«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕРІКТІЛІК — ЕРМЕК ЕМЕС, ЕРЛІК ІС

2020 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Еріктілер жылы” деп жариялаған еді. Әлемді әбігерге салып, елдің үрейін алған қауіпті індет кезінде ел игілігі үшін құрылған ұйымдардың басымы бүгін де ізгі ісін жалғастырып келеді. Жақсылықта жарысқан жандардың қатары көбеймесе, азаймағаны көңілге шүкір ұялатады. Жуырда ғана Халықаралық Еріктілер күніне орай, Ақтөбе қаласында “Облыстық жастар сыйлығы -2023” тақырыбында үлкен шара өтіп, сый-құрметке толы кездесуде қайырымды мұғалжарлықтардың есімі ерекше аталды. Олардың арасында жүрегіне мейірім түйіп, айналасына шуағын шашқан жерлес жастар да, арнайы ашылған топтар да, қайырымдылық қорлары да бар.

«Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» дейтін халықпыз. Десе де бұл жандар бергенін айқайлап айтпаса да, шарапатын көрген, көмегін алған, жылуына жылынған жандар бар, куәгерлер көп. Олар туралы айту, көпке үлгі ету — жақсылықпен пара пар. Осындай болсам дегендердің қатарын көбейтер деген үміт те жоқ емес. Сонымен, бүгінгі мақалада аудан аумағында игі іспен айналысып жүрген бірқатар қайырымды жандар мен топ жетекшілерін әңгімеге тарттық.

«Ізгі қаланың» игі істері

Жоғарыда аталған шарада есімі ерекше аталған, қандыағаштықтарға жақсы таныс «Ізгі қала» волотерлер тобы қашан да қайырымдылыққа жақын жүреді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік волонтерлық топ» атанған «ізгіқалалықтардың» арасында орда бұзар жастағы жандардан бастап, орта буынға енді аяқ басқан мектеп оқушылары да бар. Өздерін қандыағаштық топ десе де, ізгі істері ауданға тарап жатқан жастардың қашан да жақсылық жасауға асығып жүргенін көруге болады. Оған өзіміз де куәміз. Олай дейтініміз, өзіміздің арамыздағы әріптесіміз, газеттің фото-тілшісі Зайырбек Есенжолов топтағы өзінен үлкендерге көмекші, кішілерге жол бастаушы болып жүрген топ жетекшілерінің бірі. Шүпірлеген балаларды жанына жиып, үнемі мұқтаж жанға қол көмегін көрсетуге асығып бара жатқанын, немесе қайырымдылыққа аз да болса қаржы жинап, игі іске бастама болып жүргенін көреміз. Іні-қарындастарын жақсы іске баулып жүрген әріптесіміз өткен жылы “Жыл адамы-2022” аталымымен марапатталды. Құрылғандарына 3 жылдан аса уақыт өтсе де құрамы тарамай, қайта толығып жатқанын, топқа кіруге ниетті жасөспірімдердің көп екенін айтады ол.

”Ізгі қала” волонтерлік тобы 2020 жылдың 15 қарашасында құрылды. Әуелден ойда болған топтың күнін instagram әлеуметтік желісінде парақшамызды ресми түрде ашқан сәтімізбен байланыстырдық. Бастапқыда атау таңдауда түрлі ұсыныстар болды. “Қандыағаш көмек” деп аталған топ атауын кейін “Ізгі қала” деп ауыстырдық. Біздің басты мақсатымыз да сол, әлеуметтік желі арқылы тұрғындарымыз бен оқырмандарымыздың арасында байланыс орната отырып, қоғамға қызмет көрсету. Алғашқы уақытта парақша арқылы тұрғындар өздерінен артылған затты тегін беріп, қажет еткендері керек заттарын алып отырды. Әлеуметтік желіде оқырмандарымыздың саны артып, қолдау көрсетіп жатқандарын көргендіктен, бізде де ілгері жылжу болды. Тобымызға әр саладан азаматтар қосыла бастады. Түрлі саладан тоғысқандықтан әртүрлі идеялар келіп, игі істер атқару барысында жаңа адамдармен танысып, тобымыздың қатары күннен күнге көбейіп келеді. Қазіргі таңда бізде екі топ бар. Бірі ересектер арасындағы еріктілер тобы болса, бірі мектеп жасындағы оқушылардан құралған топ. Бәрі ерікті түрде жақсылық жасауға асығып, көмек көрсетсем екен деген ниетпен, атааналарының рұқсатымен тобымызға қосылып жатыр. Бұл жерде тобымыздың құрамындағы мектеп оқушыларының атааналарына да алғысымыз шексіз, олардың қолдауы ерекше. Балаларының осындай жақсы істе жүруіне байланысты ата-аналардың өздері де жақсылыққа ұмтылып, қайырымдылық жәрмеңкелерінде ыстықтай ас-суларын дайындап, сатуға көмектесіп, үстіне ақшаларын да қосып, қолдау білдіріп отырады. Бір нәрсе анық, орта өзгермей, қоғам да түзелмейді. Міне, осындай шағын топ, ұйым, орта жақсы жаққа бет алса, түгел қоғам жақсылыққа ұмтылар еді, — деді топ жетекшісі Зайырбек.

Топ мүшелері игі істен бөлек, бос уақытты тиімді пайдалану үшін сергіту шараларын да жиі өткізіп, табиғат аясына шыққанды әдетке айналдырған. Көптеген жағдайы төмен, асыраушысы жоқ отбасыларды азық-түлікпен қамтып, жалдамалы пәтерінің ақысын төлеуге үлес қосып, үйлерін жөндеуге атсалысып жүрген топ ірі істерді де қолға алады. Оны өздері айтпаса да, әлеуметтік желіде көзі қырағы көрермен көріп жүр. Жазы мен қысына қарамай, төрт отбасының пәтерін күрделі жөндеуден өткізіп, Сағашилі ауылындағы жалғызбасты ананың жер үйіне жылу жүйесін жүргізген де осы жастар. Қыс мезгілінде топ бастамасымен қолға алынған әр жұма сайын “тегін такси” қызмет-жобасы көптің ыстық ықыласына бөленді. Қаланың тазалық жұмыстарына да көмектесіп, жалғыз басты қарттардың үйлері мен мешіт іштерін тазалауды, қар аршуды, басқа да ұсақ-түйек үй шаруаларын жасауды жас волонтерлер әдеттегі істеріне айналдырған. Жаз мезгілінде саябаққа, қыста аудандық Жастар ресурстық орталығының бір бөлмесіне тегін үстел теннисін орнатып, қала жастарына ойнауға мүмкіндік жасайды. Кей кездері отбасылардың тұрмысына қажетті заттарды да тұрғындар атынан сыйға тартып қуантатындары тағы бар. Сауда дүкендерінде “Ізгі сөресін” қойып, қайырымдылық жасаймын деген жандар сол жерге азықтүлік қалдырып, оны мұқтаж жандардың алуына да мүмкіндік жасады. Жаңа оқу жылы кезінде де оқушыларға мектепке қажетті оқу-құралдар алып, көмек көрсетіп келеді. Науқас жанның еміне қажетті қаражатты жинауға атсалысу үшін қайырымды топ арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырып, түрлі мерекелерде балалардың, тұрғындардың көңіл-күйін көтеру мақсатында сыйлықтар тартудан жалықпайды. Бүгінде игі істеріне аудан кәсіпкерлерін де тартып, байланыс орнатып, көмек жасаудың мүм-кіндігін кеңейтіп келеді.

2022 жылы тобымыз «Аудандық белсенді топ» деген аталыммен марапатталды. Биылғы жылы облыс бойынша “Ең үздік волонтерлік топ” ретінде облыс әкімі А.Шахаровтың Алғыс хатын алдық. Әрине, біздің мақсатымыз марапат жинау емес, қоғамға барынша жақсы қызмет жасап, артымыздан ізгі із қалдыру. Жаны жайсаң жақсылардың басын бір арнаға тоғыстырып, жұмыла қызмет ету. Қандыағашты қайырымды қала ретінде таныту, қаламызды мейірімділердің ордасына айналдыру, — дейді волонтер Зайырбек.

«Мейірімді жүрек жылуы» — мейірім сыйлап келеді

Қайырымдылық жасауды ниет еткен қор жетекшісі Ерболат Есмұханов бұл істі 2011 жылдан бастап қолға алған.

Бастапқыда қайырымдылыққа шақыру, көпті тарту оңай болмады, ол кезде бұл таңсық дүние еді. Дегенмен аз-аздап болса да жұмыстанып жүрдім. Кейін 2013 жылы аудандық Мүгедектер қоғамының төрағалығына сайланғаннан кейін арнайы «Мейірімді жүрек жылуы» деп аталатын қайырымдылық қорын аштым. Алғашқы уақытта ол мектепішілік деңгейде болды. Яғни қайырымдылық шараларына көбіне жас мұғалімдер мен оқушылар тартылатын. Бірінші кезекте мүгедектігі бар жандарға көмек көрсетуді мақсат тұтқан қорды 2021 жылы ресми түрде тіркеп, қатарымызды ересектермен толықтырып, жұмысқа қызу кірістік, — дейді қор басшысы Ерболат Серікқалиұлы.

Ол қоғамнан алшақтап қалған мүгедек жандарды ортаға бейімдеп, қоғаммен араластыру үшін түрлі ісшаралар ұйымдастырып тұратынын жеткізді.

Жеке қайырымдылық қорын ашқандағы мақсаттарымыздың бірі — әлеуметтік тегін дүкен ашу болған. Бүгінде мақсатымыз орындалып, «Жастық» мөлтек ауданынан аталған дүкенімізді аштық. Ол жерде мүгедектігі бар бір адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Біз қала тұрғындарынан киюге жарамды немесе киілмей қалған түрлі киім-кешектерді қабылдап аламыз. Оларды әрбір айдың 25-і күні мұқтаж жандарға таратып береміз. «Құрбан айт» мерекелерінде түрлі акциялар ұйымдастырып, тегін шаштараз күнін өткіземіз. Екі айда бір рет мұқтаж отбасы мүшелерінің шашын тегін алып береміз. Оған өзімнің бұрыннан келе жатқан таныс достарым демеушілік жасайды. Сонымен бірге Қандығаш қаласында алты жерге әлеуметтік нысан иесінің рұқсатымен қайырымдылық жәшіктерін орналастырған едік. Оны биыл белгілі бір себептерге байланысты алдырып тастадым. Аталған жәшіктерге жиналған қаржымен әлеуметтік дүкеніміз орналасқан жердің жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерін, өзге де шығындарын төлейтінбіз. Ол жәшіктерге көп қаржы жиналмайды да. Кейде жоғарыда аталған шығындарымызды жабуға да жетпей қалады, — деді ол.

Өзі жетекшілік жасап, қайырымдылықты қолға алғаннан бері 500-600-ден аса ірілі-ұсақты іс-шара өткізгенін де тілге тиек етті. Апат кездерінде зардап шеккен республикамыздың түкпір-түкпіріндегі қалаларға, атап айтсақ, Мақтаарал, Екібастұз аудандарына да Қандыағаш тұрғындарынан қаражат пен еріктілерді жинап, керек кезде қол көмегін беруге барғандарын да баяндады.

Аталған қор жетекшісі республикалық «Харекет» қорының да аудандағы жұмыстарымен айналысады. Оның айтуынша, «Харекет» қоры арқылы осы уақытқа дейін тұрғын үйге мұқтаж 10-нан астам мұғалжарлық үйлі болған.

Ерікті мүгедектер қоғамы – ерекшежандарға арналған

Ауданда мүгедектігі бар жандардың басын біріктіріп, түрлі қайырымдылық шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болып жүрген аудандық «Ерікті мүгедектер қоғамының» төрайымы Әлия Умарованың айтуынша, аудан жастары қайырымдылық шараларына белсенді қатысады. Бұл қоғамның құрамында мүгедектігі бар жандар жұмыс жасайды. Бірі іс тігіп, түрлі бұйымдар дайындаса, енді бірі компьютерде түрлі дизайн меңгеріп, мерекелік шақыртулар мен ашық хаттар, естелікке арналған түрлі сыйлықтар жасап шығарады.

-Біз қоғам атынан үш жерге қайырымдылық жәшіктерін орналастырдық. Әр үш ай сайын жәшіктерді жинап, ондағы жиналған қаржыны қоғам мүшелерімен бірлесе отырып санаймыз. Сосын оның қайда жұмсалатынын бірге анықтаймыз. Жәшіктерге қомақты қаржы жиналады деп айта алмаймын. Сол себепті қайырымдылық ісшараларын ұйымдастыру үшін сырттан демеушілік іздейміз. Қайырымдылық шараларына алыс-жақын шетелдерден де қаржы аударылып тұрады. Ол қаржыны мақсатты түрде көмекке мұқтаж адамдарға азықтүлік ретінде таратамыз, еміне, басқа қажеттілігіне береміз, — деді Әлия Умарова.

«Мейірімге» мұңын айтатындар көп

«Мейірім» қайырымдылық тобының ашылғанына 5 жылдай болды. Өзім заңгер және медиатор болғандықтан, қабылдауға адамдар көп келеді. Арасында ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар да бар. Ал оларға керегі көңіл бөлу, сырласып, әңгіме-дүкен құру ғана. Қазіргі кезде адами құндылық, ауызбіршілік, сағыныш, мейірімділік азайып бара жатқандай, құдды. Заманның ағымына ілесемін деп жанталасқан жұрттың бойларындағы осы қасиеттерін көрсетуге де, айналасына жылу шашуға да уақыттары жоқтай… Сол себепті де кей адамдар ішкі мұңдарын кімге айтарын білмей, түрлі қиындыққа тап болып жатады. Оның үстіне отбасына түсетін табыс көзінің мардымсыздығы да, қымбатшылық пен қарыздың екі бүйректен қысып бара жатқаны да әйел затын қинап жіберетіні тағы бар. Осындай сәтте маған «неге қайырымдылық тобын ашпасқа? Ең болмаса сырласу шәйін ұйымдастырайын. Материалдық тұрғыдан көмектесе алмасам да, көңілімді бөлейін” деген ой келді. Сол кезде мені құптайтын адамдар да жеткілікті болып, қайырымдылық тобын аштық. Бұл қайырымдылық тобында бүгінде 300-ге жуық адам бар. Бәрі де бір-біріне қажет кезде көмектерін беріп, уақыттарын бөліп, мейірімін төгіп, жанашырлық танытып келеді. Бес жылдың ішінде көмекке мұқтаж жандарға барынша қол созып, мүмкіндігі шектеулі және төсек тартып жатып қалған жандарға массаж жасайтын аппарат, матрас, азықтүліктер, киім-кешектер, аяқ киімдер, жиһаздар, тұрмыстық техникалар, жалпы адамға өмір сүруге қажетті дүниелерді барымызша тегін таратып келеміз. Ол заттарды топ мүшелері немесе қайырымды жандар өздері хабарласып, тегін әкеп беріп жатады, — деді топ жетекшісі Гүлзия Иманбаева.

«Мейірімге» мұңын айтып келетіндердің қарасы көп, келу себептері де әр түрлі

— Кейбір айы-күні жақындап отырған келіншектер келіп, «менің жағдайым келмейді, ешқандай заттарым дайын емес, ақша жоқ, перзентханадан алып шығуға көмектеріңізді беріңіздерші» деп келетіндер де бар. Қандыағаш тұрмақ, Ақтөбеден де анасы мен баласын шығарып алып келген кездер болды. Апта сайын кез келген үлкендер мен жастар кеңсеге келіп, шәй ішіп, бір-бірімен танысып отырады, сырласады, дос пен құрбы табады. Кеңседе жиналған киім-кешектерді және басқа да дүниелерді алуға келгендерден біз құжаттар сұрамаймыз. Себебі бұл жерге отбасында қиындықтар туған жандар ғана келеді. Дегенмен әрине, расымен мұқтаж екеніне көз жеткіземіз. Бір-бірінен естіп, тіпті, өз ауданымыздың ауылдарынан бөлек, Темір, Байғанин аудандарынан, Ақтөбе қаласынан келіп, кеңседен көмек сұрайтындар мен қажеттерін алатындар да болды, — дейді ол.

Жүректің қалауымен қолға алған бұл іс кейде өз бойында да ауырлық тудыратынын жасырмады топ жетекшісі. Себебі түрлі тағдырды есту, барынша көмектесуге тырысу барысында қолбайлау болатын түрлі жағдайлар, шарасыздық – бастаған істі тастауға да үгіттейтіні бар. «Бірақ жағдайы жоқ, мұңы басым жан есік қағып, көмек сұрағанда, «жоқ» деп айтуға дәтің бармайды екен. Мұқтаждардың сұранысы біздің әрі қарай жұмыстануымызға күш береді», — дейді «Мейірімнің» мейірімді жетекшісі.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Ұлттық санақ: ӘР АДАМ МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

Бірінші сынып оқушыларына қыста қосымша демалыс беріледі

admin_mugalzhar

ТАЗАЛЫҚ – ТАЗАЛАНҒАН ЖЕРДЕ ЕМЕС, ТАЗАЛЫҚ САҚТАЛҒАН ЖЕРДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.