«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАНДЫАҒАШ: АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫНДА

ӨТКЕН АПТАДА ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ М.А. ЖАНДОС ҚҰЛБАЕВ ОСЫ ЖЫЛДЫҢ 6 АЙДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ. ҚАЛА БОЙЫНША ТӨРТ ЖЕРДЕ ӨТКІЗІЛГЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУГЕ АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ ҚАТЫСТЫ. АТАЛҒАН КЕЗДЕСУЛЕРДЕ СОҢҒЫ АЛТЫ АЙДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫСТАР ТУРАЛЫ БАЯНДАМА ЖАСАҒАН ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ ЖАНДОС ҚҰЛБАЕВ БҮГІНДЕ ҚАЛА АУМАҒЫНДА ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРҒА ТОҚТАЛЫП, АЛДАҒЫ УАҚЫТҚА ҚҰРЫЛҒАН ЖОСПАРЛАРМЕН БӨЛІСТІ. ТОЛЫҒЫРАҚ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…

ҚАЛА ЖОЛДАРЫН ЖӨНДЕУ – ЖОСПАРДА

Тұрғындармен кездесу барысында Жандос Құлбаев қалаішілік жолдардың жалпы ұзындығы 104,9 шақырымды құрайтын 5 мөлтек аудан және 64 көше барын айтты. Оның ішінде 41 қарапайым көшенің жалпы ұзындығы — 64,9 шақырым. Ал асфальт жабындысы салынған 23 көшенің ұзындығы — 40 км. Қазіргі таңда 9 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. — О.Өмірбаев және Б.Майлин көшесіндегі автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жасалады. Бұл жұмыстарға бюджеттен 151 млн 507 мың теңге бөлінді. Сонымен бірге І.Жансүгіров және К.Ахметов, Теректі көшелері қайта жаңғыртылады. Бұл жұмыстардың барлығын «Гарант Строй Астана» ЖШС-і жүргізеді. Ал Е.Баймұхамбетов, Есет Көтібарұлы, Алтынды көшелері мен «Жеңіс» даңғылындағы автомобиль жолдарын қайта жаңғырту үшін қомақты қаржы бөлініп, конкурс жарияланды.

Мердігер мекемелер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы осы жылдың шілде айында анықталады, — деді Жандос Құлбаев. Оның сөзінше, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен «Самал» мөлтек ауданы №7,8 кварталдағы, «Достық» мөлтек ауданындағы, «Елек» тұйығындағы автомобиль жолын салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Бүгінде бұл жұмыстарға бюджеттен қаржының бөлінуі күтілуде.

Қазіргі таңда «Самал», «Болашақ» мөлтек аудандарына, Б.Момышұлы, Астана, Алматы, М.Анешов, Жем, Жаңа талап, Н.Орынбасаров, Бейбітшілік, Көктөбе, Еңбекту көшелеріне автомобиль жолының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Сонымен бірге «Жаңақоныс» шағын ауданына автомобиль жолын салу үшін Б.Монашев есімді азамат демеушілікпен жобалық-сметалық құжаттарын жасап беруде. Ал алдағы уақытта Байғанин, Есет-Батыр, А.Қалиев, Ж.Жабаев көшелерін орташа жөндеу үшін жобалық құжаттар дайындалады, — деді ол.

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАСЫН ЖӨНДЕУ ЖАЛҒАСАДЫ

Жиын барысында қала әкімінің міндетін атқарушы Жандос Құлбаев қаладағы кіре-беріс жолдар мен автотұрақ құрылысын жүгізуге қаражат бөлінгенін баяндап, құрылыс жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Оның баяндамасында «Жастық» мөлтек ауданы №23, 24 көпқабатты тұрғын үйлердің кіре-беріс жолының жасалғаны белгілі болды. Бұл жұмысты «Қалау+» ЖШС-і жүргізген. Сонымен бірге Ж.Жабаев көшесінде орналасқан аудандық кірістер басқармасы мен қала әкімдігі ғимараттарының алдына автотұрақ салынған. Бұл жұмыстарды жасау жауапкершілігін «Adai M Group» ЖШСі алған.

Бүгінде Қандыағаш қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға бірнеше жобалық-сметалық құжаттар дайындалды және сараптама қорытындысы шықты. Олар — «Достық» мөлтек ауданы №13, Ж.Жабаев көшесі №72, 73, «Жастық» мөлтек ауданы №12, 14, 15, 40, 41 көпқабатты тұрғын үйлер. Ал «Самал» мөлтек ауданы 3 квартал №114, 115, 116, Ж.Жабаев көшесі №19, №21, «Жастық» мөлтек ауданы №47, 50, 3А, 7А, Есет-батыр көшесі №12, Н.Байғанин көшесі №2/2 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда, — деді ол.

Сондай-ақ «Жастық» мөлтек ауданы №48, 49А, 49Б тұрғын үйлер мен Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінің қасынан автотұрақ және автомобиль жолының құрылысы үшін жобалық-сметалық құжат дайындалып жатқаны белгілі болды. Бұл жобаны кәсіпкер Бауыржан Алғазин демеушілікпен жасап жатыр екен.

ТЕРМО ЖАҢҒЫРТУ – ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Термо жаңғырту» бағдарламасы өз нәтижесін беріп келеді. Осы уақытқа дейін қала аумағындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары ауыстырылып, кәріз, су, жылу жүйелері жаңғыртылды. Есептік кездесу барысында аталған бағдарлама бойынша қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу үшін ұйымдастыру жұмыстарының жүргізіліп жатқаны да айтылды.

Атап айтатын болсам, “Самал” мөлтек ауданы №49, “Достық” мөлтек ауданы №20, №13, “Жастық” мөлтек ауданы №48, №49А, №39А, №40, №49Б үйлердің жобалық-сметалық құжаттары дайын, тек қаржының бөлінуін күтіп отыр. Ал «Жастық» мөлтек ауданындағы №14, Ж.Жабаев көшесі №21, №70 үйлерге жобалықсметалық құжаттар дайындалуда. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 9 мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (ОСИ) және 83 жай серіктестігі (ПТ) құрылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады, — деді Жандос Ермекұлы.

БІРҚАТАР  КӨШЕГЕ КӘРІЗ  ЖҮЙЕСІ ТАРТЫЛАДЫ

Кездесуде қала аумағында кәріз жүйесін жүргізу үшін де жұмыстардың атқарылып жатқаны белгілі болды. Айталық, “Самал” мөлтек ауданына жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын кәріз жүйесін жүргізу үшін ЖСҚ дайындалуда. Аталған құжатты «Кентавр» ЖШС-і демеушілікпен жасап жатыр екен.

-Жер үйде тұратын тұрғындар үшін кәріз жүйесі – маңызды. Қала әкімдігіне күн сайын осы мәселені көтеріп келетіндер көп. Біз бұл жұмыстарды да ақырындап жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осы жылы «Финский» мөлтек ауданындағы Р.Қошқарбаев көшесіне кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл көшеге тартылатын кәріз жүйесінің ұзындығы 850,1 метрдей болады. Жобалық — сметалық құжаттамалары дайын тұр. Жоба құны 36,1 млн теңгені құрап отыр. Қаржының бөлінуін күтіп отырмыз, — деді Жандос Құлбаев.

КӘСІПКЕРЛІКТІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙДІ

Жиын барысында қаладағы кәсіпкерлік саласының даму деңгейі де айтылды. Жыл сайын қалаға келушілердің қатары артып, соған сай кәсіпкерліктің де тынысы ашылған. Бүгінде қала бойынша жалпы саны 3000-нан астам кәсіпкер тіркеліп, 6000-нан астам адам осы салада еңбек етуде. Жандос Құлбаев қаладағы кәсіпкерлік саласының дамуына мемлекеттік түрлі бағдарламалардың да өз септігін тигізіп жатқанын жеткізді.

Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы көп адамдардың кәсіп ашып, оны дамытуына үлкен мүмкіндік болуда. Соңғы алты айда аталған бағдарламамен несие алуға 26 адам өтініш беріп, 9 адам жеңілдетілген несиеге ие болды. Олар қазір кәсіптерінің көкжиегін кеңейтуде. Ал 15 адамның өтініші облыстық ауылшаршылық корпорациясында қаралуда, — деді ол.

Қала бойынша 486 адам «Бизнес бастау» бағдарламасын оқып, кәсіпкерлік білім алып, сертификаттарға ие болған. Ал қайтарымсыз грантты 21 адам жеңіп алған.

СҰРАҚ-ЖАУАП

Қандыағаш қаласы №45 үй тұрғыны: ЗИЯНКЕСТЕР ҮЙІМІЗДІ ЖАЙЛАП КЕТТІ

Мен «Жастық» мөлтек ауданы №45 үйдің тұрғынымын. Төртінші қабатта тұрамын. Біз тұратын көпқабатты тұрғын үйдің ауа сорғыш жүйелерінің іші санитариялық талапқа сай келмейді. Ашығын айтсақ, ауа сорғыш жүйелерінен түрлі зиянкестер шығып, балаларымыз түгілі өзіміздің зәремізді ұшыруда. Үйге қонуды айтпағанда, отыру мүмкін болмай отыр. Зиянкестер балаларымызды шағып, не болмаса құлағына кіріп, кесірін тигізе ме деп қорқамыз. Зиянкестерден тазарту жұмыстарын кім жүргізеді? Ол кімнің жауапкершілігіне алынған?

Жандос ҚҰЛБАЕВ, қала әкімінің міндетін атқарушы: Көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау жұмыстарын мүліктің меншік иелерінің бірлестігі атқарады. Оған қалалық әкімдік мамандары жауап бермейді. Сіз бен сіздің үйге қызмет көрсететін мүліктің меншік иелерінің бірлестігі арасында келісімшарт болуы керек. Келісімшартта сіздердің қандай қызмет алатындарыңыз туралы барлығы дерлік анық жазылады. Бірақ қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің көпшілігі мүлік-тік меншік иелері-нің бірлестігімен келісімшартқа отырған уақытта тек қана шатырын, не болмаса жертөлесін күтіп ұстауды кіргізеді. Егер сіздердің араларыңыздағы келісімшартта ауа сорғыш жүйелері көрсетілмеген болса, дезинфекциялық жұмыстарды өздеріңіз жүргізуге тура келеді. Бүгінде ақылы түрде дизенфекциялық жұмыстарды жүргізетін түрлі мекемелер бар.

Қандыағаш қаласы «Жастық» м.а. №10 үйдің тұрғыны: БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ САЛЫНСА…

Біз тұратын тұрғын үйдің ауласында балаларымызды еркін ойната алмаймыз. Мопед мінген жасөспірімдер ерсілі-қарсылы жылдамдықты асырып жүргізіп, кішкентай балалардың өміріне қауіп төндіреді. Мопед тізгіндегендерге қандай да бір шара қарастырылған ба? Үйіміздің алдынан салынған жолға жасанды жол кедергілерін салып берсеңіздер. Бұлай жалғаса берсе, қайғылы оқиға орын алуы мүмкін. Сондай-ақ балаларымыз ойнайтын балалар ойын алаңының әбден тозығы жеткен. №10 тұрғын үйдің алдына балалар ойын алаңы қашан салынады?

Жандос ҚҰЛБАЕВ, қала әкімінің міндетін атқарушы: Сіздер тұратын тұрғын үйдің алдына өткен жылы №7 үйдің ауласын абаттандырған сәтте мүмкіндікті пайдаланып, жол және автотұрақ салынды . Бірақ бұл құрылыс жұмыстарына балалар ойын алаңының кірмегені рас. Аталған жұмысты алдағы уақытта жоспарымызға қосып отырмыз. Кезең-кезеңімен салынатын болады. Ал жол кедергісін салу жұмыстарын аудандық полиция бөлімі қарап, нақты шешім айтатын болады.

Қайырғалы ӘЖІҒҰЛОВ, полиция маманы: — Мопед жүргізген жасөспірімдер тәртіп бұзған жағдайда өзі не болмаса, ата-анасы жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы сіз тұратын тұрғын үйдің алдына жол салынғаннан кейін №5 тұрғын үй жағын тұйықтап, көліктер өтпейтіндей етіп кедергі салынған болатын. Ал жасанды жол кедергісі жалпы тұрғын үйлердің аулаларына заң бойынша салынбайды.

Қала тұрғыны: ЖОЛ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Өткен жылы Ақкемер ауылына қарасты Жарық ауылы бағытына жол салынғанын білеміз. Ауылдықтар бұл жаңалыққа қатты қуанған еді. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмай, бір қысқа жетпей, салынған жол шашылып қалды. Бұған кім жауапты? Салынып жатқан жолдардың сапасын кім тексереді? Неге бақылауға алынбайды?

Дархан Ермағанбетов, аудан әкімі: Жарық ауылына баратын тас жолдың мәселесінен хабардармын. Жолдың дұрыс салынбауына байланысты жол салу жұмыстарын жүргізген мекемені сотқа бердік. Қысты күндері екі мәрте сот өтіп, біздің тарапымызға оңды шешім шығып , жұмысқа жауапты қарама — ғаны үшін мердігер мекемеге 47 млн теңге көлемінде айыппұл салды . Одан бө-лек, алдағы уақытты ол мекеме жолды толығымен дұрыстап салып беретін болады.

Мұнайшылар тұйығының тұрғыны: КӘРІЗ ҮШІН ҚАЗЫЛҒАН ЖЕРДІ КІМ ТЕГІСТЕЙДІ?

Біздің көшемізге өткен жылы кәріз құбырын жүргізу жұмыстары жүргізілді. Бірақ қазылған жер дұрыс көмілмей қалды. Енді үйімізден кіріп-шығуымыз қиындық туғызып отыр. Себебі қыс мезгілінде қар ұстайды. Көктем және күз мезгілінде, жаңбыр жауған уақытта ми батпаққа айналады. Көлік түгілі жаяу адамның жүруі мүмкін емес. Мен бүгінде үш жетім бала оқытып отырған қарт анамын. Жолдасым денсаулығына байланысты екінші топтағы мүгедек. Ауырып жедел-жәрдем не такси шақыратын болсақ, үйдің жанына келе алмайды. Біз есігіміздің алдына қиыршық тас пен топырақ төсеп, трактормен тегістеуге шамамыз келмейді. Қазіргі таңда үйімнің алдынан қазылған кәріз құдығы толып тұр. Ал оны сорғызып алуға ассенизатор көлігі кіре алмайды. Жұмыстың жасалғаны жақсы. Бірақ артын осылай жауапсыз тастап кету дұрыс емес деп ойлаймын. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.

Дархан Ермағанбетов, аудан әкімі:Біз халықтың тұрмысын жақсарту үшін барынша жұмыстанып, коммуналдық саладағы мәселелерді шешуге қаржы бөліп отырмыз. Дегенмен құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер компаниялардың кейбірі жұмысты өз деңгейінде жасамай, олқылықтар шығып жатыр. Сіздер тұратын көшенің кәріз жүйесін жасаған мердігер мекеме де жауапсыздық танытып, жұмысты толық аяқтамады. Бүгінде жұмыстың 97 пайызы ғана бітіп тұр. Бірақ біз бұл мәселені жауапсыз қалдырмау үшін жауапты мекеменің үстінен сотқа арыз түсірдік. Ал қаржысын толық төлемей отырмыз. Алдағы уақытта алдымен бұл жердің топырағын нығыздап, сосын тегістеуді жөн санаймыз. Олай жасамасақ, жер қайта түсіп кетуі мүмкін. Сондайақ асфальттау жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.

«Финский» мөлтек ауданының тұрғыны: САЯБАҚТАРДАН СӘН КЕТТІ

«Финский» мөлтек ауданынан салынған жаңа саябақ сын көтермейді. Әлі пайдалануға берілмеген бұл жерде егілген талдар қурап қалған. Көк шөптері сарғайып кеткен. Жарықшамдары сынып жатыр. Одан қалды қаңғыбас иттер өріп жүреді. Барып демалуға мүмкіндік жасалмаған. Бұл паркті күтіп-ұстау кімнің жауапкершілігіне берілді?

Абай Аймағанбетов, саябаққа жауапты кәсіпкер: Менің бұл саябақты күтіп-ұстау жауапкершілігін алғаныма екі апта болды. Саябақты күтіп-ұстау жұмыстарын енді бастап жатырмын. Менің жауапкершілігіме де жалпы саны 9 саябақты күтіп ұстау берілді. Бірақ бұл мақсатқа қаржы аз бөлінгенін айтқым келеді. Соған қарамастан, алдағы уақытта жұмыстарды жалғастыратын боламын. Осы қаланың тұрғыны болғаннан кейін менің де сіздер секілді қаламызға жаным ашиды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

UFC Макгрегор мен Порье жекпе-жек өткізетінін растады

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА 14 ҮЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР

admin_mugalzhar

Ақтөбеде «Шағала» шипажайының тәрбиешісі баланы сүлгімен ұрған

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.