерге сүйенсек, осы жылы облыс бойынша 6 адамға бүйрек ауыстыру отасы жасалған. Ал облыс бойынша 400-ден астам адам донорды қажет етеді.

ТҮЙІН: Осыдан бірнеше жыл бұрын редакцияға 19 жастағы Гаухардың анасы Сәния хабарласып, қызының бүйрегін ауыстыру керектігін айтып, көмек сұраған еді. Мақала жарыққа шыққаннан кейін ақтөбелік дәрігерлер Гаухарға тиісті отаны жасап, туысқандық донор бойынша бүйрегін ауыстырды. Сол кезде барша мұғалжарлық Гаухар үшін қуанды. Cол секілді «жасанды бүйрекке» телмірген жабырқау жандардың жалғыз үміті донор мәселесі шешіліп, үміттері ақталса игі…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЕКПЕ АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

admin_mugalzhar

УАҚЫТЫЛЫ ЕКПЕ АЛУ МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

ТАЗАЛЫҚ СІЗ БЕН БІЗ ДЕН БАСТАЛАДЫ…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.