«МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫНА №4 ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАЛЫҚ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 9-СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ КЕЛІП, ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫМЕН, ГАЗЕТ ШЫҒАРУ ІСІМЕН ТАНЫСТЫ.
Аталған мектептің кәсіптік бағдар берушісі Арайлым Жоламан бұл кездесудің мақсаты — оқушылардың болашақ мамандығын дұрыс таңдауға, бағыт-бағдар беруге көмектесу екенін айтты. Оқушылар алдымен газет редакциясының ұжымымен танысып, ғасырға жуық тарихы бар аудандық газеттің тағылымды тарихымен, бүгінгі тынысымен танысты.
Журналистер мақала дайындау барысында ақпарат көздерін қайдан, қалай алатындарын айтып, оқырмандарға нақты ақпарат беру үшін көп ізденетіндерін жеткізді. Ал дизайнер әрі фототілші Зайырбек Есенжолов арнайы бағдарлама арқылы жасалатын газет макетімен таныстырып, дизайнның жасалу барысын көрсетіп, фотолардың түсірілу және өңделуі туралы мағлұмат беріп өтті. Осылай аудандық газеттің оқырманға жетер жолындағы бір бөлігімен танысқан оқушылар журналистерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Н.ТІЛЕП